Accessibility links

Құқық қорғаушылар: Белсенділерді ұстау әдетке айналды, полицияның күш қолдануы жиіледі


"Оппозиция митингісі өтеді" деген күні полиция белсенділерді ұстап жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.
"Оппозиция митингісі өтеді" деген күні полиция белсенділерді ұстап жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

24 желтоқсанда Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюро мамандары жылды қорытындылады. Азаматтардың түрлі саладағы құқығы, оның ішінде бейбіт жиын өткізу, сөз бостандығы, еңбек ету, сотталғандар мен босқындардың құқығы қалай сақталғаны жайлы айтты.

Сарапшылар 2021 жылы адам құқығы саласында айтарлықтай жақсы өзгеріс болмағанын атап өтеді. Мәселен, бейбіт жиын еркіндігіне қатысты биыл 888 адам көмек сұрап, бюроға қайырылған. Оның ішінде 51 адамның сотына құқықтық көмек көрсетілген. Осы жылы елде болған 351 бейбіт жиынға бақылау жасалған. Олардың басым көпшілігіне рұқсат етілмегендіктен, оған қатысушыларды полиция ұстап, түрлі деңгейде әкімшілік жазаға тартқан.

– Билік соңғы жылы белсенді азаматтардың превентивті ұстауды әдетке айналдырып, осы ұстаулар кезінде полиция күш қолдануды жиілеткен, – дейді бюро заңгері Таңшолпан Жұмақова.

Бюроға азаптауға қатысты 233 шағым түскен, оның басым көпшілігі әйелдерге қарсы жасалған екен. Екінші орында – сотталушыларға жасалған азаптаулар.

– Статистикаға сенсек, азаптауға қатысты түскен бес арыздың біреуін ғана прокурор тексереді. Ал қалғанын анықтау полиция департементінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына тапсырылады. Одан кейін ішкі тексеру жүргізу үшін іс қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жіберіледі. Яғни, сотталушыға қарсы жасалған заңсыздықты жасаған органның өзіне жіберіледі. Сондықтан қанша шағым түскенімен Қылмыстық кодекстің 146–бабы бойынша істер мүлдем қозғалмайды, - дейді заңгер Елизавета Жук.

Қазақстанның «сөз бостандығы бойынша халықаралық рейтингіде» 180 ел ішінде 155 орында екенін атап өткен сарапшылар, елде сыни пікір білдіріп, журналистік зерттеу жасаған азаматтық белсенділер, журналист пен блогерлердің жауапқа тартылуы биыл да болған. Сотқа тартылған үш журналисте тәуелсіз сараптама жасап, соттарында бақылаушы болған.

Ал еңбек құқығына қатысты биыл бір ғана арыз түскен. Алайда бюро мамандары Қазақстан мақұлдаған Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясын бұзған 299 факт тіркеген. Оның ішнде айлықты уақытында төлемеу, жұмыс жағдайының нашарлығы сияқты фактілер бар.

2021 жылы бюроға 701 тұтқынның арызы жеткен. Осының негізінде түзеу мекемелеріне барып, 300-ден аса арыз иелерімен кездескен.

- Негізгі проблема – сотталушы жазған арыздың түзеу мекемесінен шығуы. Біз сөйлескен сотталушылар әдетте өздерінің арызын құқық қорғаушыларға жеткізе алмайтынын айтады. Бұған қоса сотталушылар көп жағдайда арыз түсіруге қатысты заңнамалық өзгерістерден бейхабар. Олар арыздарын ескі, күші жойылған заңнамаға сүйене отырып жазады, нәтижесінде, ол арыз мүлдем қаралмайды, - дейді Меруерт Шакирова.

Қарай отырыңыз: "Саусақ сындырып", "тұмсықтан ұратын" полицейлер неге жауапқа тартылмайды? (22 желтоқсан 2021 жыл).

"Саусақ сындырып", "тұмсықтан ұратын" полицейлер неге жауапқа тартылмайды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін адам құқығын бұзды деп жиі сынайды. Әсіресе, түрмедегі азаптау, белсенділердің қудалануы, азаматтардың бейбіт жиынға қатыса алмауы бойынша жиі шағым түседі. Осы аптада бір топ белсенді полицейлердің заңсыз әрекетіне шағымданған. Олардың сөзіне қарағанда, Қазақстанда ұстау кезінде белсенділердің соққыға жығылуы жиілеген. Бір ғана Алматының өзінде түрлі деңгейдегі дене жарақатын алғандар саны 20-дан асады. Полициядан құқай көрген азаматтардың барлығы бейбіт митингіге бармақ болған кезінде ұсталған.

Желтоқсан айының басында Еуропарламент Қазақстан үкіметінің адам құқығының жай-күйін жақсарту уәдесі сөз күйінде қалып қойғанын, елде саяси қудалау жалғасып жатқанын сынап, Нұр-Сұлтанға сөзден іске көшетін уақыт жеткенін айтқан.

Нұр-Сұлтан Қазақстанда белсенділерді қудалау барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG