Ресейдің Украина аумағындағы әрекеті Мәскеу украин халқына геноцид жасауға талпынды деп тұжырым жасауға негіз береді. Украин халқына жасалған ықтимал геноцид туралы алғашқы тәуелсіз есепте осылай деп жазылған. Құжатты америкалық New Lines Institute for Strategy and Policy сараптама орталығы және Рауль Валленберг атындағы канадалық адам құқықтары орталығы әзірледі, деп хабарлады CNN арнасы.
Баяндаманы әзірлеуге геноцид бойынша 30 жетекші заңгер мен сарапшы қатысқан. Олар Ресей БҰҰ-ның геноцидке қарсы конвенциясының бірнеше бабын бұзды деп таныған. Есеп авторлары бейбіт тұрғындарды жаппай өлтіру, күштеп көшіру, Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларының Украинаға қарсы мәлімдемелерін айғақ ретінде келтірген.
Баяндаманың көшірмесі әлем елдерінің үкіметтері мен парламенттеріне, халықаралық ұйымдарға жіберіледі.
Буча қырғынынан кейін Ресейге Украина халқына геноцид жасады деген айыптар тағыла бастаған. Бірнеше апта Ресей әскерінің бақылауында болған Буча қаласында орыс әскері кеткеннен кейін жүздеген бейбіт тұрғынның мәйіттері табылған. Олар Ресей әскерінің қолынан қаза табуы мүмкін. Киев түбіндегі өзге елде мекендерде де бауырластар зираттары табылған.
Украина билігі мен Батыс елдері қырғынға Ресей әскерін айыптаған. Ал Ресей қорғаныс министрлігі атып өлтірілген бейбіт тұрғындардың суреттері мен видеоматериалдарды "Киев режимінің Батыс БАҚ-тарына арналған жасанды қойылымы" деп атаған.