Accessibility links

Қытай сыртқы істер министрі Кабулға барды


Қытай және "Талибан" үкіметінің өкілдері келіссөз өткізіп жатыр. Кабул, 24 наурыз 2022 жыл.
Қытай және "Талибан" үкіметінің өкілдері келіссөз өткізіп жатыр. Кабул, 24 наурыз 2022 жыл.

Ауғанстанмен көрші елдердің келесі аптада Пекинде өтетін кездесуі қарсаңында Қытай сыртқы істер министрі Ван И 24 наурызда Кабулға барды. Қытай ресми түрде "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) үкіметін мойындаған жоқ. Бірақ онымен қарым-қатынас орнатуға ынталы екенін білдірген. Былтыр "Талибан" ауған үкіметін басып алып, елден шетел күштері мен дипломаттар кетуге асыққанда Пекин Кабулдағы елшілігін жаппаған.

"Қытай сыртқы істер министрі Ислам эмираты басшыларымен келіссөз өткіз үшін Кабулға барды" деп жазды Талибанның ресми өкілі Ахмад Йасыр Твиттер парақшасында.

Ақпаратқа қарағанда, Ван И Кабулға келгеннен кейін "Талибан" үкіметі сыртқы істер министрі етіп тағайындаған Әмір Хан Муттақимен кездескен.

Кабулға бармай тұрып Ван И Исламабадта екі күнге созылған Ислам әріптестігі ұйымының кездесуіне қатысқан.

Ауғанстан қазір қаржылық және гуманитарлық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың мәліметінше, Ауғанстанның 38 млн халқының жартысы аштыққа ұшыраған.

Қытай мен Ауғанстан шекарасының ұзындығы небәрі 76 шақырым. Бірақ Пекин соғыстан көз ашпай келе жатқан көршісінде тұрақтылықтың орнауына мүдделі. Кей сарапшылардың айтуынша, Қытай Ауғанстандағы ислам экстремизмі мен есірткінің Орталық Азияға және Қытайдың батысындағы Шыңжаңға тарауына жол бермеуді көздейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG