Ресей басшысы Владимир Путин Украинаға соғыс ашуға дайын. 19 ақпан түнде болған баспасөз мәслихаты кезінде АҚШ президенті Джо Байден осылай деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, оның бұлайша мәлімдеуіне "ірі негіз" бар.
Америка басшысы АҚШ-тың "мықты барлау қауымдастығы бар" деп қосымша нақтылайтын сұрақтарға жауап бермеді. Байденнің айтуынша, басып кіру кезінде Украина астанасы Киевке де шабуыл жасалуы мүмкін. Мәселе әуе соққысы немесе құрлықтан басып кіру жөнінде болып отыр ма деген сұрақты да президент "жауапсыз" қалдырды.
Байденнің айтуынша, Ресей Украинамен шекарасына 150 мың әскерін орналастырған. Бұл жолы ол шабуыл жасайтын уақытты атамады, алдағы күндері немесе келесі аптада болуы мүмкін деп қана қойды.
Байден Путин Украинаға соғыс ашу мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылдап қойды десе де, мәселені әлі де болса дипломатиялық жолмен шешуге болады деп санайды. Ол жуырда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кездесуі мүмкін екенін жеткізген.
Украина шығысындағы Донбаста ресейшіл сепаратистер мен украин армиясы өкілдері бір-бірін өз аумағын атқылады деп айыптап келеді. Байденнің мәлімдемесі осындай ақпарат жиілеген шақта жарияланып отыр. Сепаратистік республикалар 18 қаңтарда халқының біраз бөлігін Ресейге көшірген.
Көптеген ірі беделді басылымдардың жазуынша, Америка барлау қызметі Ресейдің Украинаға басып кіруге дайындалып жатқанын былтыр күзден бері айтып келеді. Блинкен мен президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан шабуыл 20 ақпанға дейін яғни, Пекиндегі Олимпиада біткенге дейін басталуы мүмкін деген.
Америка билігі мен одақтастары Ресей көрші елге басып кірсе, Мәскеуге қатаң санкция салатынын ескерткен. Мәскеу әскери операция жоспары барын жоққа шығарады.
18 ақпан күнгі брифинг кезінде АҚШ ұлттық экономикалық кеңес директорының орынбасары Далип Сингх қаржы саласына салынатын санкция Мәскеуді шетел капиталы мен маңызды технологиядан ажыратады деп мәлімдеген.
- Жұма күні Путин Александр Лукашенкомен кездесуден кейін Украинаны Донбастағы сепаратистермен келіссөз үстеліне отыруға және Донбастағы "қақтығысты аяқтауға бағытталған саяси, әскери, экономикалық және гуманитарлық шараларды" келісуге шақырған.
- Путин қақтығысты Минск келісімін орындау арқылы шешуге болады деп талай мәлімдеген. Алайда Киев пен Мәскеу құжатты әрқалай тәпсірлейді. Мәскеу аталған қақтығыс бойынша өзін тараптардың бірі ретінде танудан бас тартқан және Украина шығысындағы соғыс ел ішіндегі қақтығыс деумен келеді.
ПІКІРЛЕР