Accessibility links

Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенділер "саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп, пикет өткізді


Жоғарғы сот алдында саяси тұтқындарды қолдап, пикет өткізіп тұрған белсенділер Асқар Сембай және Әсия Бақаева. Нұр-Сұлтан, 28 желтоқсан 2021 жыл.
Жоғарғы сот алдында саяси тұтқындарды қолдап, пикет өткізіп тұрған белсенділер Асқар Сембай және Әсия Бақаева. Нұр-Сұлтан, 28 желтоқсан 2021 жыл.

28 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Жоғарғы сот ғимаратының алдында екі азаматтық белсенді пикет өткізді. Олар дәл қазір Алматыда апелляциялық шағымы қаралып жатқан 13 белсендіні қолдап, олардың шағымын қанағаттандыруды, толық ақтауды талап етті.

Азаматтық белсенділер Асқар Сембай мен Әсия Бақаева қолдарына ағылшын тілінде жазылған "саяси тұтқындарға бостандық берілсін!", "Саяси тұтқындарды қудалауды тоқтатуды талап етеміз!", "Желтоқсан – Жаңаөзен ұмытпаймыз, кешірмейміз!" деген жазуы бар плакаттар алып шықты.

Белсенділердің айтуынша, 13 белсендіні қолдауға он шақты адам жиналуы тиіс болған. Бірақ қалған белсенділерді үйінің маңында [полиция] "аңдығандықтан сыртқа шыға алмай қалған".

– Қазір Алматыда 13 белсендінің соты жүріп жатыр. Біз оларды толық ақтап, босатуды талап етеміз. Еуропарламент резолюциясы орындалсын! 405-бапты белсенділерді қудалау үшін қолдануды тоқтатсын. Түрмеде заңсыз отырған Қайрат Қылышев, Ноян Рахымжанов, Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаевты босатуды талап етеміз, - деді Әсия Бақаева.

Оның сөзін қоштаған Асқар Сембай "олардың бар кінәсі былтыр түрмеде белгісіз жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділдің асына барғаны ғана" дейді.

Екі белсенді пикет өткізген Жоғарғы сот алдын полиция көліктері мен арнайы киім киген жасақ қоршап, жедел жәрдем көлігі де келді. Қолдарына плакат көтеріп, пікір айтып тұрған екеуін он шақты қарапайым киінген адамдар бақылап, бірнеше адам видеоға түсіріп тұрды. Олар өздерін таныстырмады

– Қараңыздаршы, айналаны, бізді қалай қоршап тұр? Қалай өз пікірімізді айта аламыз? Осы жерге әзер жеттік. Мен осы сәтті пайдаланып, Жаңаөзен құрбандарына қатысты да ойымды айтқым келеді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзенде халыққа қару қолданғандар толық жазалануы тиіс. 16 желтоқсанда айта алмадым. Мені сол күні үйден алып кетіп, қала сыртындағы полиция бөлімшесінде кешке дейін ұстап отырды, - деді Әсия Бақаева.

Белсенділерге Есіл аудандық әкімдігінің қызметкері Гүлшәкира Бименова келіп, пикеттерінің заңсыз екені айтып, тарамаса заңмен жазаланатынын ескертті.

Азаматтық белсенді Асқар Сембай қазір тарауға мүмкіндік бергенмен бәрібір кейін "жазалайтындарын" айтады.

Оны былтыр бірнеше рет пикет пен митингіге қатысқаны үшін алты рет абақтыға жапқан. Ол ұзын саны 80 тәулік жалғыз адамдық камерада отырып шыққан.

Әсия Бақаева өзін полиция өкілдері ұстағанымен қамамағанын, бірақ жыл бойы өзіне миллион теңгеге жуық айыппұл салынғанын айтты.

Бүгін, 28 желтоқсанда Алматыда "тыйым салынған ұйымды қолдады" деп айыпталып, қазан айында түрлі мерзімге сотталған 13 белсендінің апелляциялық соты басталды. Олар Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, бірақ Еуропарламент "оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарымен байланысты айыпталып отыр.

Сейсенбі күні Алматыда да оларды қолдап, елу шақты адам қалалық сот алдына жиналды. Олар ішке кіргізуді талап еткенмен кіре алмаған.

Құқық қорғаушылар мен жақтастары "билік 13 азаматты саяси белсенділігі үшін қудалап отыр" деп санайды. Билік елде саяси тұтқын жоқтығын айтып, саяси қудалау барын жоққа шығарып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG