Польша әскерінің отставкадағы генералы Вальдемар Скшипчак Калининград облысын 1945 жылы Ресей басып алғанын мәлімдеді деп жазады Do Rzeczy газеті.
Генералдың сөзінше, Ресейдің Калининград облысы Пруссия мен Польшаның байырғы жері, сондықтан Варшава бұл мәселені көтеруге тиіс.
Бұған Ресей Сыртқы істер министрлігінің арнаулы өкілі Мария Захарова "мәселені қалай көтерсе, солай түсіреді" деп жауап қатты.
Польша генералының мәлімдемесіне Ресей федерация кеңесінің төрағасы Константин Косачев пен Калиниград облысының үкіметі баспасөз қызметінің жетекшісі Дмитрий Лысков реакция білдірді. Екеуі де Скшипчакқа өткен тарихты қайта оқуға кеңес берді.
"Ешқашан Польшаға тиесілі болған емес. Бұл ақымақ мәлімдеме. Калининград Балтық жағасындағы орыс қаласы болған, болып та қала береді", - деді Лысков.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Шығыс Пруссияның солтүстік бөлігі Совет одағына, қалғаны Польша халық республикасына берілген. Ол жерге Совет одағы 1946 жылы Кенигсберг облысын құрып, артынша Кенигсбергті Калининград деп өзгерткен.
Скшипчак "Калининград облысының әскери маңызы жоқ" дегенімен 2018 жылы қаңтарда Ресей қорғаныс министрлігі ол облысқа "Искандер" зымыран кешенін орналастырған және онысын "Еуропада Ресейге бағытталып тұрған зымыран жүйесіне қарсы күш" деп түсіндірген.
ПІКІРЛЕР