Accessibility links

Сот Кіші Талдыкөлдің бірнеше аумағында құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім шығарды


Нұр-Сұлтан қалалық сотының алдында кіші Талдыкөлді көму жұмыстарын тоқтатуды талап етіп тұрған Art platform өкілі Майя Сағым. 18 ақпан 2022 жыл.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының алдында кіші Талдыкөлді көму жұмыстарын тоқтатуды талап етіп тұрған Art platform өкілі Майя Сағым. 18 ақпан 2022 жыл.

18 ақпанда Нұр-Сұлтан қалалық соты Aqiqat корпоративтік заңгерлер коалициясының жеке шағымын қанағаттандырып, Кіші Талдыкөлдің екі аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтатты. Бұл жөнінде коалиция өкілі Шыңғыс Темір Facebook парақшасында хабарлады.

"Қазір ғана астана қалалық соты жеке шағымымызды қанағаттандырып, көлдің кейбір аумақтарында "Зеленый квартал" және "City Lake" тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы жерде жүргізіліп жатқан барлық құрылыс жұмысын тоқтатуды ұйғарды" деп жазды белсенді.

Оның айтуынша, бұл шешімнің көлдің оңтүстік жағындағы аумақтарға қатысы жоқ.

Vlast сайтына берген сұхбатында белсенді бұған дейін құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шағым түсіргенмен екі рет өтініші орындалмағанын айтқан.

Қоғам назарын осы процеске аударту үшін жұма күні қалалық соттың алдында екі белсенді: суретші Аида Ысқақова және Artcom Platform қауымдастығының өкілі Майя Сағым бірінен соң бірі екі пикет өткізді. Азаттыққа берген сұхбатында Майя Сағым "сот зерттеу жүргізуді тапсырды, зерттеулер аяқталғанша көлді көму жұмыстары тоқтатылсын, менің талабым осы" деді.

Ақпаратқа қарағанда, Aqiqat корпоративтік заңгерлер коалициясы мен әкімдік арасында кіші Талдыкөл мәселесі бойынша сот қаңтар ортасынан бері жалғасып келе жатыр. Шағым беруші тарап – коалиция өкілдері кіші Талдыкөлдің су қорғау аймағын белгілеу бойынша қажетті жұмыс жүргізбеген әкімдіктің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, кінәлілерді әкімшілік жауапқа тартуды сұрап отыр. Бұған қоса, ведомствоны қателігін түзеуге міндеттеуді, көл аумағын компанияға өтеусіз уақытша пайдалануға беру туралы шешімін заңсыз деп тануды, сонымен бірге әкімдіктің көлді су қоры тізімінен шығарып, елді мекендер қатарына қосу туралы қаулысының күшін жоюды сұрап отыр.

Осы аптада сот процесі кезінде Кіші Талдыкөлдің су қорынан алынуының жай-жапсары белгілі болған. Мұндай шешім қабылданар кезде көлдің жағдайы ескерілмеген және оған су қоры өкілдері де қатыстырылмаған.

Сот экология министрлігі өкілдеріне аталған көлдер тобына зерттеу жүргізуді, зерттеу қорытындысы дайын болғанға дейін Aqiqat шағымы бойынша құрылысты тоқтатуды ұйғарды.

(Жаңалықты әзірлеуге Әсемгүл Мұхитқызы да қатысты).

Қарай отырыңыз: Кіші Талдыкөл әлі көміліп жатыр (Қазан 2021 жыл).

Кіші Талдыкөл әлі көміліп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG