Accessibility links

Үкібай Назарбаевтың "Нұр-Сұлтан қаласында екенін" жазды


Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев елден кетіп қалды деген сөз көбейген тұста оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде "Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда" екенін жазды.

Үкібай 8 қаңтарда жариялаған твиттерінде "Елбасы Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында. Жалған және спекуляциялық ақпараттар жарияламауды сұраймыз. Елбасы консультативті кездесулер өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен байланыс ұстап отыр" деп жазды.

Бұл - Назарбаев кеңсесінің елде жағдай нашарлағаннан бері жариялаған алғашқы хабарламасы.

Назарбаев жұрт алдына 2021 жылдың 28 желтоқсанынан бері шықпады. Әдетте Қазақстандағы негізгі тақырыптарға пікір білдіріп отыратын ол елде қаңтардың басынан бері болып жатқан жағдайға қатысты ешқандай сөз де айтпады. Елде жағдай ушыққан тұста интернетте Назарбаевтың шетелге кетіп қалғаны жайлы сөздер шыққан еді.

Журналист Аркадий Дубнов Facebook-тегі парақшасында Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының Дубайда ұсталғанын, ал экс-президенттің өзі Қытайда екенін жазған.

5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG