Accessibility links

Ақтауда бір топ әйел баспанасын рәсімдеуді талап етіп әкімдікке барды


Бір топ әйел жалға берілген үйді заңдастырып беруді талап етіп, Маңғыстау облысы әкіміне келіп тұр. Ақтау. 31 қаңтар, 2022 жыл.
Бір топ әйел жалға берілген үйді заңдастырып беруді талап етіп, Маңғыстау облысы әкіміне келіп тұр. Ақтау. 31 қаңтар, 2022 жыл.

31 қаңтарда Ақтау қаласында көп балалы әйелдер, мүгедек баласы бар ата-аналар мен мүгедектігі бар қала тұрғындары жиналып, жалға берілген пәтерді жекешелендіруді талап етті. Бұл – Ақтау, Жаңаөзен қалаларында 2-8 қаңтар аралығында өткен "газ митингісінен" кейін наразылардың облыс әкімдігі алдына топ болып алғаш жиналуы.

Наразылар талабын Азаттыққа Ақтау қаласы тұрғыны Нұрсұлу Жұмағалиева жеткізді. Ол жіберген видеода Маңғыстау облысы әкімдігі алдына жиналып, "Ноғаев! Ноғаев!" деп айқайлаған елу шақты адамның қарасы көрінеді. Жұрт Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауын талап еткен.

Нұрсұлу Жұмағалиева жиналған елу шақты адамның аз қамтылған, көп балалы, мүгедек баласы бар, толық емес отбасы тәрізді түрлі санатпен жергілікті биліктен екі жыл бұрын баспана алғандар екенін айтады.

- Бірақ біз ол баспананың жалға берілгенін білген жоқпыз. Оны аламыз деп біріміз алты, біріміз жиырма жыл тұрған үй кезегінен айырылдық. 2020 жылы "Өзенмұнайгаз" демеуші болып 500-дей отбасы Ақтауға көшкен едік. Үйдің сапасы мен шаршы метрінің адам санына сай емес екені туралы талап айтып жатқан жоқпыз, - дейді Нұрсұлу Жұмағалиева.

Оның сөзін қоштаған зейнеткер Тоғжан Ақпанова қайтыс болған қызының екі баласының қамқоршысы екенін, жалға деп берілген баспананы қазір рәсімдеп алмаса, өзі көз жұмса, жетім балалар далада қалады деп уайымдайтынын айтады.

Төрт баланың анасы, Жаңаөзеннен көшіп келген Жанар Рысжанованың талабы да осы. Оның екі баласы мүгедек.

Жиналғандардың ортасына келген облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров жалға берілген үйдің жекешелендіруге жатпайтынын айтқан.

Түс ауа наразыларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдаған. Жиналғандардың айтуынша, оларға әкім нақты жауап айтпаған, тек мәселені қарауға он күн рұқсат сұраған.

- 10 ақпанға дейін уақыт беруді сұрады. Бірақ нақты жауап айтпады, - дейді Нұрсұлу Жұмағалиева.

Азаттық мәселенің жай-жапсарын білмек болып, облыс әкімінің баспасөз қызметіне хабарласқанмен, жауап ала алмады.

Бұған дейін мұнай өндіруші моноқала - Жаңаөзендегі жұмыссыздықты азайту үшін тұрғындардың біраз бөлігін Ақтауға және елдің солтүстік аймақтарына көшіру бағдарламасы жасалған еді. 2020 жылы Маңғыстау облысындағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы аз қамтылған отбасыларын пәтермен қамтамасыз ету үшін 1 миллиард теңге ақша бөліп, оған Ақтаудан 120 пәтер сатып алынған.

Биыл қаңтарда Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан. Басқа аймақтарда болған қақтығыс, атыс кесірінен кемінде 227 адам қаза болды. Ал Маңғыстаудағы бейбіт митинг кезінде тәртіп бұзу болған жоқ. Ақтау мен Жаңаөзендегі митингілер кезінде халық билікке саяси және экономикалық талаптар қойып, саяси жүйені толық ауыстыруға үндеген. Митинг лидерлерінің айтуынша, соңғы күндері жұртты арандатуға тырысқандар көбейген. Ақтаудағы наразылық жиынын билік өкілдері мен әлдебір белгісіз адамдар 8 қаңтарда "қуып таратқан".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG