Accessibility links

БҰҰ: Тәліптер бұрынғы биліктің ондаған шенеунігі мен әскерилерін өлтірді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда террористік ұйым деп, қызметіне тыйым салынған) билікке келіп, елден шетелдік әскер шығарылғаннан кейін, тәліптер жария еткен рақымшылыққа қарамастан, кезінде халықаралық әскери күштермен бірге жұмыс істеген, бұрынғы ауған үкіметі мен қауіпсіздік күштерінде жұмыс істеген ондаған шенеунік мерт болған. Мұндай деректі 30 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде баяндама жасаған БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш айтты деп хабарлады Reuters.

Баяндамаға сәйкес, 15 тамыздан бері жүзден аса адам, оның үштен екісі – тәліптер мен олардың жақтастарының қолынан көз жұмған.

Құжатта "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қатысы бар делінген кемі 50 адамның да соттан тыс жазаланғаны айтылған.

БҰҰ есебінде Ауғанстанда билікке тәліптер келген соң экономикалық және гуманитарлық дағдарыс жайлап, құқық қорғаушылар мен журналистерге қысым көрсетіліп жатқанын да атап өткен.

Тәліптер Ауғанстан билігіне 2021 жылдың тамызында келді. "Талибан" қозғалысын бірқатар ел, оның ішінде Қазақстан да террористік ұйым деп біледі.

Былтыр қазанда Қазақстан президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыханов бастаған делегация Ауғанстанға сапармен барған. Кабулда Қазыханов "Талибан" әкімшілігінің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесіп, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және сауда-экономикалық қарым-қатынасты қалпына келтіру мәселелерін талқылаған. Қазақстандық дипломаттардың әрекеті әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Атап айтқанда, кей сыншылар бес мың тонна ұнды Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде жіберуді терроризмді қаржыландыру ретінде бағалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG