Accessibility links

Одессаға әуеден соққы жасалды. Әуежайдың ұшу-қону жолағы бүлінді


Жергілікті тұрғындар Ресей әскері қиратқан Мариуполь қаласында кетіп барады. 29 сәуір 2022 жыл.
Жергілікті тұрғындар Ресей әскері қиратқан Мариуполь қаласында кетіп барады. 29 сәуір 2022 жыл.

Жексенбі күні Одессаға әуеден соққы жасалды. Соның салдарынан әуежайдың ұшу-қону жолағы бүлініп, жарамсыз болып қалған. Бұл жөнінде Украина қарулы күштерінің "Оңтүстік" жедел басқармасы хабарлады.

Куәгерлер бірнеше жарылыс дыбысын естіген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Ресей қорғаныс министрлігі ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Бір апта бұрын да Одессаға зымыранмен соққы жасалған еді. Снарядтардың бірі тұрғын үйге түсіп, 8 адам қаза болған. Арасында үш жасар қыз, анасы мен апасы болған.

Ресей қорғаныс министрлігі Одесса түбіндегі әскери аэродромға соққы бергенін мәлімдеген. Бірақ тұрғын үйге зымыран түсіп, бейбіт тұрғындардың қаза болғаны туралы айтпаған.

Осыған дейін Одессада 1-3 мамыр аралығында коменданттық сағат енгізілген еді. Қалада осы уақыт аралығында пойыздар тоқтайды. Темір жол вокзалы жабылады. Мұндай шаралар Антимайдан наразылығына бір жыл толуы қарсаңында енгізіліп отыр.

2014 жылы 2 мамырда Одессада Еуромайдан жақтастары мен ресейшіл белсенділер арасында қақтығыс болып, 48 адам қаза болған. 2 мамырда қала тұрғындары қаза болғандарды еске алмақ, алайда билік арандату әрекеті болуы мүмкін деп қауіптенеді.

  • 24 ақпанда Ресей "денацификация" және "демилитаризация" жүргіземіз деген желеумен көршілес Украинаға қарсы соғыс бастаған. Ресей Украинадағы соғысты "әскери операция" деп атайды, оны "соғыс" деп атағандарды қатаң жазалайды. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен. Дәлел-айғақтардың көптігіне қарамастан Ресей тарабы азаматтық нысандарды атқылағанын мойындамай келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG