Мариуполь түбінде Ресей бақылауындағы Мангуш ауылынан бауырластар зираты анықталды. Спутник суреттері қазылған траншеяның 300 метрдан асатынын көрсетті. Бұл жөнінде Азаттықтың Украин қызметінің "Схема" жобасы хабарлады. Журналистер жаппай жерлеу ізі бар спутник суреттерін таба алды.
Мұның алдында Мариуполь басшысы Вадим Бойченко Мангуш ауылының түбінде бауырластар зираты барын айтқан. "Мәйіттерді жүк көлігімен әкеліп, орға тастап жатыр" деген еді ол.
Спутник суреттеріне қарағанда, Мариупольден 20 шақырым жердегі Мангуш ауылында бауырластар зираты шамамен наурыздың соңында пайда болған. 23 наурыз күнгі суретте зират жоқ, алты күннен соң түсірілген суретте аумақта 300 метрден астам траншея қазылғаны көрінеді. Жанында қазатын техника да байқалады.
Ал 9 сәуірдегі спутник суреттерінде траншеяның кеңейгені, ал кей бөлігінің көмілгені байқалады. Мариуполь басшысының кеңесшісі Петр Андрющенко "Схема" журналистеріне Ресей сарбаздарының қаза тапқандардың мәйітін өнеркәсіп аумақтарындағы тоңазытқыш камераларына апаратынын, сол жерде пакетпен орап жерлеуге әкететінін айтты.
Журналистер Буча шіркеуінің түбіндегі атышулы бауырластар зиратының ұзындығы 14 метр болғанын, ол жерден 70 адамның мәйіті табылғанын еске салады. Ал Мангуштағы зираттың ұзындығы 300 метрден асады. Мариуполь қалалық кеңесі ол жерде жерленген мәйіт саны үш мыңнан тоғыз мыңға дейін жетуі мүмкін дейді.
Ресей күштері және "Донецк халық республикасының" сепаратистері Мариупольді наурыз басында қоршаған. Қала ішінде шайқас қызып, Мариупольдің басым бөлігін орыс әскері бақылауға алған. Кей мәліметке қарағанда, қазір қалада 3 мыңға дейін украин әскері қалған болуы мүмкін. Басым бөлігі – Ұлттық гвардияның "Азов" полкінің өкілдері мен теңіз жаяу әскерінің 36-бригадасы. Украина билігінің мәліметінше, қалада шамамен 120 мың қала тұрғыны қалған.
21 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин Мариупольдегі "Азовсталь" зауытының өнеркәсіптік аймағына шабуылдауды доғаруды тапсырған. Қоршауда қалған Украина әскері соғысты жалғастырып жатыр. Зауыт жертөлесінде бейбіт тұрғындар да тұрып жатыр.
Украина билігінің мәліметінше, Ресей әскерінің атқылауы салдарынан Мариупольдегі ғимараттардың 90 пайыздан астамы қираған. Қанша бейбіт адамның қаза болғаны белгісіз. Сарапшылар мыңнан асатыны анық дейді.