Түркия президенті Режеп Ердоған мемлекеттік статистика институтының жетекшісі Саит Эрдал Динчерді отставкаға жіберді. Қаңтар басында елде инфляция деңгейінің 19 жылда болмаған деңгейге жеткені туралы ресми мәлімет жарияланған. Статистика институтының жетекшісі осы мәлімет шыққаннан кейін бірнеше аптадан кейін қызметінен кетіп отыр.
Динчердің орнына институт жетекшісі болып Эрхан Четинкая тағайындалды. Ол бұған дейін банктерді реттейтін мекеме төрағасының орынбасары болған. Ердоған кадрлық шешімінің мәнін түсіндірмеді.
3 қаңтарда тұтынушы баға индексі желтоқсанда былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,1 пайызға артқаны туралы мәлімет жарияланған кезде Динчерді үкімет те, оппозиция өкілдері де қатаң сынаған.
Оппозиция өмір сүру кемінде екі есе қымбаттап кеткенін айтса, түрік ақпарат құралдары Ердоған "елдегі экономикалық дағдарыс ауқымының тым ұлғайтылып көрсеткеніне" наразы деп жазды.
Сарапшылар Ердоғанның Орталық банк жұмысына араласуы инфляцияны ушықтырып жіберді деп санайды. Көптеген елде орталық банктер пайыздық мөлшерлемені арттырып, ақша-несие саясатын қатаңдату арқылы инфляцияны тежегісі келеді. Ал Ердоғанның айтуынша, жоғары пайыз мөлшерлемесі инфляцияны тудырғандықтан оны азайтуға мәжбүр екенін айтқан.
ПІКІРЛЕР