Accessibility links

"Жендеттер", өңештен тиген оқ және "іште қалған" шындық. Жаңаөзен куәгерлерінің естеліктері


"Жендеттердің қолынан қаза таптық". Жаңаөзен жұрты он жыл бұрынғы канды оқиғаны еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:48 0:00

"Жендеттер қолынан қаза таптық". Жаңаөзен жұрты он жыл бұрынғы қанды оқиғаны еске алды.

Алаңға ағасын іздеп барып, қан-жоса болып қайтқан бойжеткен көп ұзамай сол ағасынан айырылып, қазір жан азабы мен тұрмыс тауқыметін қатар тартып жүргенін айтады. 75 жастағы кейуана түрме азабын көріп, айықпас дерттен көз жұмған ұлын жоқтайды. Бес жыл түрме азабын көрген мұнайшы бұл сұмдықтың бәрі "ішімде қалсын" дейді. Ал өңешінен оқ тиген тағы бір мұнайшы "бұл қылмысты бәрібір ашамыз" деп кектене сөйлейді. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан жапа шеккендер мен олардың жақындарының сөзін тыңдау соншалық ауыр.

"СОЛ КЕЗДІ ӘЛІ ҚОРҚЫНЫШПЕН, ҮРЕЙМЕН ЕСКЕ АЛАМЫН"

23 жастағы жаңаөзендік бойжеткен Гүлмира Кангараева 2011 жылғы 16 желтоқсанда басқа жұртпен бірге Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтпек еді. Мереке күнгі жан түршіктірер оқиғалар тәні мен жанына айықпас жара саларын қайдан білсін.

Ағасы Қайрат Кангараев жеті айдан бері мұнайшылардың еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, алаңда тұрғандардың бірі еді. Арада екі ай өтер-өтпестен ағасынан да көз жазып қаларын білмеді.

Жаңөазен тұрғыны Гүлмира Кангараева. Маңғыстау облысы, 11 желтоқсан 2021 жыл.
Жаңөазен тұрғыны Гүлмира Кангараева. Маңғыстау облысы, 11 желтоқсан 2021 жыл.

– 16 желтоқсанда "алаңда жаман жағдай болып жатыр, адамдарды атып жатыр" деген хабарды естіп ағамды іздеп сол жерге бардым, – деген Гүлмира сол күнгі оқиғалар жайлы алғаш рет ашылып айтты. – Үйіміз алаңның дәл алдында еді. Перзентхана жақтан оқ атып келе жатқан полицейлерді көрдім. Құлап жатқан адамдар болды. Артқа қарай шегініп бара жатқанымда аяғыма оқ тиді. Тарсылдақ болар деп ойладым. Шок жағдайда болдым. Жан-жақта бәрі жанталасып жатыр. Түсінген жоқпын. Аяғыма қарасам, қан-жоса болыпты. Содан жүгіріп бара жатып құлап қалам. Бір адамдар келіп мені бір жаққа алып кетті. Құлай беремін. Біреулер көтеріп "құлама, жүр" дейді, – деп Гүлмира ауыр күрсінді.

Ол "қарапайым халық полицияға тас атты, елдің қолында өртейтін зат болды" дегенді кейін естіп қайран қалған.

– Полицейлердің атып жатқанын көрдім. Бірақ оларға қарсы жүгіріп, тас атып, өртейтін зат лақтырып жатқан ешкім болған жоқ. Ондайды көрген жоқпын. Полицейлер сол лекпен келіп атып, құлағандарын ұрып, жүрген жолын бір тегістеп кетті ғой. Кейін ол туралы видеолар да жарияланды, – дейді Гүлмира Кангараева.

2011 жылғы 11 желтоқсанда Жаңаөзенде полицияның алаңдағы қарусыз адамдарға оқ атқан сәтін түсірген әуесқой видеосы

Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу

Ол ауруханаға жеткізетін көлік табудың өзі қиынға соққанын, көшедегі адамдардың әйтеуір әупіріммен бір көлікке салып жібергенін ғана біледі.

– Машина жаралы адамға толы, отыратын жері жоқ. Аурухана іші адам айтқысыз. Айнала қанға бөккен. Адамдар екінші қабатқа келіп құлап жатыр. Медицина қызметкерлері мүлде жетіспейді, – дейді Гүлмира.

Дәрігерлер Гүлмираның екіге жарылған балтыр бұлшықетін тігіп, ауруханада орын болмаған соң үйіне жіберіпті.

Оған үкімет содан бері екі мәрте ғана көмек көрсеткен. Алдымен оқиғадан соң жараланғандар қатарында 500 мың теңге, қанды оқиғаның 1 жылдығы тұсында тағы бір мәрте 500 мың теңге берген. Үкіметтің көмегі сонымен тоқтаған. Қазір ол Жаңаөзен оқиғасынан жараланды дегендердің ресми тізіміне кірмейді.

Алаңда бейбіт ереуілде тұрған мұнайшылардың еңбек шартын жақсарту жайлы талабын сол кездегі Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевқа (сол жақта) мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева айтып тұр. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.
Алаңда бейбіт ереуілде тұрған мұнайшылардың еңбек шартын жақсарту жайлы талабын сол кездегі Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевқа (сол жақта) мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева айтып тұр. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Ал ереуілшілер қатарында жеті ай тұрған ағасы Қайрат Жаңаөзен қасіретін көтере алмады ма, 2012 жылдың ақпан айында аяқ астынан қайтыс болған. Артында үш баласымен жеңгесі қалған. Содан бері әулеттің тауқыметі артты. Мұнай компаниясы жақында ғана ағасының орнына жеңгесін жұмысқа алыпты.

Қазір Гүлмира екі баласымен және анасымен тұрады. Баспанасы жоқ. Жан жарасын да, тән жарасын да өзі емдейді. "Басқа оқ тигендер секілді шипажайға да барған емеспін" дейді ол.

– Көп қанның арасында жүрген соң болар, әліге дейін көзіме елестейді, – дейді Гүлмира.

АНАНЫҢ ЖОҚТАУЫ

– Жаным-ау, бастайын-ай,

Басыңда тұрар жас қайың-ай.

Кешегі жүрген ақ Мақсат,

Жоқтаусыз қалай тастайын-ай!

Жаңаөзен маңындағы Теңге ауылында ұлының қабірі басында 75 жастағы Оңайгүл Досмағамбетованың егіле айтқан бұл жоқтауы сай-сүйегіңді сырқыратады. Жаңаөзен оқиғасы Оңайгүлдің екі бірдей ұлын ауыр азапқа салды.

Зират басында Мақсат Досмағамбетовті жоқтап тұрған анасы Оңайгүл Досмағамбетова мен марқұмға құран бағыштауға келген адамдар. Теңге ауылы Маңғыстау облысы, 11 желтоқсан 2021 жыл.
Зират басында Мақсат Досмағамбетовті жоқтап тұрған анасы Оңайгүл Досмағамбетова мен марқұмға құран бағыштауға келген адамдар. Теңге ауылы Маңғыстау облысы, 11 желтоқсан 2021 жыл.

Ұлы Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзенде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 2012 жылы алты жылға сотталып, кейін мерзімінен бұрын босап шыққан. Бет сүйегі рагына шалдыққан ол талай азап шегіп, 2018 жылы ақпанда 36 жасында өмірден өтті.

Мақсат Досмағамбетов – 2012 жылғы Ақтауда өткен сотта түрмедегі азаптау туралы ашық мәлімдеме жасаған алғашқы адам. Сот сараптамасы оның қабырғасы, бет жақ сүйегі сынғанын анықтады. Мұнайшылар лидерінің талабынан соң қамаудағы 21 мұнайшы сотқа азаптау туралы шағым түсірген, бірақ ол қаралмады. Мақсат Досмағамбетов өмірінің соңғы сәттерінде БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне арыздануға құжаттарын дайындап жүрген еді, үлгермеді. Туыстары оның айықпас дертке шалдығуына бет сүйегінің сынғаны да, түрмедегі қысым да себеп болды деп санайды.

Оңайгүлдің тағы бір ұлы Қайрат Досмағамбетов Жаңаөзен оқиғасы кезінде шабына тиген оқтан 26 мәрте операция жасатып, мүгедектік алуға мәжбүр болған. Ұзақ жыл жұмыс сұрап жүрген оны жұмыспен қамту үшін жергілікті билік биыл ғана арнайы оқуға жіберіпті.

Бейіт басына "тәртіпсіздік ұйымдастырғандардың" қатарында сотталған мұнайшы Роза Төлетаева да барды. Мақсат Досмағамбетовпен бірге 2012 жылы жеті жылға сотталып, бес жылдан соң мерзімінен бұрын босап шыққан ол абақтыдағы азаптауды еске алды. "Қазір шағымданғанмен, ештеңе дәлелдеу мүмкін емес қой" дейді ол.

2012 жылғы сотта Роза Төлетаева полицияның оны шашынан сүйрегенін, сол кезде жұлынған бір уыс шашы қолында бар екенін, Мақсат Досмағамбетов екеуін ұрып-соққандардың аты-жөнін де білетінін ашық айтқан еді.

Мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева марқұм Мақсат Досмағамбетовтің зираты басында тұр. Маңғыстау облысы Теңге ауылы, 11 желтоқсан 2021 жыл.
Мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева марқұм Мақсат Досмағамбетовтің зираты басында тұр. Маңғыстау облысы Теңге ауылы, 11 желтоқсан 2021 жыл.

Ол түрмедегі азаптаудың көп құпиясын әлі ішінде сақтап жүр. Әлі де қудалаудан үрейленеді әрі басқа полицейлерге азаптаудың ерекше түрлерін айтып қоямын ба деп қорқады.

– Денеңе түскен жарақаттан басқа психологиялық әсердің өзі әлі күнге ұмытылмайды. Көп нәрсені білсем де қазір айтқым келмейді. Айтқанымның бәрі маған қарсы қолданылуы мүмкін. Басымнан өткенді айтып, оны полицияның кейін түрмеге түсетіндерге қолданғанын қаламаймын. Не де болса өз ішімде болсын. "Мен мынадай көрдім, мынадай көрдім" десем олар мәз болады. Келесі тағы бір адамға соны жасайды. Мен оларға ондай мүмкіндікті бермеймін де, айтпаймын да. Мүмкін өлетін кезімде айтатын шығармын, – дейді Роза Төлетаева.

Сол жерде Жаңаөзеннің тағы бір құрбаны саналатын Александр Боженконың да бейіті тұр.

20 жастағы Александр Боженко 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы бойынша айып тағылған мұнайшылардың ісі қаралған сотта тергеушілердің көрсеткен қысымынан кейін мұнайшыларға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүр болғанын мәлімдеп, сот залында олардан кешірім сұраған еді. Осыдан кейін көп ұзамай жас жігіт жұмбақ жағдайда қаза болған.
20 жастағы Александр Боженко 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы бойынша айып тағылған мұнайшылардың ісі қаралған сотта тергеушілердің көрсеткен қысымынан кейін мұнайшыларға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүр болғанын мәлімдеп, сот залында олардан кешірім сұраған еді. Осыдан кейін көп ұзамай жас жігіт жұмбақ жағдайда қаза болған.

Александр Боженко мұнайшыларды қаралау үшін қарсы куәлік беруге мәжбүрлегенін айтқан соң жұмбақ жағдайда 20 жасында көз жұмды.

– Жендеттердің қолынан қаза таптық. Жендеттердің қолынан таяқ жедік. Соның бірі осы Боженко ғой. Жаны жәннатта болсын. Мені көп нәрсе мазалайды. Бәрін уақыт шешеді ғой. Менің басымнан кешкенім баласын жоқтап аңырағандардың қасында түкке тұрмайды, – дейді Роза Төлетаева.

"ТИГЕН ОҚТАН АУЗЫ ЫРСИЫП ЖАТҚАНДАРДЫ КӨРДІК"

2011 жылғы 16 желтоқсанды еске алғанда жеті ай бойы ереуілдеткен мұнайшылардың бірі Нұрлыбек Нұрғалиевтың көзі ашу-ызаға толады. Өңешінен тиген оқ сол жақ жауырынына барып тірелген Нұрлыбек бәрібір өзін емес, басқаларды көбірек айтады.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғада өңешінен оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.
2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғада өңешінен оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.

– Өліп, тиген оқтан аузы ырсиып жатқандарды көрдік, ауыр күндерді бастан өткіздік. Оны біреу білсе, біреу білмейтін де шығар. Сүттей ұйыған талай отбасының шаңырағы ортасына түсті. Кеше немересін құшақтап жүргендер бүгін екі тізесін құшақтап қалды. Себебі артта қалған жас келіншек отыра ма, бөлек шықты, балаларын қоса әкетті. Мұны естен шығармауымыз керек, – деді ол.

Осыншама қасіретті көрген соң бұл қылмысты ашып, кінәлілерді жазалау – бізге серт дейді Нұрлыбек Нұрғалиев. "Қанша адам бізге қарсы болса да, бұл қылмысты бәрібір ашамыз" дейді ол.

Оның сөзін қоштаған тағы бір мұнайшы Мұратбай Жұмағалиев елді бірігіп шындық ашуға ат салысуға шақырды. Ол жиналғандарды Ақордаға тағы да қайта тергеуді талап еткен хат жазуды қолдауды ұсынды.

– "Бұл істі қайта қара, 37-нің сотын (Жаңаөзен жаппай тәртіпсіздік жасады деп 37 адам сотқа тартылған – ред.) қайта қара, оқ атқандардың, өлгендердің сотын қайта қара, мынау болмайды" деп билікке айтып келе жатқанымызға он жыл болды. Керісінше оқ атқандар, халықты өлтіргендер мінбеде жүр, бәрі атақ-шен, тақ алып алған. Солардың бәрі сотталуы керек. "Уақыты келгенде шешіледі" деген әңгімені қойып, қолдан келгенше қазір шешуіміз керек, – деді Мұратбай Жұмағалиев.

Жаңаөзен мен Шетпеде 2011 жылы желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері полиция жаудырған оқтан, ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тауып, 100-ге тарта адам жараланған.

"Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 37 адам сотқа тартылып, оның үшеуі толық ақталып, 21 адам шартты түрде жазаға кесілген. 13 адам 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге сотталды. "Өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен бес полицей 5 жылдан 6 жылға дейін абақтыға қамалып, кейін бәрі мерзімінен бұрын босап шыққан.

Оқи отырыңыз: "Жаңаөзен ісі" бойынша барлық мақалалар

Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар Батыс елдері Жаңаөзендегі полиция мен арнайы күштердің қатыгез іс-әрекетін сынап, Қазақстан билігінен қанды оқиғаға жол бергендерді әділ түрде анықтап, жазаға тартуды талап еткен. Биыл бірнеше қазақстандық құқық қорғаушы ұйым осы талапты қайта көтерді. Олар Жаңаөзен оқиғасына байланысты халықаралық деңгейде тәуелсіз зерттеу жүргізу туралы бастаманы қолдап, азаптау туралы шағымдарды тексеруді талап етеді. Бірақ билік "Жаңаөзен шындығы ашылмады" деген құқық қорғаушылар мен белсенділер тұжырымымен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG