Бір күн бұрын Байқоңырда ұсталған британ блогері Рич Бенжаминге айыппұл салынды. Бұл жөнінде блогердің әлеуметтік желідегі жазбасына сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
"Арнайы рұқсатсыз "Боран" ракетасын қарағаным үшін мені Ресей полициясы бірнеше сағат тергеп, 60 фунт (32,5 мың теңге немесе 73 доллар) көлемінде айыппұл салды" деп жазды Бенжамин жексенбі күні.
Оның жазуынша, полиция оған "ерекше ықыласпен" жабық қаланы аралатып, "тамаша ғарышкер мозаикасын" көрсеткен.
"Рұқсат қағаздың болмауы қылмыс емес. Бұл арнайы орында темекі тартқан сияқты әкімшілік құқық бұзушылық. Барлық полицей жылы шырай білдіріп, бізді вокзалға жеткізіп тастады. Керемет күн болды. Тым болмағанда "Боранды" көрдім - тамсандырады" деді Бенжамин.
7 мамырда "Роскосмос" жетекшісі Дмитрий Рогозин Ресей Қазақстаннан жалға алған Байқоңыр қаласында британдық Бенджамин Рич және Беларусь азаматы Алина Зелупаның ұсталғанын хабарлаған еді. Рогозин Телеграм-арнасында оларды құқық қорғау органдары зымырандарды ұшыратын 112-алаң аумағында ұстап, қалалық полиция басқармасына жеткізгенін хабарлаған.
BBC сайтының жазуынша, британдық блогер мен Беларусь азаматы (кейбір БАҚ оны Бенжаминнің әйелі деп атады) ұсталған 112 аумақта советтік кезеңде жасалған "Боран" кемесінің екінші үлгісі және оның габаритті макеті сақталған. Оны 1992 жылы ұшыруды жоспарлағанмен ғарыш бағдарламасы жабылып, жоба жүзеге аспай қалған.
"Боран" кемелері блогерлердің алғаш рет назарына түсіп отырған жоқ, бұған дейін кейбір блогерлер күзет қойылмаған жартылай тастанды ангарға кіре де алған.
Сайттың жазуынша, орыс тілінде жақсы сөйлейтін Рич Бенжамин бұрынғы СССР елдерінің туристік емес жерлеріне жиі саяхаттайды. Ресей Украинаға басып кірмей тұрып бір күн бұрын (23 ақпанда) Рич екі ел шекарасында болған, соғыс басталған соң Украинадан кеткен.
Былтыр "Настоящее время" арнасы Ресей Қазақстаннан "Боран" кемесін сатып алғысы келетінін хабарлаған.
Видео орыс тілінде. Тұпнұсқасы мына сілтемеде жарияланған.
ПІКІРЛЕР