Accessibility links

Берлускони Путиннен "қатты көңілі қалғанын" айтты


Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони.
Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони.

Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони Украинадағы соғысқа байланысты Ресей президенті Владимир Путиннен "қатты көңілі қалғанын" айтты. Ол бұл сөзін сенбі күні жақтастарының алдында сөйлеген кезде айтқан.

"Украина тәрізді бейтарап мемлекет басқыншылыққа ұшырап, қазір қайсарлық танытып, еркіндігі үшін күресіп жатыр. Украинаға қарсы басқыншылық Ресейді Қытайға кіріптар етті. Өте өкінішті. Бүкіл әлем алдында үлкен жауапкершілікті мойнына алған Владимир Путиннен қатты көңілім қалды, қапалымын" деді Берлускони. Оның сөзінен партияның баспасөз хатшысы үзінді келтіреді.

Il Giornale басылымының жазуынша, Берлускони Киев облысының Буча қаласында "нағыз әскери қылмыс жасалды және Ресей жауапкершілігін жоққа шығара алмайды" деген.

Италия ақпарат құралдарының жазуынша, 85 жастағы миллиардер Ресей Украинаға басып кіргелі бері мәлімдемелерінде Владимир Путиннің атын атамаған. Тек "қақтығыстың ушығуына алаңдаулы" екенін айтумен шектелген.

Осыған дейін Берлускони Путинді "досым" деп атаған, олар бір-бірінің резиденцияларына жиі барып тұрған. 2021 жылы қыркүйекте Путин оны телефонмен туған күнімен құттақтағаннан кейін Берлускони Ресей басшысын "осы заманның соңғы біртуар саяси лидері" деп атаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG