Accessibility links

Қырғызстан экс-президент Асқар Ақаевқа "Құмтөр ісі" бойынша тағылған айыпты алып тастады


Асқар Ақаев
Асқар Ақаев

Қырғызстанның "Құмтөр ісі" бойынша айыпталған тұңғыш президенті Асқар Ақаевтан барлық айып алынды. Асқар Ақаев Мәкеуге ұшып кетті. Бұл жөнінде серігі Бекболот Талғарбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлады.

- Асқар Ақаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ, оны тек қана тергеді. Тергеу барысында Құмтөрден бір тиын да алмағаны, Centerra Gold компаниясында бірде-бір акциясы жоқ екені белгілі болды. Негізінен 2003 жылғы келісім жөнінде сұрады. Тергеу барысында Centerra Gold сатып алған үш кеніштің акциясы 5% пайыз жоғары бағаланғаны мәлім болды. Асқар Ақаев осы сәтті зерделемегені үшін халықтан кешірім сұрады,- дейді Талғарбеков.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақаевты тергеудің ресми нәтижесін әзірге хабарламаған.

Асқар Ақаевтың кейінгі 6 айда Қырғызстанға екі рет келді. Алғаш рет тамыз айында келіп, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Құмтөр ісі" бойынша сұрақтарына жауап берген. Бұрын ол "Құмтөр" алтын кенішін сату кезінде жемқорлыққа араласты" деген айыппен іздеуде болған.

Бұрынғы премьер-министрлер Тұрсынбек Чынғышев, Апас Жұмағұлов және "Қырғызалтын" мемлекеттік концернінің бұрынғы президенті Дастан Сарығұлов "Құмтөр" кеніші бойынша бас келісімге келіп, 1994 жылы өзгерткенде жемқорлық жасады" деген айыппен сырттай қылмыстық жауапқа тартылған.

Асқар Ақаев 1990 жылдан 2005 жылға дейін Қырғызстан президенті болды. 2005 жылы 24 наурызда Қырғызстанда халық толқуы болып, соның нәтижесінде Қырғызстаннан кетуге мәжбүр болған. Отбасымен бірге Ресейге қашқан Ақаев сол жақтан саяси баспана алды.

Құмтөр – Қырғызстандағы ең ірі алтын кеніші. Одан түскен кіріс ел экономикасының шамамен 9 пайызын құрайды. Қырғызстанның қазіргі басшылығы бұрынғы билік тұсында кеніш айналасында жемқорлықпен келісім-шарт жасалған деп санайды. Бұрынғы шенеуніктер мен кенішті игерумен айналысқан канадалық Centerra Gold компаниясы мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG