Еврокомиссия газ және атом қуатын белгілі бір жағдайда "жасыл энергия" деп санауды ұсынады. Құжат жобасы Еуропа одағына мүше елдерге жолданды деп хабарлайды германиялық dpa агенттігі мен Financial Times басылымы.
Одақтың ұзақмерзімді қаржыландыру бағдарламасы аясында жасалған бұл ұсыныс қызу тартыс туғызады деп болжайды dpa. Еуропа одағы елдерінде энергияның бұл түрлеріне деген көзқара әртүрлі.
Газ энергиясын қолдайтындар оның көмірге қарағанда тазарақ екенін айтса, атом энергиясын жақтайтындар ол көмірқышқыл газын бөлмейді деген уәжді алға тартады.
Ұсынысқа қарағанда, 2030 жылдан кейін салынған жағдайда табиғи газ тұтынатын электр станцияларының жұмысы парник газын шығаруға байланысты қатаң шектеулі болмақ. Атом жобалары, егер станция құрылысына рұқсат 2045 жылға дейін алынатын болса, жасыл энергия деп саналмақ.
Ал қарсы тараптың өз уәжі бар. Олар газбен жұмыс істейтін станцияларды "таза" деуге келмейтінін, ал атом энергиясының қауіпті қалдығын жоюға тура келетінін және апат болу қатері барын ескертеді.
Атом энергиясына қарсылардың бірі – Германия. Еуропа одағындағы экономикасы жағынан бәрінен алда тұрған бұл елде 31 желтоқсанда алты атом электр станиясының үшеуі жабылды. Қалған үшеуін биылғы жылдың аяғына дейін жабу жоспары бар.
Ал экономикасы бойынша екінші орында тұрған Франция электр қуатының 70 пайызын атом электр станцияларында өндіреді. Бұған дейін 20 жылдай бұрын жаңа АЭС-ті іске қосқан бұл ел тағы да сондай нысан салуды жоспарлап отыр.
Егер Еуропа одағына мүше елдердің жартысынан көбі, яғни 27 үкіметтің кемінде 20-сы, басқаша айтқанда, одақ халқының кемінде 65 пайызы, немесе Еуропарламенттің 705 депутатының 353-і қарсы болса, Еурокомиссия ұсынысы қабылданбауы мүмкін.
Ал Қазақстанда билік өкілдері атом электр станциясын салу жайлы жиі айтып жүр. Шенеуніктер оның себебін елде электр қуаты тапшылығы сезіліп отырғанымен түсіндіреді.
ПІКІРЛЕР