Accessibility links

Қазақстан ресейлік СБЕР-мен "цифрлық үкімет құру" туралы келісімнен бас тартуы мүмкін


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан ресейлік CБЕР-мен цифрлық үкімет құру туралы келісімнен бас тартуы мүмкін. Нұр-Сұлтан бұл жобаны отандық IT-мамандарымен бірігіп, өз күшімен жүзеге асыра алады. Бұл жөнінде жұма күні цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин хабарлады.

"Геосаяси жағдай мен өз тәжірибемізді қарап, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ымен бірігіп, [платформаны] солардың күшімен жасаймыз. Қазақстандық IT-компаниялардың күшімен сол платформа жасалынады" деді Жамбакин.

Оның айтуынша, қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Қазақстан отандық жүйеге екі-үш жылдан кейін көшуі ықтимал, осы жылдың соңына дейін алғашқы сервистері дайын болады.

15 сәуірде жергілікті ақпарат агенттіктерінде Қазақстанның "Сбермен" платформа жасау бойынша келісімнен "бас тартқаны туралы" ақпарат шыққаннан кейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәселеге байланысты қосымша түсініктеме берді. Оның түсініктемесін Tengrinews сайты жариялады. Онда министрліктің мәселені зерттеп жатқаны, "геосаяси жағдайды және сарапшылар пікірі ескерілгені" де айтылады. "Қазіргі кезде "Сбер" тобымен платформаны жасау бойынша ешқандай заңгерлік қатынас орнаған жоқ" деп жазылған министрлік түсініктемесінде. Бірақ ведомство Қазақстан билігінің "Сбермен келісімнен бас тартқаны туралы" ақпаратты терістемеген, не растамаған.

  • Қоғамда дау туғызған құжатқа Қазақстан үкіметі былтыр қыркүйекте қол қойған. Оған сәйкес, ресейлік СБЕР Қазақстанға қазіргі egov-қа балама "цифрлық үкімет" платформасын жасап беруі тиіс болған. Жоба құны 500 млн доллар деп айтылған.
  • Бұл меморандум Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары, арасында IT-қауымдастық өкілдері де бар, жоба елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін алға тартып, платформаны отандық немесе батыс компанияларына неліктен сеніп тапсырмады деген сұрақ қойған. Жеке дерек қауіпсіздігі мәселесі де көтерілген. Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сбер платформасы Қазақстанға "ең қолайлы жүйе" және "ҰҚК талаптарына сәйкес келеді" деп мәлімдеген.
  • Биыл наурыздың соңында министрлік СБЕР-мен келісімге қол қою күн тәртібінде тұрған жоқ деп айтқан.
  • Кремль бақылауындағы "Сбербанк" 2020 жылы "банк" атауын алып тастаған. 2017 жылдан бері Сбербанк қаржыдан бөлек салаларға да инвестиция құя бастаған. Ресей басқыншылығына байланысты салынған Батыс елдерінің санкциясына "Сбер" басшысы Герман Греф те ілінген. Оның аты-жөні Ұлыбритания мен АҚШ-тың "қара тізімінде" кездеседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG