Брюссельде Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев маңызды келіссөз жүргізді. Кездесуді Еуроодақ ұйымдастырды. Бұл жөнінде Еуропа кеңесінің басшысы Шарль Мишель хабарлады. Үш жақты кездесу төрт сағаттан астам уақытқа созылып, 15 желтоқсанға қараған түні аяқталды. Мишельдің айтуынша, тараптар былтырғы соғыстан кейін ара-тұра туындайтын қақтығыстарды тоқтатып, мәселені дипломатиялық жолмен шешу амалдарын талқылаған.
2020 жылы күзде Армения мен Әзербайжан Таулы Қарабақ үшін соғысып, соның салдарынан екі жақты қоса алғанда 6,5 мыңнан астам адам қаза болған. Қараша айының басында Ресейдің араағайындық етуімен тараптар атысты тоқтату туралы ортақ мәлімдемеге қол қойған. Келісімге сәйкес, Армения Әзербайжанға Таулы Қарабақтағы бірнеше ауданды қайтарған. Бірақ келісімге қарамастан шекарада жиі атыс болып, тараптар бір-бірін кінәлап келеді. Халықаралық қауымдастық көрші екі елді делимитация және демаркация процесін жеделдетуге және аймақта тұрақтылық орнату үшін келісімге келуге шақырған.
Еуропа кеңесінің хабарлауынша, Әлиев пен Пашинян жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында әрі қарай да елеулі қадамдар жасап, алдағы делимитация мен демаркация жүргізу бойынша келіссөзге қолайлы жағдай жасау қажеттігін растаған. Мишельдің айтуынша, Армения мен Әзербайжан сонымен бірге екі ел арасындағы инфрақұрылымды қалпына келтіру процесін бастауға келіскен.
ПІКІРЛЕР