Accessibility links

АҚШ Мемлекеттік департаменті: Қытай Ресейге әскери көмек беруге дайын отыр


Қытай солдаттары
Қытай солдаттары

АҚШ Мемлекеттік департаменті одақтастарына "Украинада "әскери операция" жүргізіп жатқан Ресейге Қытайдың көмектесуге дайын отырғаны" жөнінде құжат жіберген. Бұл туралы АҚШ дипломаттарына сілтеп, The Financial Times хабарлады.

Ресейдің Қытайдан көмек сұрағаны жайлы The Financial Times 13 наурызда жазған. Алайда онда "Қытай келешекте Ресейге әскери көмек бере ме, әлде қазір де көмектесіп жатыр ма?" деген мәселе нақтыланбаған.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан 14 наурызда Қытай Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен Римде кездесіп, осы мәселені талқылауды жоспарлап отыр. Салливан Ресейге "қол ұшын беруге", соның ішінде Батыстың санкциясына қарсы көмектесуге талпынбай-ақ қою жөнінде ескертетінін атап өтті.

"Қытайдың санкцияға қосылмай, Ресей әрекетін үнсіз мақұлдағанын көріп отырмыз. Қытай біздің Украинаға жәрдемімізді айыптап, бейбіт жолмен шешілгені жөн деп мәлімдеді, бірақ іс жүзінде өзі ол үшін саусақ қимылдатқан жоқ", – деген Салливан Ресейді қолдайтын болса Қытайға да санкция салынуы мүмкін екенін ескертті.

АҚШ-тағы Қытай елшілігі Ресейдің көмек сұрағаны туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Financial Times жариялаған хабардың шындыққа сай келмейтінін, "операцияны жүргізуге Ресейдің өз күші жететінін" айтты.

Бұған дейін Қытай компартиясының төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Пекинде бірлескен мәлімдемеге қол қойып, екі ел арасындағы әріптестіктің шегі болмайтынын атап өткен.

Қытай баспасөзі Ресейдің Украинаға басқыншылығын мейлінше ақтап жазып, "АҚШ Украинаның биологиялық қару жасайтын лаборатория салуына көмектесті" деген Ресейдің негізсіз айыптарын да жиі таратып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG