5 мамырда Семейде ондаған жедел жәрдем жүргізушісі қаладағы станция аумағына жиналып, еңбек жағдайына шағымданды. Олар жалақы мен демалыс күндерінің аздығын да алға тартып, арнайы киім берілмейтінін жеткізді.
—Бізде 52 демалыс күні болған, алты күнін қысқартып тастады. Өзге жедел жәрдем станцияларында 150 мың теңге жалақы алады. Ал біздің қолымызға 80-90 мың теңге жалақы тиеді, онда да айдың алғашқы күндерінде емес, кешіктіріп 9-10-дарында береді. Әрқайсымыздың отбасымыз бар, асырау керек. Сыйақы жоқ, 13-жалақы жоқ. Алакөлге бригадаларды аттандырған кезде іссапар ақысын бермейді, тек тегін жататын орынмен ғана қамтамасыз етеді, – деді жедел жәрдем жүргізушісі Нұрзат Жолдасбаев.
Жиналғандар өздерін денсаулық сақтау саласы жұмысшыларының кәсіподақтарына енгені үшін қудалайды деп те мәлімдеді.
Станцияға келген денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жетекшісі Михаил Айзенберг жүргізушілерді қолдады. Оның айтуынша, Семеймен бір облыста тұрған Өскемен қаласындағы станкцияда жағдай "мүлде бөлек". Айзенбергтің сөзіне қарағанда, облыс орталығында жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақылары кешіктірілмейді, қосымша демалыс беріледі, арнайы киіммен қамтамасыз етіледі.
Наразылар алдына шыққан жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Владимир Ли жиналыстың заңсыз екенін, оны өткізуге ешкімнің рұқсат сұрамағанын айтты.
Ли ешкімді қудаламағанын және жұмысшылардың "шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратып отырғанын" айтты.
Бас дәрігердің айтуынша, арнайы киім болмағаны үшін бұрын станцияға айыппұл салынған, бірақ қазір мекеме шешімді сотқа берген. Лидің айтуынша, арнайы киіммен қамтамасыз ету мекеме шығынында көрсетілмеген. Ал кәсіподақ өкілдері қауіпсіздік талаптары бойынша арнайы киім болуы міндетті екенін айтады.
Семейде жедел жәрдем станция жұмысшылары еңбек жағдайын алғаш рет қозғап отырған жоқ. Былтыр олар коронавирус науқастарын емдеген дәрігерлерге төленетін үстемақы көлеміне наразы болған. Бұған қоса, айлықтың кешіктірілгеніне шағымданған. Станция басшылығы сол кезде мекеменің қарызы көп екенін алға тартқан. Лидің айтуынша, мекеменің шамамен 400 млн теңге қарызын мемлекет өтеп берген. Жұмысшылар "мұндай жағдайда басшылық неге үнемдеуге мәжбүр?" деп сұрақ қойған. Әзірге жауап берілмеген.