Шолпанбек Сыдықовтың сөзінше, Қазақстан аумағында еркін жүріп-тұруға 90 күнге берілетін уақытша тіркеуін ұзарту үшін Қырғызстанға қайтып бара жатқан оны 8 қаңтарда Алматы маңындағы блок-бекетте қазақстандық әскерилер ұстаған. Қырғыз азаматы қазақ полициясы оған "тәртіпсіздіктерге қатыстың" деген айып тағып, асқан қатыгездікпен ұрып-соққанын айтады: оның миы шайқалып, екі аяғының жіліншігі мен алты қабырғасы сынған.
Сыдықовтың Алматыдағы танысы Айгүл Сартбаева қырғыз жігітінің тәртіпсіздіктерге қатыспағанын айтты. Қаңтардың басында Шолпанбектің үйден шықпай отырғанын растайтын куәгерлер бар дейді ол. Сыдықов Алматыға жихаз құрастырып, табыс табуға келген.
Қатты зардап шеккен қырғыз азаматын еліне жедел жәрдеммен жеткізгеннен кейін бірден ауруханаға жатқызды. Туыстарының сөзінше, ауруды басатын дәрілер салынған соң ол алғашқы күні жансақтау бөлімінде жатқан. 21 қаңтарда қатардағы палатаға ауыстырған. Алайда дәрігерлер ем-дом ұзаққа созылатынын, Шолпанбектің қайтадан аяғына тұруына көп уақыт керегін айтады.
"Әрине, жан азабын тартып жатыр. Оған ауруды бәсеңдететін көп дәрі салып жатыр, бірақ шыдамдық танытып, тіпті күліп қояды" дейді жігіттің туысы.
Дәрігерлер науқастың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
"Екі қабырға сүйегі екі жағынан сынған, әзірге болжам жасауға ерте, жіліншігіндегі ашық сынық іріңдеп кете ме деген қауіп бар" деді науқас емделіп жатқан аурухананың бас дәрігері Алмас Қубатбеков.
Алматыдағы полиция бөлімшелерінің бірінде Шолпанбек Сыдықовты аяусыз ұрып-соғып, осындай осындай халге жеткізген дейді туыстары. Блок-бекетте әскерилер ұстағаннан кейін Шолпанбек Сыдықовты туыстарымен байланысуына мұрсат бермей, полиция бөлімшесіне апарған.
"Мені бірден мәшинеге салды, [туыс-таныстарыма] сөйлеспешкі болдым, алайда телефонымды тартып алды. "Ешқайда телефон соқпа!" деді. Мәшинеде келе жатқанда мені екі рет ұрып жіберді, сосын полиция бөліміне апарды" дейді Сыдықов.
"Ол қатты шок алған, аяғын көтермекші болған кезде айқайлады. Аяғын көтерген кезде оның жіліншіктері құр ғана салбырап тұрды!" дейді Сыдықовтың ауруханаға жеткізілген кезде қандай күйде болғанын айтқан туысы.
Полицияда ұрып-соққаннан кейін Шолпанбек Сыдықов ауруханаға түскен. Сол жерде жатып Қырғызстандағы туыстарымен байланысып, жағдайын баяндаған. Тек 21 қаңтарда Қырғызстанға жеткізілді. Және ол Қазақстанда болған қаңтар оқиғасы кезінде қазақстандық күш құрылымдары "тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен ұстаған жалғыз қырғыз азаматы емес. Бұған дейін қырғызстандық джаз музыкант Викрам Рузахуновтың басынан өткен жағдай да айдай әлемге тарап кетті. Қаңтардың басында Алматыға концерт қоюға келген музыкантты қазақ күш құрылымдары ұстап, аяусыз ұрып-соғып, өзге бір адамның атымен атап, "Алматыдағы тәртіпсіздіктерге қатыстым" деп айтуға мәжбүрлеп, бет-аузында жарақат ізі бар жігіттің сөзі жазылған видеоны республикалық телеарналардан бірнеше рет көрсетті. Бірақ Қырғызстандағы жұрт белгілі музыкантты бірден танып, оның арты үлкен шуға ұласты. Қырғызстан қоғамы наразылық білдіріп, талап еткеннен кейін Қазақстан билігі музыкант Викрам Рузахуновты босатып, еліне қайтарды. Қырғызстанға жеткен соң Викрам тезірек босап шығу үшін, өзі жасамаған істі жасадым деп, амалсыз жалған айтуға мәжбүр болғанын айтты.
Қырғызстанның азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық орталығы өкілдерінің айтуынша, көрші елде қамауда болып шыққан қырғыз азаматтары қазақстандық күш құрылымдарының іс-әрекетіне шағым айтудан жасқанады.
"Біз олармен байланыста болуға тырысамыз, зардап шеккендердің көбі үйінде емделіп жатыр. Меніңше, қазір бір адам ғана жеке меншік клиникада ем алып жатқан болу керек. Бірақ тағы да айтайын: қазақстандық күш құрылымдары азаптап, қатыгездік танытқанын көрген азаматтарымыздың басым көпшілігі әлі күнге дейін республикасы аумағында" дейді осы ұлттық орталық директоры Бақыт Рыспеков.
Отанына оралған Шолпанбек Сыдықов болса өзін азаптағандардың үстінен шағымданбақшы. Қазір ол азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық орталығы мен Қырғызстан омбудсмені институты құқық қорғаушылармен бірге бас прокуратурға азапталғаны туралы арыз дайындап жатыр. Бұған қоса БҰҰ азаптауға қарсы комситетіне арнайы өтініш бермек.
"Біз онымен сөйлестік. Сұмдық азаптауды басынан өткерген ол қатты есеңгіреп қалған. Біз оның бәрін тіркедік" дейді Қырғызстан омбудсмен институты аппаратының жетекшісі Асхат Азарбеков.
Шолпанбек Сыдықовтың құжаттары, соның ішінде паспорты да әлі Алматыда жатыр. Қырғызстан билігі Қазақстан жағынан ол құжаттарды қайтарып беруін сұрады. Қазақстан тарабы азаптау туралы айыптауға әзірше ешқандай реакция білдірген жоқ. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстан елшісіне қырғыз азаматы Шолпанбек Сыдықовты ұрып-соғуға наразылық білдіріп нота тапсырды. Онда "Қазақстанның құқық қорғау органдарының жекелеген қызметкерлерінің іс-әрекетіне алаңдап отырғанын" айтқан. Бұған қоса ресми Бішкек Қазақстан тарабы қырғыз азаматының денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін оған өтемақы төлеуі тиіс деп мәлімдеген.
Кейінгі мәлімет бойынша, Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде кемі 10 қырғызстандық ұсталған, олардың бәрі бостандыққа шықты. Қырғызстанның екі азаматы қаңтар оқиғасы барысында мерт болған.
Қаңтардың басында Қазақстанның батысында газдың күрт қымбаттауына наразылық елдің басым бөлігіне жайылып, жаппай қарсылық акциясына ұласты. Әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлағанына, азық-түлік пен өзге де тұтыну тауарларының тоқтаусыз қымбаттағанына наразы халық саяси талаптар да көтерді. Олар елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатқа мүлде жоламауын, оның ізбасары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отставкаға кетуін және елде әділ, демократиялық сайлау өткізуді талап етті. Бірнеше қалада бейбіт басталған шерудің соңы тәртіпсіздік пен тонауға ұласты, билік наразылықты басуға қару қолданды. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемі 225 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары қаңтардың алғашқы аптасында Қазақстанда болған оқиғалар мен ұсталғандар туралы әлі күнге толымды ақпарат берілмей отырғанына алаңдаушылық білдірді. Олар Қазақстан билігін барлық деректі жариялауға, заңсыз ұсталған азаматтарды босатып, олардың құқығын сақтауға шақырды.
20 қаңтарда Еуропарламент Қазақстанда қаңтарда болған оқиғалар жөнінде қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.
Бұған қоса Еуропарламент депутаттары "2022 жылғы қаңтардағы наразылықтар кезінде адам құқығын өрескел бұзуға жауапты Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына жеке санкция салынуы" мүмкін екенін де ескерткен.
Қарарды Еуропарламенттің 671 депутатының 589-ы қолдап, 35-і қарсы дауыс берді, 47-сі қалыс қалды.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға сүйенген" құжат деп атады.
ПІКІРЛЕР