АҚШ адамның бет жүзін танитын бағдарламаны жасап шығарған қытайлық компания мен Шыңжаң өлкесінде мұсылмандардың қудалануына қатысы бар делінген екі шенеунікке санкция салды.
10 желтоқсанда жарияланған шектеу шаралары Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесін 2018-2021 жылдары басқарған Шухрат Закир пен қазір осы қызметте отырған, бұрын Закирдың орынбасары болған Еркен Тунияздың АҚШ-қа баруына да тыйым салады.
АҚШ қаржы министрлігінің мәлімдемесінде Закир мен Тунияздың Шыңжаңдағы қудалау кампаниясына жетекшілік еткені, соның салдарынан өлкеде байырғы халық өкілдерінің, негізінен мұсылмандардың лагерьлерге жаппай қамалғаны жазылған.
Аймақта негізінен ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар және өзге де мұсылман топтар қысымға ұшыраған.
АҚШ қаржы министрлігі сонымен бірге жасанды интеллект саласында өнім шығаратын SenseTime Group компаниясына инвестициялық шектеу қойды. Ақпаратқа қарағанда, аталған компания Шыңжаңда биліктің тұрғындарды аңдып, бақылауда ұстауына көмектескен.
Пекин Шыңжаңдағы қудалау саясаты үшін халықаралық қауымдастық сынына ұшыраған, АҚШ әкімшілігі оның әрекетін "геноцид" деп таныған. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметінше, аймақта мұсылмандар жаппай қамалып, түрмеге отырғызылады, азапталады, әйелдерге күштеп түсік жасатады.
Қытай айыптарды жоққа шығарып, ұйғырлар мен өзге де этностар қамалған лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" деп атаған.
АҚШ Шыңжаңдағы қысымға байланысты бұған дейін де Қытайдың бірқатар мемлекеттік ведомстволары мен жекелеген тұлғаларына, компанияларына санкция салған. Батыс елдері 2022 жылы ақпанда Пекинде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына да дипломатиялық бойкот жариялады.
ПІКІРЛЕР