Accessibility links

Crude Accountability қоры түркімен режимін клептократия деп атады


Crude Accountability қоры есебінің мұқабасы.
Crude Accountability қоры есебінің мұқабасы.

Түркіменстан – мемлекет кірісі талан-таражға салынып, өлке президенті пайдасыз ірі жобаларға миллиардтаған доллар жұмсайтын нағыз клептократиялық ел. Халықаралық Crude Accountability ұйымының Түркіменстан туралы баяндамасында осылай жазылған.

Есеп авторлары Түркіменстандағы қазіргі дағдарыс бюджет қаражатын тиімсіз қолданудың салдары деп санайды.

Баяндама авторлары экономикасы ашық емес деп есептелетін бұл өлке президент Гурбангулы Бердімұхамедов тұсында бұрынғыдан да жабық болып қалғанын жазған.

Бердімұхамедов өлкенің мұнай-газ саласының құрылымын өзгертіп, Көмірсутек ресурстарын қолдану және басқару бойынша мемлекеттік агенттікті жойып, оның орнына НАПЕКО деп аталатын жабық мемлекеттік компания құрған. Бұл компанияның табысы, шығыны және басқарма құрамы жайында мәлімет құпия.

Өлкедегі негізгі бизнестің бәрі президент отбасының бақылауында. Соңғы жылдары президенттің ұлы Сердар мұрагерлікке дайындалып жатқаны айтылып келеді.

"Президент отбасынан бөлек өлкедегі ең ықпалды адам — мемлекет басшысының кеңесшісі Виктор Храмов. Ол бұл қызметін елдің бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болғаннан кейін сақтап қалған. Сонымен бірге мұнай және газ мәселелері бойынша кеңесшісі Игорь Макаров та президентке жақын адамдардың бірі болып есептеледі" деп жазылған Crude Accountability ұйымының баяндамасында.

Халықаралық қаржы ұйымдарының мәліметіне қарағанда, 2015 жылы Түркіменстанның валюталық қоры 35 миллиард долларды құрған.

Есеп авторларының айтуынша, Түркіменстандағы жемқор және репрессияшыл режимге қарамастан, көптеген компаниялар бұл өлкеде бизнес жүргізуге әрекет етіп келеді. Солардың бірі – Polimeks, Bouygues, Calik Holding, Itera/Areti секілді компаниялар түркімен президентімен жақын байланысының арқасында жетістіктерге жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG