Accessibility links

Түркияның ОА-ға ықпалы арта ма? Ресей Қазақстанға көз алартса Анкара көмектесе ме? Сарапшымен сұхбат


Оңнан солға қарай: Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес жиынында. Душанбе, 15 маусым 2019 жыл.
Оңнан солға қарай: Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес жиынында. Душанбе, 15 маусым 2019 жыл.

10 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға екі күндік мемлекеттік сапары басталады. Бұл – Тоқаевтың президент ретінде Түркияға алғашқы сапары. Ол Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездеседі. Азаттық халықаралық саясаттанушы, германиялық Deutsche Welle сайтының колумнисі Иван Преображенскиймен Анкара мен Нұр-Сұлтанның, Түркия мен Орталық Азияның қарым-қатынасы алда қалай өрбитінін, Түркияның Орталық Азияға ықпалын, Ресей мен Түркияның Орталық Азиядағы саясатын талқылады.

Азаттық: Кейбір сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы соғыс Түркияның Орталық Азиядағы (ОА) ықпалын күшейтуге мүмкіндік деп санайды. Әдетте ОА-да Мәскеудің ықпалы басым саналады. Анкара соғысты пайдаланып, ықпалын арттыруға тырысып жатыр ма, алдағы уақытта ОА-да қалай әрекет етуі мүмкін?

Саяси сарапшы Иван Преображенский.
Саяси сарапшы Иван Преображенский.

Иван Преображенский: Меніңше, қазір Түркия анық ишара байқатпай отыр. Түркия бір жағынан өте сақ әрекет етіп, бір жағынан басқаларды үркітіп алмауға тырысып жатыр. Соғыс уақытында Түркия балансты сақтап, Украинадағы қақтығыста модератор болып әрі Орталық Азия елдерімен жақын экономикалық қатынас орнатып отыр. Бұған дәлел, қазір Түркия Қытаймен бірге Орталық Азия, Кавказ аймағы арқылы Еуропа одағына тауар жіберу үшін жаңа жол ашуға талпынып жатыр. Бұл өте маңызды, себебі Түркия осы арқылы Ресей империясы Орталық Азияға бақылау орнатпай тұрғандағы тарихи транзит жолын қалпына келтіргісі келеді.

Екіншіден, қазір Түркия Каспий мұнай құбырларын қалпына келтіру және дамыту жобаларын да қолға алды. Бұдан бөлек, Түркия Солтүстік Ирактағы Күрд жұмысшы партиясына қарсы әскери операциясын бастамай тұрып, Түркияға Ирактың солтүстігіндегі квазимемлекет – Күрд автономиясының басшысы Масуд Барзани келіп кеткен. Ал сәуірдің ортасында Барзани Ұлыбританияға барып қайтты. Енді Солтүстік Ирак аумағынан Түркия арқылы Еуропа одағына мұнай кете бастауы мүмкін. Егер бастама жүзеге асса, бұл Еуропа одағына Ресей мұнайына балама болмақ. Осы арқылы Түркия энергетика ресурстарын Азиядан Еуропаға өткізетін хаб әрі модератор болуға тырысып жатыр.

Үшіншісі, Түркияның Орталық Азия елдерімен саяси қарым-қатынасы. Бірақ бұған келгенде Түркия асықпай отыр, себебі Ресей бұл аймақта қатты әрекетке бармасын дейді әрі үркітіп алғысы келмейді. Бұл жағынан алғанда таразы басы Ресей жақта, оған дәлел – Өзбекстандағы сыртқы істер министрінің ауысуы (Украинаның шығысындағы "ДХР" мен "ЛХР" жікшіл аумағын қолдамайды деген Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов қызметтен кеткен).

Азаттық: Түркия ОА елдерімен қарым-қатынасты күшейтуге мүдделі. Бұл мемлекет Түркі елдері ұйымы деп аталатын саяси жобасын жүзеге асырып жатыр. Әдетте Ресей, Қытай және Батыс елдерінің ықпал етер аймағы болып келген ОА елдері Түркиямен қарым-қатынасты нығайтса қандай пайда көреді?

Иван Преображенский: Совет одағы құлағаннан бері Ресей ОА елдері үшін басты экономикалық серіктес болып келеді. Ашығын айтқанда, олар әлеуметтік-мәдени әрі саяси тілде сөйлесіп келді. Бұл жағынан алғанда Қытай да, Батыс та Ресейдің алдына түсе алмайды. Қытайдың ОА елдерімен, әсіресе шекаралас Қазақстан мен Қырғызстанмен қарым-қатынас орнатарда Шыңжаңдағы мұсылмандардың қудалауы мәселе болып алдынан шыға береді.

Еуропа инвестициясы өте мақсатты жұмсалады, олар үшін Орталық Азияда экономикалық пайда бірінші орында.

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің 8-саммиті. Түркия, 12 қараша 2021 жыл.
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің 8-саммиті. Түркия, 12 қараша 2021 жыл.

Ал Түркияда мұндай мәселелер жоқ. Біріншіден, Түркияда идеологиялық мәселеге тап келмейді, батыс елдеріндегідей демократияны алға тартпайды, Қытай сияқты исламға қарсы саясат жүргізбейді. Түркия да ОА елдері сияқты авторитарлы мемлекет. ОА басшылары мен Түркия президенті Ердоған, ашығын айтқанда, ментальды бір тілде сөйлейді, демек бір-бірімен оңай тіл табыса алады. Осы жағынан алғанда Түркия ОА елдері үшін қолайлы серіктес. Анкара ОА елдеріне инвестиция салуға дайын. Түркияның пантүркі коридорын құру деген идеологиялық жоспары бар. Таулы Қарабақтағы кейінгі соғыстан соң құрлықтағы коридор мәселесі шешілгендей болды. Егер Әзербайжан мен Армения келісімге қол қойса, Түркия мен ОА елдері арасында құрлық жолы ашылады. Бұл Түркия мен ОА елдер арасындағы экономикалық әрі тауар байланысын жеңілдетеді.

Азаттық: Қазақстан Ресейдің ықпалы мол Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) мүше. Қазір Ресей қалың санкцияның астында қалды, экономиканың құлдырайтыны анық. Мәскеу ЕАЭО-ға мүше елдерді өзінің тауарына тәуелді етті. Қазақстан осы тұста Ресейге экономикалық тәуелді болуын азайту үшін ЕАЭО-ны айналып өтіп, Түркиямен көбірек сауда қарым-қатынасын жасауы мүмкін бе?

Иван Преображенский: Қазақстан үшін ЕАЭО мүше болу табыс пен экономикалық дамудың орнына бас ауруына айналды. ОА елдерінің валютасы рубльге тәуелді болып қалды. Рубль құлдыраса бұл елдердің де валютасы әлсірейді.

Қазір Қазақстан мен Қырғызстанның қаржылық билігі ұлттық валютасы құлдырамас үшін рубльге тәуелділікті әлсіретуге тырысып жатыр. Бірақ Қазақстан ЕАЭО мен Кеден одағынан шығады деп ойламаймын, себебі Ресейдің саясаты өте агрессивті. Ресейдің ОА ықпалы әлі сақталғанын ескерсек, Қазақстан билігі Ресейді ашуландырмас үшін ондай тәуекелге бармайды. Қазақстан бұл ұйымдардан шықса, өте үлкен мәселеге тап болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, Орталық Азиядағы негізгі ойыншыларда татулық жоқ. Ал Ресей өз серіктестерін бір-біріне қарсы қоюды біледі, мысалы, қандай да бір елдер арасында келіспеушілік бола қалса, Ресей оларды бір-біріне қарсы айдап салуы мүмкін. Қазақстан Өзбекстанмен қақтығысқысы келмейтіні анық. Бірақ мұндай қауіп ОА-да үнемі болып тұрады.

Сондықтан Қазақстан қазір бірінші кезекте ауыр санкциялардың әсерін әлсіретіп, қаржылық жағынан тәуелсіздікке ұмтылады. Бұған қоса, Қазақстан Ресейдің кейбір кәсіпорындарының Қазақстанда жұмыс істеуіне мүмкіндік ашып, бұл жағынан да пайда көруге тырысады. Осындай сәтте Қазақстан Түркиямен экономикалық қатынас орнатуға талпынады, ал Түркия экономикалық қарым-қатынасқа өзінің идеологиянсын да қосады.

Түркітілдес елдері ынтымақтастық кеңесіндегі мемлекет тулары. Қырғызстан, 3 қыркүйек 2018 жыл.
Түркітілдес елдері ынтымақтастық кеңесіндегі мемлекет тулары. Қырғызстан, 3 қыркүйек 2018 жыл.

Азаттық: Кейінгі уақытта ресейлік саясаткерлер мен журналистер Қазақстанға байланысты агрессиялы пікір айта бастады. Қазақстан аумағына көз салды, "Қазақстандағы орыстар алаланады" деді. Қазақстанда "денацификация жасау" жайлы да айтып қалады. Егер алда-жалда Ресей Қазақстанға қарсы әскери агрессия танытса, Түркия араласып, қолдау көрсете ала ма?

Иван Преображенский: Бұл – өте күрделі сұрақ, бәлкім Түркия қазіргі Украина мен Ресей арасындағы соғыстағы рөлде болатын шығар. Яғни, Қазақстанға Ресейден қауіп төнсе Түркия үлкен қадамдарға барады деп ойламаймын. Түркия – НАТО мүше мемлекет, ал НАТО-ға мүше ел осы ұйымға мүше басқа елдердің келісімінсіз қақтығыстарға тікелей араласа алмайды. Араласса НАТО Түркияны қатарынан шығару мәселесін көтеруі мүмкін. Бұған қоса, Түркия басқа елдегі қақтығысқа араласса, НАТО қолдауы тиіс.

Бірақ Түркия Ресейдің Қазақстанға қауіп төндіруіне жол бермес үшін коалиция жасақтауы мүмкін. Бұл коалицияға Қытай да кіруі мүмкін. Пекин Ресейдің ОА елдерінің шырқын бұзғанын қаламайды. Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде елге ҰҚШҰ әскері кіргенде Қытай ашық болмаса да қарсылығын білдіріп қалды.

Азаттық: Қазақстан қоғамында Ресеймен одақтас болғанша, Түркиямен одақ құру, Түркиямен бір одақта болсақ деген пікірлер көп айтылады. Қазақстанда мұндай көңіл-күйге не себеп?

Иван Преображенский: Біріншіден, Қазақстан мен Түркия арасында лингвистикалық, тіл жағынан жақындық бар. Одан кейін этнос жақындығын ескеру керек. Екіншіден, Ресейдің агрессивті саясаты, бәлкім бұл бірінші орында шығар. Ресей Украинаға ғана емес басқа да көршілеріне агрессия таныту мүмкін. Ресей одақтасы болып келген елден бірден одақтасымыз емес деп теріс айналуы мүмкін. Ресей бізді кім қолдайды сол досымыз, қолдамағандар жауымыз деп шығады. Бірақ Ресейдің "досымыз" дегені Ресейге бағынуы тиіс. Ресеймен серіктес бола отырып, дербестікті толық сақтау қиын. Бұл барлық салада, тұрмыста да анық көрінеді. Қазақтар мұны түсініп отыр.

Азаттық: Кейінгі кезде Түркияның "Тұран" әскери-саяси блогын құруға талпынысы жайлы көп айтыла бастады. Бұл қаншалықты мүмкін?

Иван Преображенский: Түркия мемлекеттік деңгейде мұндай әскери блок құрады дегенге күмәнмен қараймын. Бірақ Түркияның Ресей сияқты мемлекеттік емес әскери құрылым жасақтаудан тәжірибесі мол. Түркияның ондай құрылымдары қазір Ливия мен Сирияда бар.

Азаттық: Кейінгі уақытта ОА елдері Түркияның қару-жарақтарын сатып ала бастады. Қырғызстан мен Түркіменстан "Байрактар" әскери дронын алды, Қазақстан "АНКА" дронын алмақ. Қазақстан Түркиямен әскери қарым-қатынасын нығайтуы мүмкін бе?

Иван Преображенский: Түркиямен қару-жарақ саласы бойынша серіктестік теориялық тұрғыдан мүмкін, бірақ кең көлемде жүреді дей алмаймын. Қазір қақтығысып жатқан Ресей мен Украина – Совет одағы кезінде қаруланған елдер. Алдағы уақытта жалпы ОА елдері ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығында қару жаңарту науқаны жүреді деп ойлаймын. Кейінгі жылдары Еуропа жаңа қаруға ең көп қаржы жұмсады. Бұл үрдіс ОА мен Кавказға жайылып, бұл аймақтар да қарулана бастайды. Меніңше, әскери дрондардың пайда болуына байланысты ракетаға қарсы жүйелер жаңартылады.

Азаттық: ОА елдері шешілмеген шекараларға байланысты жиі жанжал шығып, Ферғана алқабында, анклавтарда қақтығысып, адам шығыны да болып жатады. Өткенде Қырғызстан Тәжікстанға "Байрактар" дронын сатуға қарсы шықты. Түркия аймақта қақтығыс жиі болатынын түсіне ме? Егер ОА-да қақтығыстар бола қалған жағдайда Түркия қалай әрекет етуі мүмкін?

Иван Преображенский: Түркия ОА-да конфликт қаупі жоғары екенін түсінеді. Бірақ тікелей араласудан бас тартады. Себебі Анкара ОА-дағы қақтығыстарда қандай рөл ойнау керегін де анықтамады. Өйткені Өзбекстан және Қырғызстанмен қарым-қатынас жасау басқа да, саяси және этникалық тұрғыдан Иранға жақын Тәжікстанмен қарым-қатынас жасау мүлде басқа. Иран ең кемі осы аймақтағы Түркияның қарсыласы саналады. Сондықтан Түркия бұл мәселеге келгенде саяси тұрғыдан ойланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG