10 наурызда Қырғызстанның Баткен облысының қырғыз-тәжік шекарасы маңында атыс болды. Бұл туралы Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті хабарлады.
Ресми мәліметке қарағанда, сағат 10:50-де шекарада мәртебесі анықталмаған Тескей деп аталатын жерде Тәжікстанның шекара отряды "бұған дейін белгіленген қозғалыс бағытын бұзып, шекара күзетінің жаңа межесіне өтіп, сол жердегі қырғыз шекарашыларынан кетуін талап еткен".
Қырғызстан шекара қызметінің мәліметінше, тәжік шекарашыларына қосымша күш келген сол олар жаңа межеге өтуге талпынды.
"Алайда қырғыз шекарашылары Тәжікстан жауынгерлеріне жол бермеді. Атыс шамамен 10 минутқа созылды. Атыстан қырғыз жағынан ешкім зардап шекпеді" деп хабарлады ҰҚМК Шекара қызметі.
Азаттық радиосы Тәжік қызметінің Исфарадағы дереккөзінің хабарлауынша, атыстан жараланғандар бар. Исфара ауруханасындағы дәрігерлерлер де бұл ақпаратты растады, бірақ Тәжікстанның ресми билігі әзірге мәлімет таратқан жоқ.
Чорку ауылы тұрғындары мен Исфара қаласы әкімдігіндегі дереккөздердің айтуынша, оқиға № 4 құс шаруашылығы кооперативінің маңында болған.
"Оқиға тәжік шекарашылары ауысқан уақытта болды. Жаңалары келген уақытта қырғыз шекарашылары біздікілерді балағаттап, одан соң ескертусіз оқ ата бастады. Шекарашыларымыздың бірі сол жерде опат болды, тағы бір шаруа жараланды" дейді дереккөз.
Исфара тұрғындарының айтуынша, жол ашық болғанымен Хожаи Аало мен Ворухқа қарай ешкім жүріп жатқан жоқ. Қырғыз әскері жоғары деңгейдегі дайындықпен тұр.
Мәліметтерге қарағанда, шекарадағы оқиғадан соң екі елдің шекарашылары телефонмен сөйлесіп, шекара күзетін оқиға болған жерден алып кетуге келісті. Сағат 11:45-те Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары келіссөз жүргізе бастады.
Қырғыз-тәжік шекарасы 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана мәртебесі анықталған. Шекараның бекітілмеген жерінде жер, су үшін жиі жанжал болып тұрады.
ПІКІРЛЕР