Accessibility links

Qazaq Air компаниясы Ресейге рейстерін қалпына келтіргенін хабарлады


Qazaq Air әуе компаниясы Ресейге ұшатын рейстерін қалпына келтіргенін хабарлады. Компания 13 наурыздан бастап Ресейге қайта ұша бастайды. Жексенбі күннен бастап билет сатып алуға да болады.

"Qazaq Air әуе компаниясы Ресейге жоспарланған барлық рейс 13 наурыздан бастап қалпына келетінін және вебсайт арқылы билетке тапсырыс беруге болатынын хабарлайды" деп жазылған компания сайтындағы хабарламада.

Бір күн бұрын компания Ресей әуе кеңістігін сақтандыру мәселесінің туындауына байланысты Ресейге ұшуын тоқтататынын хабарлаған.

11 наурызда қазақстандық Air Astana әуе компаниясы сақтандыру мәселесіне байланысты Ресейге ұшуын тоқтатқан.

Дәл сол күні SCAT компаниясы Ресейге ұшатын рейстерін көбейтетінін мәлімдеп, бұл бағыт бойынша "халық сұранысы көп болғандықтан" қосымша рейстер шығаратынын айтқан.

Кейінгі кезде Қазақстан мен Ресей арасында әуе қатынасы баяулаған. Осыған дейін ресейлік S7 Airlines және "Аэрофлот" та Қазақстанға ұшуын доғарған. Оның алдында Росавиация әуе компанияларға шетелдік рейстерді тоқтатуға кеңес берген. Себебі Батыс санкциясынан кейін лизингке техника беретін компаниялар ресейлік компаниялармен келісім-шартын үзіп, ұшақтарды қайтаруға мәжбүр болған.

Қазіргі кезде ресейлік тасымалдаушылар пайдаланатын 980 ұшақтың 777-і лизингке алынған, 515-і яғни, жартысынан астамы шетелдік компаниялардан жалға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG