Accessibility links

Шымкент қалалық қаржы басқармасының бұрынғы басшысы үш жылға сотталды


Қаратау аудандық соты.
Қаратау аудандық соты.

5 мамыр күні Шымкенттің Қаратау аудандық соты қалалық қаржы басқармасының бұрынғы басшысы Кенжебек Жанбосыновты «лауазым өкілетін теріс пайдаланды» деген айыппен кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Жанбосынов сот залынан қамауға алынды. Адвокат «үкіммен келіспейміз, апелляциялық шағым түсіреміз» деді.

Судья Алпысбай Нәлібаев айыпталушы Кенжебек Жанбосыновты Қылмыстық кодекстің 361-бабымен («Лауазым өкілетін теріс пайдалану» бабы) кінәлі деп таныды. Өмір бойы мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салды. Ол сот залынан қамауға алынды.

Ақпаратқа қарағанда, Жанбосынов басқарма басшысы және қала әкімдігі жанындағы «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесі мүшесі қызметіне 2018 жылы келген. Сот оны осы қызметте жұмыс істеп жүргенде жастарға арнап салынған 518 пәтерді нарықтық құнын біле тұра тұрғын үй басқармасына төмен бағада сатуға жол беріп, акционерлік қоғамға аса ірі мөлшерге зиян келтірген деп тапты. Мемлекетке келтірген шығын көлемі - 1 миллиард 118 миллион теңгеден асады деп айтылады.

Жанбосыновтың адвокаты тергеу органдарының айыптауымен де, сот үкімімен келіспейтінін, сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Оның айтуынша, істе қылмыс құрамы жоқ.

- Сот Жанбосыновты «қызметтік өкілетін керағар пайдаланды» деп тапты. Ол үшін Жанбосыновтың іс-әрекетінде мемлекетке, не қоғамға аса ауыр материалдық залал келуі керек. Тергеу органдары залал келтірді дегенмен, жәбірленуші тарап залал келтірмеді дейді. Тергеуде де, сотта да залалды анықтайтын дәлелдемелер болмады, - дейді қорғаушы.

49 жастағы Кенжебек Жанбосыновтың үстінен қылмыстық іс 2021 жылы қозғалған. 8 ай тергеуден соң іс сотқа өткен. Сот Жанбосыновпен бірге пәтерді арзан бағада сатуға жол берген «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің тағы екі мүшесі істі талқылауға тарту керек теп тергеуге жіберген.

Сот тергеуі 8 айға созылған. Жанбосынов Шымкент қалалық қаржы басқармасының ресми сайтында басқарма басшысы ретінде көрсетілген.

Қазақстанда шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғаны туралы ақпарат жиі шығады. Билік парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, былтыр қаңтар мен қараша айы аралығында 1576 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG