Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі 22 қаңтарда жариялаған мәлімдемесінде Кремльдің Украинада билікке ресейшіл саясаткерді әкелу операциясын дайындап жатқаны айтылған.
"Ресей билігі Киевтегі өкімет басына ресейшіл саясаткерді әкелмекші екені жайлы ақпарат алдық" деп жазылған мәлімдемеде. Бұған қоса Ресей басшылығы "Украинаға шабуылдап, оккупациялау жөнінде ойланып отырғаны" айтылған.
Ұлыбритания сыртқы істер министері Лиз Трасс бұл ақпаратты қайдан алғанын нақтыламады. Осы елде шығатын The Daily Mail таблоидының жазуынша, Кремль жоспары МИ-6 арнайы қызметіне белгілі болған.
Биліктен үміті бар кандидаттардың бірі – Жоғарғы раданың бұрынғы депутаты әрі Аймақтар партиясының бұрынғы мүшесі Евгений Мураев. Британ сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде сонымен бірге ресейлік барлау украиналық бірнеше ірі саясаткермен байланыста екенін айтады. Олар – бұрынғы премьер-министр Николай Азаров, бұрынғы вице-премьерлер Сергей Арбузов пен Андрей Клюев, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының бұрынғы орынбасары Владимир Сивкович.
Лиз Трасс Ресейді жағдайды шиеленістірмеуге, Украинаға қарсы "агрессия науқаны" мен жалған ақпарат таратуды доғаруға шақырды.
Оған жауабында Ресей сыртқы істер министрлігі Ұлыбританияның өзін жалған ақпарат таратып отыр деп айыптады. Министрлік ресми телеграм-каналында британдық әріптестерін "ұшқары сөз таратуды доғарып, татар-моңғол езгісі тарихын зерттеуге ден қоюға" шақырған.
Форин-офис мәлімдемесінде Мәскеу билігі Украина басшылығына әкелгісі келетін ресейшіл кандидаттың бірі ретінде атаған Евгений Мураев "Страна.ua" басылымына берген комментарийінде Кремльдің жоспарына қатысы барын терістеді.
"Медведчукпен араздасқаныма байланысты 2018 жылы Ресей маған санкция салған. Отбасымның ондағы (Ресейдегі) активтері бұғатталған. Британ арнайы қызметі мен Форин-офистің Ресей мені "оккупациялық үкімет" басшысы етіп тағайындағысы келеді-міс дегенімен мұның қалай қабысатынын мистер Биннен сұрау керек шығар" деп жауап берген ол.
Ресей әскері Украинаға басып кіруі мүмкін деген болжамдар 2021 жылдың күзінен бері талқыланып келеді. Баспасөз құралдары Ресей Украинамен шекараға әскерін шоғырландырып жатқанын хабарлап, Ресей шабуылының жоспары жайлы болжамдар жариялаған. АҚШ пен Еуропа елдері егер Ресей әскері Украина шекарасынан өтетін болса қатаң санкция енгізуге әзір екенін мәлімдеген. Мәскеу соғысқа дайындалып жатпағанын, әскерді жаттығу өткізуге апарғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР