Accessibility links

Еуроодақ Ресейге еуро банкноттарын сатуға тыйым салды


Мәскеу, 28 ақпан, 2022 жыл.
Мәскеу, 28 ақпан, 2022 жыл.

Еуроодақ Ресейге еуро банкноттарын сатуға, жөнелтуге және экспорттауға тыйым салды. Бұл жөнінде Еуропа одағының ресми журналында жазылған. Бұл тыйым жеке тұлғалар мен компаниялардың барлығына қатысты. Тек жеке сапарда жұмсайтын ұсақ ақшаға ғана тыйым жоқ.

Бұған қоса, "Открытие", "Новикомбанк", "Промсвязьбанк", "Россия", "Совкомбанк", "ВЭБ.РФ" және "ВТБ" банктері SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажыратылды.

Мәскеу Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды қолдап, елге әскер кіргізген 24 ақпаннан бері АҚШ пен Еуроодақ Ресейге қатаң санкциялар салып жатыр. Еуропаның бірнеше саясаткері бұл санкциялардың мақсаты – Мәскеуді әлем экономикасынан бөліп тастау екенін айтты.

Еуроодақ елдері мен АҚШ Ресей ұшақтарын әуе кеңістігіне кіргізбейтін болды. Boeing және Airbus ұшақтарын ел ішінде жөндеуге мүмкіндік берілмейді, бұл Ресейдегі әуе тасымалы нарығына үлкен қауіп төндіреді. Бұған қоса, Ресейге заманауи электроника тауарлары мен мұнай өндіруге қажет техника жеткізуге де тыйым салынған. Ғылыми әріптестікке де шек қойылды. Ресей Орталық банкінің мемлекеттік қарызы да бұғатталды. Алғаш рет Ресей президенті Владимир Путиннің өзіне де санкция салынды.

Ресей билігі экономика бұл шектеудің бәріне төтеп береді деп отыр. 2 наурызда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков экономикаға "ауыр соққы" тигенімен, Ресей "нық тұра алатынын" мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG