Accessibility links

Сот қамаудағы журналист Ахмедияровтың шағымын қанағаттандырмады


Журналист Лұқпан Ахмедияров.
Журналист Лұқпан Ахмедияров.

Орал қаласының апелляциялық инстанциясы "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" 10 күнге қамалған журналист Лұқпан Ахмедияровтың шағымын қанағаттандырмады.

Заңгер Мереке Ғабдуалиевтің айтуынша, апелляция алқасының отырысы 10 қаңтар күндіз өткен.

— Сот онлайн өтті. Біз оны [Ахмедияровты] кінәсіз деп танып, босатуды сұрадық. Лұқпанның митингіге бірінші кезекте журналист ретінде қатысқанын және жұртты тәртіпке шақыру үшін сөйлегенін айттық. Алайда сот шағымымызды қанағаттандырмады, – деді Мереке Ғабдуалиев.

Лұқпан Ахмедияров 7 қаңтарда "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" (488-бап, 6-бөлік) әкімшілік қамауға алынған. Ол 5 қаңтарда Оралдағы орталық алаңда өткен наразылық акциясында жұрт алдында сөйлегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаңтар айының басында өзге қалалар сияқты Оралда да Жаңаөзендегі әлеуметтік наразылықты қолдаған акция өткен.

10 қаңтарда дәл сондай айыппен оралдық адвокат Абзал Құспанның да 10 күнге қамалғаны белгілі болды.

Бұған қоса, 10 қаңтарда астаналық журналист Махамбет Әбжанның туыстары тілшіні таба алмай отырғанын мәлімдеген. Журналиспен байланыс 5 қаңтарда үзілген.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен азаматтық белсенділердің ұсталып, қамалғаны жайлы хабар жиіледі.

Қазақстанда наразылықтар мен тәртіпсіздіктер өршіген шақта елде төтенше жағдай жарияланып, интернет өшірілді. (Көптеген елді мекендерде интернет күніне бірнеше сағатқа қана беріліп жүр. 10 қаңтарда таңертең Алматыда интернет соңғы бес күнге жуық уақыт ішінде алғаш рет қосылып, бірнеше сағаттан соң қайта өшірілді).

Елде интернет бұғатталып, тек ресми сайттар мен ресурстар ғана ашылып тұрған кезде нақты не болып жатқанын аңғарып, ұғу қиын. Соңғы ресми мәлімет бойынша, ұсталғандар 8 мыңға жетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG