"Қазақстан халқына" қоры бүгінге дейін Қаңтар оқиғасында қаза болған 21 марқұмның отбасы ақшалай көмек алады деп шешкен. Бұған дейін қор Қаңтар қырғынында қаза тапқан я жараланған күштік құрылым өкілдерінің отбасыларына, "кездейсоқ" қаза болған бейбіт тұрғындардың отбасыларына ақшалай көмек беретінін мәлімдеген еді. Бұл көмек мөлшері – 7 млн теңге (қазіргі курс бойынша 15,5 мың доллар)
– Қаза болған сегіз бейбіт тұрғынның отбасына өтемақы бердік, 13 отбасы енді алады, барлығы – 21 отбасы, бұл – оннан бірі. Қалғандары бойынша тергеудің аяқталғанына қарай ақпараттын аламыз, – деді қор басшысы Болат Жәмішев 13 сәуірдегі брифингте.
Ақпанның соңында қор Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімоваға сілтеме жасап, Қаңтар оқиғасында 29 азамат "кездейсоқ" қаза болғанын мәлімдеген. Брифингте Жәмішев бұл дерек неге өзгеріп кеткенін айта алмады, бірақ "тергеу органдарынан ақпарат түскеніне қарай көмек көрсете береміз" деді.
Наурыздың басында жергілікті БАҚ Қаңтар қырғынында қаза болған және ауыр жараланған күштік құрылым қызметкерлерінің отбасыларына өтемақыға 451 млн теңге (бір миллион доллардан сәл асатын сома) бөлінетінін жазған. Бұл сома қаза тапқан 19 қызметкердің отбасы мен жараланған 106 қызметкерге берілетіні айтылған.
Қаңтар оқиғасында, ресми дерек бойынша 230 адам қаза болған. Осы оқиғадан соң ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін "Қазақстан халқына" қорын құрған. Тоқаев қорға түскен қаржы науқас балаларды емдеуге, спорт кешендерін салуға, дарынды балаларды қолдауға берілетінін айтқан.
8 сәуірдегі дерек бойынша, қорға 126 млрд теңге түскен. 86,79 млрд теңгені 17 ірі компания; 23,5 млн теңгені төрт қайырымдылық қор; 6,98 млрд теңгені 17 ірі кәсіпкер; 8,64 млрд теңгені 174 заңды тұлға; 139,1 млрд теңгені 74211 тұрғын мен жеке кәсіпкер берген.
Қор қазірге дейін 139 адамға көмек көрсету үшін 4,5 млрд теңге жұмсалғанын мәлімдеді. Бұл көмектің 88 пайызы арқа-бұлшық ет атрофиясына шалдыққан төрт баланың еміне арналған швейцариялық Zolgensma препаратын алуға жұмсалған.
ПІКІРЛЕР