Accessibility links

Нэнси Пелоси: АҚШ соғыс біткенге дейін Украинаға көмектесуге даяр


Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси (ортада). Киев, 1 мамыр 2022 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси (ортада). Киев, 1 мамыр 2022 жыл.

АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Киевке келді. Конгресс делегациясының сапары алдын ала хабарланбады. Украина президенті Владимир Зеленский мен Пелосидің кездесуінен түсірілген видео жексенбі күні таңертең жарияланды.

"АҚШ Ресей басқыншылығына қарсы күресте Киевке көп көмек көрсеткен мемлекет. Украинаның территориялық тұтастығы мен егемендігін қорғауға көмектескеніңіз үшін алғыс айтамыз" деп жазды Зеленский телеграм-арнасында.

Пелосидің Туиттер аккаунтында Конгресс делегациясының Киевке келгенін растайтын хабарлама пайда болды. Қазір ол Польшаға кетіп барады. Делегация құрамында ірі демократ-саясаткерлер бар.

Зеленскиймен кездесу кезінде Нэнси Пелоси Украина қазір еркіндігі үшін ерлікпен күресіп жатыр және АҚШ соғыс біткенге дейін Украинаға көмектесуге дайын деп мәлімдеді. Украина президенті спикерді орденмен марапаттады.

Соғысқа байланысты Украина әуесі әлі жабық. Киевке баратын шетел басшылары Украина астанасына пойызбен жетіп жүр. Сәуір айында Киевте АҚШ мемлекеттік хатшысы және қорғаныс министрі, британ премьер-министрі және Еуропа елдерінің бірқатар басшылары болған.

Осы аптада Өкілдер палатасы Украинаға қару-жарақ пен әскери техниканы бюрократиялық процедураларды айналып өтіп тасымалдауға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдаған. Бұған қоса, Конгреске Украинаға қосымша 33 млрд доллар қаржылай көмек көрсету туралы әкімшіліктің өтініші түскен.

XS
SM
MD
LG