Коронавирустың жылдам жұғатын жаңа түрі – Омикрон АҚШ-та тарап жатқан вирустың негізгі түріне айналды. 20 желтоқсанда АҚШ денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері осылай деп мәлімдеді. Бірнеше ірі қалада маска тағу және өзге де шектеу шаралары қайта енгізілді.
АҚШ ауруды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, өткен аптада коронавирус жұқтырғандардың 73 пайызынан Омикрон анықталған. Денсаулық сақтау саласының мамандары өзге елдерде науқастар көбейіп жатқан тұста бұл таңғаларлық жайт емес екенін айтады.
Африка ғалымдары Омикрон жөнінде алғаш рет өткен айда хабарлаған және 26 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) оны "алаңдатарлық штамм" деп атаған. Коронавирус мутациясы содан бері шамамен 90 елде анықталған.
Нидерланды Рождество кезінде локдаун жариялады. Ал Еуропа комиссиясының президенті Урсула вон дер Лейен қаңтардың ортасына қарай Омикрон Еуропада тарайтын негізгі коронавирус түріне айналады деп мәлімдеді.
Ақ үйдің ресми өкілі Джен Псакидің хабарлауынша, президент Джо Байден 21 желтоқсанда Америка халқына мәлімдеме жасап, "вакцинаның пайдасына" тоқталады. Дегенмен Псакидің айтуынша, Байден осыған дейін елде локдаун жарияламайтынын айтқан.
ПІКІРЛЕР