Accessibility links

Үкімет Жаңаөзендегі жұрттың талабы бойынша комиссия құрды, халық наразылығына "құқықтық баға беретінін" ескертті


Жаңаөзенде қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.
Жаңаөзенде қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.

Премьер-министр Асқар Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыратын комиссия құрылды. Бұл жөнінде үкімет басшысының сайты хабарлады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шараларды іске асырады. Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі жанармай станциялары иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының жанармай станциясы иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатын болады" делінген үкімет хабарламасында.

Бұған қоса үкімет 2 қаңтардан бері Жаңаөзенде болып жатқан наразылыққа құқықтық баға беретінін де ескертеді және бұл оқиғаларды "қоғамдық тәртіпті бұзу" деп атайды: "Үкімет, Маңғыстау облысының әкімдігі прокуратура органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты болған оқиғаны құқықтық бағалау бойынша шаралар қабылдайды".

2 қаңтар күні таңертең Жаңаөзен қаласында газдың қымбаттауына наразы жүздеген адам көшеге шығып, жолды жапқан. Олар биліктен бір литр газдың бағасын 50-60 теңгеге дейін түсіруді талап етті.

Сол күні облыс әкімдігі мен энергетика министрлігі сұраныс өсірген газ бағасы бұрынғы қалпына қайта келмейтінін ескерткен.

Дүйсенбіге қараған түнде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаға байланысты екі туит жариялады. Екеуінде де шеруге шығу тәртібі туралы ескерту жасалған. Біріншісінде Тоқаев "Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс" десе, екіншісінде "Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек" делінген.

Әлеуметтік желіде жұрт 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасындай қару қолданып, халыққа оқ атпасын деген ескерту айтып, билік өкілдері Жаңаөзенге барып, халықтың үніне құлақ ассын деп талап етті.

Жаңаөзендегі наразылыққа әлеуметтік желідегі жұрт қолдау білдіріп, Қазақстанның басқа аймақтарында наразылыққа шығуға үндеу тастағандар болды. Ақтауда бір топ адам 2-сінен 3 қаңтарға қараған түнді алаңда өткізгенін, биліктен ешкім келмегенін айтты. Нұр-Сұлтанда қымбатшылыққа байланысты ойын айтып алаңға шыққан бірнеше адамды полиция ұстап әкетті. Астанада, Алматыда, Шымкентте митинг болады деп белгіленген орындарда полиция күзеті күшейді. Алматыда орталық алаңдар жабылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG