31 қаңтардағы ақпарат бойынша, Қырғызстанның Баткен облысындағы қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай тұрақты. Қырғызстан ішкі істер министрлігі Тәжікстан милициясымен бірге шекара маңындағы ауылдарды тәулік бойы аралап, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.
27 қаңтарда қырғыз-тәжік шекарасындағы Торт-Кочо (Қырғызстан) елді мекені тұсында тәжік азаматтары жолды жауып, келіссөзден кейін жол ашылған. Біраз уақыттан соң Қырғызстан шекара қызметі тәжік тарабынан оқ атылғанын хабарлады. Қырғызстан мұны тәжік шекарашыларының арандату мақсатында жасалған әрекеті деп атаған. Ал тәжік тарабы Қырғызстанды айыптады.
Кейінгі мәлімет бойынша, қырғыз жағынан 11 адам жараланған. Денсаулық сақтау министрлігі олардың жағдайы орташа дейді. Тәжікстанның "Ховар" агенттігі жанжал кезінде тәжік жақтан екі адам мерт болып, он адам жараланғанын хабарлады. Он адамның алтауы – әскери қызметкер, төртеуі бейбіт тұрғын.
Қырғызстан мен Тәжікстан 28 қаңтарға қараған түні таңғы төрт шамасында шекарада атысты тоқтатуға келіскен.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы ұзындығы 970 шақырым шекараның 519 шақырымы ғана реттелген. Шекараның бекітілмеген тұсында жер, суға бола жиі жанжал болып тұрады.
ПІКІРЛЕР