Accessibility links

Энергетика министрі АЭС құрылысы жөнінде: Амал нешік? Бізде таңдау да жоқ


Қазақстанда АЭС салынуы мүмкін орындардың бірі – Үлкен ауылына кіреберісі.
Қазақстанда АЭС салынуы мүмкін орындардың бірі – Үлкен ауылына кіреберісі.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев атом электр станциясын салмай тұрып халық пікірін ескеру мақсатында қоғамдық тыңдау өтуі тиіс екенін айтты.

— Экология кодексіне сәйкес, бірінші категорияға жататын кез келген жоба бойынша қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. Оны өткізу тәртібі заңда жазылған, құрылыс басталар алдында тыңдау өтуі тиіс, – деді Мырзағалиев.

Азаттық тілшісі шенеуніктен "егер халықтың басым бөлігі АЭС-ке қарсы шықса, шешімнің күші жойыла ма?" деп сұрады.

— Бұл саяси мәселе. Мәселеге Энергетика министрі ретінде қарап отырмын. Бұған дейін айтып өткенімдей, бізге станция қажет. Жарықсыз қараңғыда отырамыз ба әлде қандай да бір шешім қабылдаймыз ба? Біздегі бар станциялардың басым бөлігі көмірмен істейді. 40-50 жыл бұрын салынған. Олар мәңгі жұмыс істейді деп айта алмаймыз. Көмір арқылы энергия өндіру заманы келмеске кетті. Бұл өткен шақ. Амал нешік? Бізде таңдау да жоқ, – деді Мырзағалиев.

"Чернобыл немесе Фукусимадағыдай апат болмайды дегенге кепілдік бар ма?" деген сұраққа министр "әрине, ешкім кепілдік бере алмайды" деп жауап берді. Бірақ "жауапкершілік станцияны салған инвестор немесе технологияны ұсынған компания мойнында болады" деді.

Бүған дейін министрлік Алматы қаласынан 400 шақырым жердегі Үлкен ауылы мен ШҚО-дағы Курчатов қаласы АЭС салуға ең қолайлы орын деп атаған.

— Сейсмикалық тұрғыдан алғанда екеуі де қолайлы. Бірақ инфрақұрылымдық жағынан алғанда Үлкен ауылы қолайлырақ, себебі ол жақтан 500 киловольттық қуаты бар Солтүстік – Оңтүстік линиясы өтеді. Ол негізгі тұтынушы – оңтүстік аймаққа жақын. Бірақ әзірге АЭС орны нақты таңдалған жоқ. Жұмыстар басталды, "Самұрық-Қазына" жанынан жобалық топ құрылды, – деді министр.

Ақпарат құралдары министрден сонымен бірге қалдықтар қайда сақталатыны туралы сұрады. Министр әзірге орын жоғын айтып, ізінше әуелі станция "технологиясы мен қуаты" анықталуы тиіс екенін жеткізді.

Оның айтуынша, Қазақстанда АЭС салуға он жыл кетуі мүмкін. Алдағы бірнеше жылда энергия тапшылығы мәселесін шешу үшін Қазақстан қажет энергияны Ресейден импорттайды деді.

28 желтоқсанда "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Atameken Business сайтына берген сұхбатында Ресейдің "Росатом" компаниясымен келіссөз жүріп жатқанын растады. Оның айтуынша, Қазақстанда АЭС салу мәселесі Ресей үкіметімен кездесу кезінде де талқыланған.

Бұған дейін Қазақстан билігі Франция, АҚШ, Қытай және Ресей ұсынысын қарастырып жатқанын хабарлаған.

Өткен аптада Мағзұм Мырзағалиев елде АЭС салу туралы түбегейлі шешім әлі қабылданбады деп айтқан. Ол нақты орны да белгісіз деп мәлімдеп, халықаралық тәжірибе зерттеліп жатқанын жеткізген. Министрдің айтуынша, 2035 жылға дейін елде өндірілетін және тұтынатын энергия балансы жасалып, соған сәйкес елде энергия тапшылығы туындайтыны анықталған.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін елде атом электр станциясы (АЭС) салынады, электр энергиясын тасымалдау жөнінде Қытаймен келіссөз жүріп жатыр деп мәлімдеген. Бірінші президент сонымен бірге Қазақстанда АЭС салуға Ресейдің қатты қызығып отырғанын алға тартқан.

Қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр" деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан.

Қазақстан қоғамында АЭС жөнінде қайшы пікірлер көп. Кей мамандар қоршаған ортаға зор әсері бар осындай маңызды ірі жобада билік референдум ұйымдастыру қажеттігін алға тартады. 22 желтоқсан күнгі ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген министр Мағұм Мырзағалиев "референдум мәселесіне мен жауапты емеспін" дегенді меңзеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG