Қырғызстанның Баткен ауданында шекарадағы жағдайға байланысты 11 052 тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Бұл жөнінде ресми билік ақпаратына сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды.
10 410 адам - қауіпсіз аймақтағы үйлерге көшірілсе, 642 адам уақытша ашылған пунктерге жайғастырылған. Кейбір аумақта тұрғындар мешітке орналастырылған.
Ақпаратқа қарағанда, эвакуацияланған азаматтарға дәрігер көмегі беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Төтенше жағдай министрлігі уақытша көшірілгендер қажетті заттармен қамтамасыз етілгенін айтты.
27 қаңтарда қырғыз-тәжік шекарасындағы Баткен ауданына қарасты Торт-Кочо (Қырғызстан) елді мекені тұсында тәжік азаматтары жолды жауып, келіссөзден кейін жол ашылған. Біраз уақыттан соң Қырғызстанның Шекара қызметі тәжік тарабынан оқ атылғанын хабарлады. Қырғызстан мұны тәжік шекарашыларының арандату мақсатында жасалған әрекеті деп атаған. Ал тәжік тарабы Қырғызстанды айыптады.
Соңғы мәлімет бойынша, қырғыз жағынан 11 адам жарақаттанған. Денсаулық сақтау министрлігі олардың жағдайы орташа екенін айтты. Тәжікстанның "Ховар" агенттігі жанжал кезінде тәжік жақтан екі адам мерт болып, он адам жарақаттанғанын хабарлады. Он адамның алтауы – әскери қызметкер, төртеуі бейбіт тұрғын.
Қырғызстан мен Тәжікстан 28 қаңтарға қараған түні таңғы 4 шамасында шекарада атысты тоқтатуға келісті.
Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара қашықтығы 970 шақырым болса, оның 519 шақырымы ғана реттелген. Шекараның бекітілмеген жерінде жер, су үшін жиі жанжал болып тұрады.
ПІКІРЛЕР