Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығын жаңарту нені білдіреді?


Жанып жатқан қала әкімдігінің жанындағы өртенген көлік қаңқасы. Алматы, 5 қаңтар 2022 ж.
Жанып жатқан қала әкімдігінің жанындағы өртенген көлік қаңқасы. Алматы, 5 қаңтар 2022 ж.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қауіпсіздік қызметін қайта құрмақ. Қаңтардың басында болған наразылықтар кезінде елдегі ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің президентке қарсы жұмыс істегені айтыла бастаған еді.

2022 жылдың алғашқы күндері Қазақстанда нақты не болғаны жайлы сұрақ көп. Ондаған мың адамның үкіметке қарсы наразылыққа шыққаны анық болғанымен, биліктің жоғары жағында не болып жатқаны белгісіз еді.

Қазақстанның басқа өңірлеріне де тараған наразылық кезінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақтастары мен оның ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев арасында билікке талас болып, Тоқаевтың басым түскенге ұқсайды.

Билік өкілдерінің қайсы кімнің жағында болғаны жайлы болжам көп. Бірақ Назарбаевтың отбасы мүшелерінің жағдайы күннен күнге нашарлауы Тоқаев пен оның жақтастарының оларға сенбейтінін аңғартқандай болды.

Оқиғаның мән-жайын айқындай түсетін жердің бірі Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) секілді көрінеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) күш құрылымдары басшыларымен кеңес өткізіп отыр. Нұр--Сұлтан, 8 қаңтар 2022 ж.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) күш құрылымдары басшыларымен кеңес өткізіп отыр. Нұр--Сұлтан, 8 қаңтар 2022 ж.

5 қаңтарда Қазақстанның шығысы мен оңтүстігіндегі наразылықтарға беймәлім топтар араласып, қанды қырғынға ұласты. Сол кезде Тоқаев Назарбаевтың сенімді жақтасы, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовті орнынан алды. Көп ұзамай Мәсімов тұтқындалды.

Кейінірек Тоқаев наразылықтар хаосқа ұласқанда ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоқ болып кеткенін айтты. Әсіресе бұл Алматыда ҰҚК кеңсесі тоналып, қару-жарақ пен құжаттар ұрланғанда анық байқалды.

Кәрім Мәсімовке "Отанға опасыздық жасау" бабымен, ал кейінірек "билікті күштеп басып алмақ болды" және "лауазымын асыра пайдаланды" деген айыптар тағылды. Ол Назарбаев кезінде екі рет премьер-министр, көлік және байланыс министрі, экономика және бюджетті жоспарлау министрі, мемлекеттік хатшы және президент Назарбаев әкімшілігінің басшысы секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарып, 2016 жылы ҰҚК басшысы болып тағайындалған.

Кәрім Мәсімов (сол жақта) пен сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 15 ақпан 2018 ж.
Кәрім Мәсімов (сол жақта) пен сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 15 ақпан 2018 ж.

Бірақ Мәсімов қауіпсіздік комитетіндегі жұмысынан қуылған көп адамның бірі ғана.

17 қаңтарда Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішев ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен ресми түрде босатылды.

Мәсімов комитет төрағалығынан алынғанда Әбіштің де қызметінен кеткені хабарланған еді. Бірақ ҰҚК бұл ақпаратты жоққа шығарып, алдымен оның қызметте қалғанын, кейінірек "еңбек демалысына кеткенін" мәлімдеді.

Самат Әбіш жайлы мәлім де беймәлім деректер
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:33 0:00

Бірақ ҰҚК төрағасының үш орынбасары Марат Өсіпов, Дәулет Ерғожин мен Әнуар Садықұлов 9 қаңтарда жұмысынан қуылып, олардың екеуі тұтқындалды.

Өсіпов советтік Қазақстандағы КГБ-мен 1986 жылы жұмыс істей бастаған.

Содан бері ол Қазақстан ҰҚК-де қызмет атқарды. Тек 1999-2001 және 2013-2016 жылдары ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы бөлімін басқарған. 2016 жылғы қаңтарда осы қызметтен ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалған.

Марат Өсіпов тұтқындалған жоқ.

13 қаңтарда қамауға алынған Ерғожин мен Садықовтың оқиғалары қызық көрінеді.

Дәулет Ерғожин.
Дәулет Ерғожин.

Дәулет Ерғожин 2016 жылғы қарашада ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Бір қызығы, оған дейін оның қауіпсіздік және құқық қорғау саласында еш тәжірибесі болмаған. Ол бұл қызметке Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы болғаннан соң екі ай өткенде келген.

Ерғожин энергетика саласында, мемлекеттің қаржы мекемелерінде жұмыс істеген. 1998-2007 жылдары "Қазтрансойл", "Қазмұнайгаз" компаниясының "Солтүстік Каспий" жобасында, "Қазмұнайтеңіз" компаниясында жұмыс істеген. Содан кейін Ерғожин қаржы министрлігінде қызмет атқарып, 2007-2008 жылдары қаржы министрінің орынбасары болған. ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалғанға дейін тағы бірнеше жоғары лауазымда отырған.

Әнуар Садықұлов.
Әнуар Садықұлов.

Әнуар Садықұлов ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы бөлімінде командир болған. Мансабын көбіне ҰҚК мен қауіпсіздік орган арасында өткізген. Бірақ 2020 жылғы қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалған.

Садықұлов Назарбаев басқарған Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болған. Тоқаев Мәсімовті орнынан алған күні Садықұловты да осы қызметінен босатқан.

Одан кейін бірінші президенттің баспасөз хатшысы 81 жастағы Назарбаев отставкаға өз еркімен кеткенін айтты. Бірақ билік өкілдерінен ешкім мұны растамады.

Садықұлов қызметте болған біршама жылын президенттің қауіпсіздік қызметінде өткізген. Ондағы жұмысын 1992 жылы бастап, 2013 жылы басшы болып тағайындалған. Одан кейін отставкаға кетіп, 2014 жылы ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған.

2019 жылғы маусым мен 2020 жылғы қаңтар аралығында қайтадан президенттің қауіпсіздік қызметінің басшысы болып тағайындалып, сол қызметте "Арыстан" бөлімінің командирі, төраға орынбасары болғанша жұмыс істеген.

Өсіпов 1999-2001 жылдары президенттің қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген. Сол жылдары ғана ҰҚК құрамында болмаған.

Қазақстанда ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа басшысы болып Ермек Сағымбаев тағайындалды. Ол президент жанындағы қауіпсіздік қызметінің басшысы болған.

Өсіпов пен Садықұловтың өмірбаянынан ҰҚК мен президент қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бірінен екіншісіне ауысып жүре бергенін көсетеді. Ал Сағымбаев ҰҚК-де 1994-2006 жылдары жұмыс істеп, одан кейін президенттің қауіпсіздік қызметіне ауысқан.

Сағымбаевтың ұлттық қауіпсіздік комитетімен тығыз байланыста болғаны анық. Ол ҰҚК мүшелері Тоқаевқа қарсы әрекет етіп жатқанын біліп қойғандардың бірі болуы мүмкін. Оның ҰҚК басшылығына тағайындалуы Тоқаевтың оған сенетінін білдіретіндей.

2019 жылғы 19 наурызда Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына соған дейін парламент сенаты төрағасы болған Тоқаевты қалдырған еді. Екі айдан соң Сағымбаев президент қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары, ал 2021 жылғы 25 тамызда осы қызметтің басшысы болып тағайындалған.

ҰҚК төрағасының екі бірінші орынбасары, жеті орынбасары бар. Екі орынбасардың бірі Самат Әбіш жұмысынан қуылды, ал жетеуінің үшеуі жұмысынан айырылды.

Елдің ішкі қауіпсіздік қызметі басшылығындағы үлкен өзгеріс қаңтардағы оқиғадан соң Тоқаевтың ұлттық қауіпсіздік қызметіне сенімі аз болғанын көрсетеді.

Тоқаев ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарлығына Бақытбек Қосжанов пен Асқар Әмірхановты тағайындады. Сол күні Өсіпов, Ерғожин, Садықұлов жұмысынан қуылды.

ҰҚК қызметкері болған Қосжанов онда 1994 жылы жұмыс істей бастаған. 2012 жылы ол өндіріс жобаларына арналған шикізат пен инфрақұрылым ресурстарын бақылайтын комиссияға кірген 24 лауазымды тұлғаның бірі болды.

Мұндай тәжірибе Назарбаев отбасы мүшелерінің, қазіргі немесе бұрынғы шенеуніктердің елден ақша аударуын бақылауда пайдасын тигізе алады.

Бұл комиссияның төрағасы Қайрат Келімбетов болды. Ол экономикалық даму және сауда министрі, экономика және бюджетті жоспарлау министрі, Ұлттық банк төрағасы қызметтерін атқарған. Қазір ол "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқарады.

Әмірханов та ҰҚК қызметкері болған. Ондағы жұмысын 1995 жылы бастап, 2004 жылы ҰҚК терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары болып тағайындалған.

2020 жылғы 6 мамырда Әмірханов Тоқаевтың қолынан арнайы награда алған жиырмадан астам адамның бірі болды. Ол Сағымбаевпен бірге генерал -майор шенін алды. Сол рәсімде Мәсімов генерал-лейтенант шенін алған.

Тоқаев 5 қаңтарда Қазақстан үкіметінің отставкасын қабылдады. 11 қаңтарда жаңғыртылған үкіметте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен қорғаныс министрі Мұрат Бектенов осы қызметке қайта тағайындалған. 19 қаңтарда президент Тоқаев осыған дейін ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы қызметін атқарған Руслан Жақсылықовты қорғаныс министрі етіп тағайындады.

2021 жылғы тамызда Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін қорғаныс министрі болып тағайындалған Мұрат Бектановты Тоқаев "қаңтар оқиғалары кезінде командирлік қабілетін көрсете алмады" деп сөкті.

Бірақ жұмысынан қуылған адамдардың көптігіне қарап Тоқаев пен оның жақтастары ҰҚК наразылық кезінде оның үкіметіне қарсы шара қабылдады ма деп күмәнданатындай көрінеді.

Олай болса, бұл Тоқаевтың 11 қаңтарда ұлттық қауіпсіздік жүйесін толығымен қайта қарау керек деген мәлімдемесін түсіндіре алады. Ол ұлттық ұланды "сан және сапа жағынан күшейтіп", ұлттық ұлан мен ішкі істер министрлігі құрамында жаңа бөлімдер құруды бұйырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG