Accessibility links

"Мәскеуге ілтипат". Назарбаевтың "Болашағын" Тоқаев не үшін өзгертті?


2013 жылғы 29 қараша. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашақ" форумында стипендиаттармен кездесіп тұр. Стипендияны 1993 жылы Назарбаевтың өзі құрған.
2013 жылғы 29 қараша. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашақ" форумында стипендиаттармен кездесіп тұр. Стипендияны 1993 жылы Назарбаевтың өзі құрған.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған "Болашақ" бағдарламасы мыңдаған қазақстандыққа әлемнің үздік университетінде білім алуға жол ашты. Көбі АҚШ пен Еуропа университеттерін таңдайтын. Бірақ жақында президент Тоқаев стипендияны Ресей бағытына бұру қажетін айтты, көп ұзамай мемлекет жолдайтын оқу орындарының тізіміне көрші елдің тағы төрт университеті қосылды. Бұл шешімнің қисыны қандай?

ТІЗІМГЕ ҚОСЫЛҒАН РЕСЕЙДІҢ БЕС УНИВЕРСИТЕТІ

Қаңтар оқиғасы кезінде Мәскеу бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскеріне сүйенген президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қаңтарда "Болашақ" бағдарламасын Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарына қарай бағдарлау қажетін айтты. Алты күннен соң, аталған стипендияны үйлестіретін "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы "Болашақ" бағдарламасының ЖОО тізіміне Ресейдің төрт университетін қосты. Олар: Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, "МИФИ" ұлттық зерттеу ядролық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу физика-техникалық институты.

Бұған дейін ХБО беделді академиялық рейтингтерде үздік деп танылған оқу орындарын ғана қарастыратын. Ол үшін орталық QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities және Times Higher Education World University Rankings рейтингтеріне сүйенетін. "Болашақ" тізіміне қосу үшін шетел университеті осы үш рейтингтің кемі екеуінде үздік 250 оқу орны қатарында болуы шарт еді. Осы шарт бойынша, мемлекеттік стипендиядан үміткерлер Ресейден тек Мәскеу мемлекеттік университетін ғана таңдай алатын. Тізімге жаңадан қосылған Ресей университеттері аталған рейтингтерде көш соңында жүр.

Академиялық рейтингтер және ондағы Ресей университеттері

QS World University Rankings − әлемдегі университеттердің ең ықпалды рейтингтерінің бірі. Рейтингті жыл сайын Ұлыбританиядағы Кваркелли Саймондс компаниясы дайындайды. QS рейтингісі өз әдістемесінде оқу орындарының академиялық беделі, жұмыс берушілер арасындағы беделі, оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, оқу орнындағы шетелдік студенттер мен шетелдік оқытушылардың үлесі және беделді ғылыми журналдарда ғылыми зерттеулерді жариялау жиілігі тәрізді критерийлерге сүйенеді.

QS World University Rankings-тің 2022 жылғы тізімінде Мәскеу физика-техникалық институты 290-шы, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті 242-ші, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті 281-ші, ал "МИФИ" ұлттық зерттеу ядролық университеті 319-орында тұр.

Әлем университеттерінің академиялық рейтингі немесе Шанхай рейтингін Цзяо Тун Шанхай университеті әзірлейді. Рейтинг университет түлектері мен оқытушылардың қаншауы Нобель немесе Филдс (төрт жылда бір рет жасы 40-қа толмаған 3-4 математикке берілетін Fields Medal) сыйлығының лауреаты, Science Citation Index – Expanded (SCIE) и Social Sciences Citation Index (SSCI) индекстеріне кіретін журналдарда шыққан мақалалар санын негізге алады.

Әлем университеттерінің 2021 жылғы академиялық рейтингіде Мәскеу физика-техникалық институты 501-600-орындар аралығында, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті 301-400-орындар аралығында, "МИФИ" ұлттық зерттеу ядролық университеті 701-800-орындар аралығында жайғасқан.

Times Higher Education басылымының зерттеуі негізінде дайындалған әлемдегі үздік университеттердің 2022 жылғы рейтингінде Мәскеу физика-техникалық институты 201-250-орындар аралығында, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті 601-800-орындар аралығында, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті 801-1000-орындар аралығында, ал "МИФИ" ұлттық зерттеу ядролық университеті 401-500-орындар аралығындағы оқу орындарының тізіміне кірген.

"ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БАТЫСТА, СОНДЫҚТАН БАТЫСТА ОҚУ КЕРЕК"

Азаттық "Халықаралық бағдарламалар орталығына" ресми сауал жолдап, рейтингі төмен Ресей университеттері "Болашақ" бағдарламасымен оқитын оқу орындарының тізіміне не себепті және қандай критерийлер бойынша кіргенін сұрады. "Халықаралық бағдарламалар орталығы" Ресейдің бес оқу орны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен БРИКС елдерінің (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) рейтингтерінде топ-20 ішінде" деп жауап берді. Бұған дейін "Болашақ" тізіміне оқу орындарын қосу кезінде ЭЫДҰ және БРИКС елдерінің ұлттық рейтингтері назарға алынбайтын.

Элдар Ахметқалиев
Элдар Ахметқалиев

– Болашақ" тізіміне кірген Ресей университеттерінде білім беру сапасы жаман емес, бірақ білім сапасын бақылау нашар, − дейді АҚШ-та тұратын қазақстандық кәсіпкер Элдар Ахметқалиев. − АҚШ-та прогресті апта сайын бақылайды, сондықтан жүйені алдау қиын, бәрін өз бетінше орындайсың. Ал Ресейде жарты жыл бойы оқымай жүріп, сессияны жаба салуға болады, көпшілік солай істейді.

Ахметқалиев Ресейде де, АҚШ-та да білім алғандықтан екі елдің білім беру жүйесін салыстыра алады. Ол "Болашақтың" тізіміне жақында енген Мәскеу физика-техникалық институтының бакалавриатын 2007 жылы қолданбалы математика мамандығы бойынша тәмамдап, екі жылдан кейін сол университеттің магистратурасын аяқтады. 2015 жылы АҚШ-тағы беделді Калифорния технология институтының (California Institute of Technology) PhD бағдарламасы бойынша тәмамдаған. Ахметқалиев – Кремний алқабындағы танымал қазақстандықтардың бірі. Ол спорт аналитикасын талдайтын MOCAP Analytics стартап жобасын жасап шығып, кейін оны спорттағы мәліметтерді жинайтын Sportradar ірі халықаралық дата компаниясы сатып алған.

Ал "Болашақ" бағдарламасының түлегі Ерлан Салықов (аты-жөні кейіпкердің өтінішімен өзгертілді) Батыстың инженерлік технологиялары Ресейден көш ілгері екенін айтады.

– Ресей мұндай технологияларға әлі жеткен жоқ. Сондықтан озық технологияларды енгізу үшін Ресейде емес, Батыста оқу керек, – дейді ол.

Салықов Ұлыбританиядағы Манчестер университетінің магистратурасын "инженериядағы басқарудың озық жүйелері" мамандығы бойынша аяқтады. Ол Манчестер университетінде оқу кезінде посткеңестік кеңістікте дамымаған робототехника, роботтарды бағдарламалау, жүйелерді басқаруды меңгерген.

Батыста білім алудың артықшылықтары тек қана алдыңғы қатарлы технологияларды меңгерумен шектелмейді. Ағылшын тілі – ғылым мен технологияның тілі, ғылыми әдебиеттер мен мақалалар негізінен ағылшын тілінде жарияланып, үнемі жаңартылып отырады. Сондықтан ағылшынтілді елдерде оқитын жастар үшін соңғы ғылыми жаңалықтар мен материалдарды бірден оқып біле алады.

− Әлем үздіксіз даму үстінде, сондықтан техникалық мамандықтағы оқулықтарды үнемі жаңартып отыру керек. Соңғы ғылыми ақпаратты ағылшын тілінде оқып білуге болады. Орыс тіліндегі ғылыми оқулықтар мен мақалаларға қарап орыс тілінде ондай ақпарат көп емес деген тұжырым жасауға болады. Өкінішке қарай, орыс тіліндегі оқулықтар дәл Батыс елдеріндегі ағылшын тіліндегі оқулықтар тәрізді жиі жаңартылмайды, − дейді Ұлыбританиядағы University College London оқу орнын химиялық инженерия саласындағы PhD бағдарламасын аяқтаған Әсия Ермұхамбетова.

"САЯСИ АСТАРЫ БАР ШЕШІМ"

Ресейде кезінде грант бойынша оқыған Элдар Ахметқалиев қазақстандықтар Ресей оқу орындарына өз бетінше түсіп, сол елдің студенттерімен бірдей стипендия алып, жатақханада тұра алатындықтан, "Болашақ" бойынша Ресейде оқығысы келетін жастар көп болмайды деп болжайды. Оның үстіне "Болашақ" бағдарламасының талаптарына сәйкес, шетелде оқу үшін жылжымайтын мүлікті кепілдікке қою керек. "Оқуды да, жүріп-тұру шығынын да өзін көтере алатын жерде, кепілдікке мүлік қойып, "Болашақпен" оқығысы келетіндер аз болмақ".

Қазақстандықтар Ресейде "Болашақсыз-ақ" үкіметаралық келісімдер бойынша тегін білім ала алады. Ресейдегі Қазақстан елшілігінің мәліметінше, 2019-2020 оқу жылында Ресейде 74 мың қазақстандық оқыған. Ресейде оқитын шетелдік студенттердің 25 пайызы – қазақстандықтар. Қазақстандықтар Ресей университеттеріне өз бетінше түсе алса, оларды "Болашақ" тізіміне қосудың не қажеті бар?

Ерлан Салықов Тоқаевтың "Болашақ" тізіміне Ресей университтерін қосу тапсырмасын саяси шешім деп бағалайды. Оның ойынша, бұл жақын арада Ресеймен қарым-қатынас күшейе түсетіннің белгісі.

Елден Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері шығып кеткен соң, сарапшылар "Тоқаев Путинге қарыз, әскер кіргізудің қарымтасын енді қайтара бастайды, елде Ресей ықпалы күшейеді" деген пікір айтқан. Тоқаев мемлекеттік Qazaqstan арнасына 17 ақпан күні берген сұхбатында "ҰҚШҰ әскерін елге кіргізген соң Путинге қарыз болып қалдық" деген сөздерді "бос әңгіме" деп атады.

Азаттықтың "Ресейдің рейтингі төмен университеттерін "Болашақ" тізіміне қосудың саяси астары бар ма?" деген сұрағына "Халықаралық бағдарламалар орталығы" "бұл – Тоқаевтың тапсырмасына сай жүзеге асырылды" деп қайырған.

"Болашақ" бағдарламасымен АҚШ-та білім алған саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов стипендия тізіміне Ресей оқу орындарын қосудың саяси астары бар деп есептейді. Оның ойынша, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері елден шығып кеткен соң, "Тоқаев ресейшіл президент екенін дәлелдеу үшін нақты ұсыныспен шығу сұранысы пайда болды".

Шалқар Нұрсейіт
Шалқар Нұрсейіт

− Мұны ["Болашақ" тізіміне Ресей оқу орындарын қосуды] Тоқаевтың Путин мен Ресейге көңілі дұрыс екенін, интеграцияға қарсы емес екенін білдіру үшін жасалған амал деп бағалауға болар. Бұл бірінші кезекте Қазақстан Ресеймен саяси-экономикалық интеграцияға мүдделі дегенді көрсету үшін жасалған. Экономикалық интеграция Еуразия экономика одағы құрылғаннан кейін қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылға қарай мұнай және газ саласының ортақ нарығын қалыптастыру жоспарланған. Сондықтан білім саласында интеграция күшеюі керек деген позицияны да ұстанып отырған сияқты. Ал бұл мәдени интеграцияны да күшейтеді, − дейді Шалқар Нұрсейітов.

Ахметқалиев Ресей талантты қазақстандықтарды өз университеттерінде оқытуға аса мүдделі дейді. "Оқу орындарының бюджетіне ақша түседі. Кей мамандар Ресейде қалып қояды, енді бірі сол елден серіктестер тауып, бірігіп бизнес жүргізеді".

Шалқар Нұрсейітов басқа елде оқыған, тұрған кез келген азамат тәрізді Ресейде оқыған азаматтарда сол елге іш тарту пайда болады дейді. "Мұны ["Болашақ" бағдарламасымен Ресейде оқытуды] білім саласындағы әріптестік деуге келмейді. Мұның артында ресейшіл техникалық мамандарды дайындаймыз және бұған Ресей көмектеседі деген ойды қалыптастыру мақсаты жатыр".

Ресейде техникалық мамандық оқитын жастардың кейін елде қаншалықты сұранысқа ие болатыны, бұл бойынша зерттеу жүргізілмеген-жүргізілмегені түсініксіз. "Халықаралық бағдарламалар орталығы" "Азаттыққа" жауабында Ресей университеттері тізімге білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сай енгізілгенін ғана келтірген.

Шалқар Нұрсейітов мұндай шешімдерді қабылдамас бұрын Ресейде оқып келген инженер мамандар жұмыс істей алатын өндіріс орындары елде бар ма, ол мамандарға жұмыс табыла ма деген зерттеу жүргізілуі керек еді дейді.

Елде өндіріс орындар тапшы болғандықтан, Батыста инженерлік-техникалық мамандық оқыған жастар жұмыс таппай, көп ретте мәндес немесе басқа мамандықта жұмыс істеуге мәжбүр. Манчестер университетін тәмамдаған Ерлан Салықов елге оралған соң роботтарды бағдарламалау саласында жұмыс іздегенімен, бұл бағыт бойынша өндіріс орны мүлде жоқ болып шыққан. Білімін қолдана алмайтынына көз жеткізген ол қазір мұнай кен орындарының бірінде автоматтандыру бойынша маман болып жұмыс істейді.

− Мен оқыған мамандық бойынша жұмысты тек Германия, Швейцария тәрізді технологиясы дамыған елдерден ғана табуға болады, − дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG