Дүйсенбі, 25 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден Бриджет Бринкті Американың Украинадағы жаңа елшісі етіп тағайындалғанын хабарлады.
Бриджет Бринк қазір АҚШ-тың Словакиядағы елшісі қызметінде болған. Бұған дейін ол АҚШ-тың Өзбекстан мен Грузиядағы елшіліктерінде, АҚШ-тың қауіпсіздік кеңесі мен мемлекеттік департаментте жұмыс істеген.
АҚШ-тың Украинадағы елшісі қызметі кейінгі үш жылға жуық бос тұрды. Байден әкімшілігі бұл қызметке адам тағайындауға асықпағаны үшін сынға қалған еді. Бриджет Бринктің елші болып тағайындалғаны жайлы жаңалықты заң шығарушылар, сарапшылар мен дипломатиялық корпустағы әріптестері қуана қабылдады
Сенаттағы демократтардың жетекшісі Чак Шумер бұл шешімді «сын сағатындағы керемет жаңалық» деп бағаласа, Польшадағы АҚШ елшісі Дэниэл Фрид Бринкті көпшілік «құрметтейтінін, сыйлайтынын» айтқан.
Ресей әскерінің Украинаға кірген алғашқы күндері АҚШ-тың Словакиядағы елшісі болып жүрген Бриджет Бринк Украина мен Словакия шекарасындағы босқындармен кездесіп, Словакия билігі мен халқын босқындарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан.
АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, Ресейдің Украинаға шабуылына дейін екі апта бұрын Киевтен кеткен американдық дипломаттар осы аптада жұмысын қайта бастамақ. Қазір Польшадан жұмыс істеп отырған америкалық дипломаттар әзірге күн сайын шекараға жақын орналасқан Львов қаласына барып-келіп жұмыс істейтін болады.
ПІКІРЛЕР