Accessibility links

Украина паналатқан саяси белсенді Ермек Нарымбаев Қазақстанға оралмақ


Белсенді Ермек Нарымбаев Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясында тұр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.
Белсенді Ермек Нарымбаев Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясында тұр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.

2016 жылдың жазынан бері Украинада тұрып жатқан қазақстандық саяси белсенді Ермек Нарымбаев Қазақстанға оралатынын мәлімдеген. Биылғы қаңтардың басындағы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі қоғаммен диалог өткізуі керек деп есептейтін белсенді оған қатысуға ниетті екенін айтқан. Бұл туралы Нарымбаевтың атынан жазбаны қазір Киевте тұрып жатқан қазақстандық тағы бір азаматтық белсенді Алтынай (Мөлдір) Адилова өзінің Facebook-тегі парақшасына жариялады.

"Отанға ораламын. Қарызданып, ұшаққа билет алдым. Жақында Алматыда боламын. Диалог өткізуге ақ ту ұстап елші ретінде бара жатырмын. Оған дейін екі күн балаларыммен кездесемін, Қазақстанның ішінде олармен қауышуға мүмкіндік бола ма, білмеймін, оларды көрмегеніме жеті жыл болды" деп жазған Нарымбаев.

Қаңтардың басында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың күрт қымбаттауы түрткі болған наразылық лезде елдің басқа да өңірлеріне тараған. Биліктен әлеуметтік мәселелерді шешумен бірге саяси реформалар талап еткен жаппай бейбіт митинг кейін тәртіпсіздік пен ойранға ұласып, билік қару қолданды. Қаңтар оқиғасы кезінде, ресми дерек бойынша, кемі 225 адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланған.

51 жастағы Ермек Нарымбаев Қазақстанда тұтқындалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ дәл қазір өзін қамау билікке тиімсіз деп санайды.

"Ақорда Қазақстанға өз еркіммен келе жатқан мені абақтыға отырғызу пайдасыз екенін, беделіне зор нұқсан келетінін түсінуі тиіс" дейді ол.

Ол абақтыға қамалған күннің өзінде "ұзақ отырмайтынына" сенімді.

"Егер [түрмеге] отырғызатын болса, ол ұзаққа созылмайды деп сенемін. Қазақстанға мені шығарып салып, сонда қарсы алатын журналистер, блогерлер, көп адам болады, сондықтан мені тыныш қана тұтқындай алмайды. Ұрып-соғу мен азаптауға да толық дайынмын, бірақ олай болмайды, билікке ол тиімсіз. Менің даусым сырт жақтан гөрі, әсіресе дәл қазір елдің ішінде салмақтырақ болады" деп жазған Ермек Нарымбаев. Ол халыққа үндеуін "түрмеде отырып та жазатынын" айтады.

2015 жылғы қазанда Қазақстан соты азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді авторы Мұрат Телібеков делінген "Ветер с улицы" кітабының үзіндісін әлеуметтік желіде көшіріп басқаны үшін айыпты деп танып соттады. "Алауыздық тудырды" деген айып тағылған Нарымбаев үш жылға , Мәмбеталин екі жылға бостандығынан айрылды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар қамаудағы Нарымбаев пен Мәмбеталинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Кейін екеуі де ісіне "өкінетіні" жайлы хат жариялады. Нарымбаев тергеу абақтысында бір айдан астам уақыт аштық жариялап жатты, 2016 жылғы 22 ақпанда сот оны үй қамағына ауыстырған соң белсенді аштығын тоқтатты. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, еркіндігін үш жылға шектеуге алмастырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалды.

Ермек Нарымбаев 2010 жылғы 1 мамырда Алматыда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында "Назарбаев, кет!" деп ұрандаған. Сол күні кешке оны полиция ұстап әкетіп, "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 күнге қамаған. Кейін қамауда отырған белсендіге "сотқа құрмет көрсетпеді" және "полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті" деген айыптар тағылды. Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша 2010 жылғы 26 маусымда Ермек Нарымбаевты төрт жылға бостандығынан айырды. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап оны қамаудан босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG