Батыс басылымдары бұл аптада онлайн форматта өткен Еуразия экономика одағының саммиті жайлы жазып, бұл одақтың болашағы бар ма деген мәселеге үңіледі. Сонымен қатар Ресейге қарсы санкциялардан зардап шеккен Орталық Азия елдері не себепті Батыс көмегіне жүгінгеніне тоқталады. Бұдан бөлек, АҚШ, Австралия, Жапония мен Үндістан елдерінің Үнді-Тынық мұхит жоспары Орталық Азияны қамти ма деген сұраққа жауап іздейді.
ОДАҚТАСТАРДАН "ҚОЛДАУ ІЗДЕГЕН" МӘСКЕУ
Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымы жұма күні онлайн форматта өткен Еуразия экономика одағының (ЕАЭО) саммитін Мәскеу одақтас елдерді өзін ашық қолдауға мәжбүрлеу үшін пайдалануы мүмкін екенін жазады.
Бастапқыда Бішкекте өтеді деп жоспарланған жиынға Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Армения премьер-министрі Никол Пашинян келуден бас тартқан соң, форум онлайн форматқа ауыстырылды.
Путин ақпан айының басында Пекинде өткен қысқы Олимпиададан кейін шетелге сапарға шықпады. Украинаға басып кіргелі Путин бірен-саран мемлекет басшыларын ғана қабылдаған.
Мақала авторы, Алматыда тұратын журналист Пол Бартлетт Батыс санкцияларына ұшыраған Мәскеу бұл жиында одақтас елдер өзін ашық қолдаса деген мақсатты көздейді дейді. Одаққа мүше кей елдер Ресей Украинаға басып кірген соң қытымыр жағдайға қалды, олар Мәскеумен экономикалық және әскери қарым-қатынасты сақтап қалу дилеммасы мен одақтың болашағы мәселесімен бетпе-бет тұр.
«Мәскеу саммитті Еуразия экономика одағы мүшелерін өзін ашық қолдауға мәжбүрлеу үшін пайдалануы мүмкін», − дейді АҚШ-тағы сыртқы саясатты зерттеу институтының ғылыми қызметкері Максимилиан Хесс.
Сарапшының айтуынша, бұл сондай-ақ одақтың ұзақ мерзімде қаншалықты өміршең бола алатынын көрсететін шешуші сәт.
«Саммит одақ шынайы экономикалық интеграция мен сауда кедергілерін жоя алатын блокқа айнала алатынын яки айнала алмайтынын көрсететін сынақ болмақ», − дейді сарапшы.
Хестің басылымға айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан саммитке анау айтқандай мән бермей, тыныш қана өткізуді қалайды. Себебі олар бір жағы Мәскеуді қолдайтынын көрсетуге тырысса, екінші жағынан Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесті деуге түрткі болуы мүмкін кез келген әрекеттен аулақ болғысы келеді. Әйтпегенде мұндай іс-әрекет бұл елдердің АҚШ және Еуропамен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан Нұр-Сұлтан да, Бішкек те аса сақ қимылдап жатыр.
Басылым Ресейдің наурыз айында ЕАЭО-ға мүше елдерге бидай экспортына тыйым салуы Қазақстанда бұл одақтың болашағы бар ма деген сұрақ тудырғанын еске салады. Саясатқа қайтып оралған Болат Әбілев бұл одақтан шығу мәселесін көтеретін партия құруды көздейді. Оппозициялық белсенді Рысбек Сәрсенбайұлы Nikkei Asia-ға наурыз айында берген сұхбатында «бұл одақ Қазақстанның экономикалық дамуын тежеп, Ресейге экономикалық тәуелді етеді» деген.
Бірақ басылымға сұхбат берген Хесс Украинадағы соғысқа байланысты одақ алдында тұрған түрлі мәселелер мен санкция салдарына қарамастан, Қазақстанның жақын уақытта одақтан шығуы екіталай деп есептейді.
"РЕСЕЙ ӨТІНІШІН ОРЫНДАМАҒАН" ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ
АҚШ-тағы Jamestown Foundation зерттеу орталығы Батыс Ресейге салған санкциялардың зардабын Орталық Азия елдерінің экономикасы тартып жатқанын жазады. «Украинаға басып кірген соң Орталық Азияның экономикасын тығырыққа тіреген Мәскеу одақтас елдерге көмек қолын созудың орнына, кінәні санкция салған Вашингтонға аударып әлек».
Тауар жеткізу мен тасымалдаудағы логистикалық мәселелер, алдағы азық-түлік дағдарысы, тұрақсыз валюта бағамы, жоғары инфляция мен еңбек мигранттарының Ресейден өз елдеріне қайтып оралуы – Орталық Азия елдері тап болған санкция салдарының бірсыпырасы осы.
Мақала авторы, Ташкентте тұратын тәуелсіз зерттеуші Фозил Машраб Ресейден көмек болмаған соң аймақ елдері санкциялардың экономикаға әсерін азайту үшін АҚШ пен Еуроодақтың көмегіне жүгінуге мәжбүр дейді. Сондықтан Ресей шенеуніктерінің Батысқа қарсы риторикасы Орталық Азияда қолдау табу түгіл, аймақ басшыларының ызасын тудырады.
Сарапшының жазуынша, Ресей шенеуніктері Украинаға басып кіруді ақтап алуға тырысып, санкциядан зардап шеккен Орталық Азия елдерінің алдындағы кінәні жуып-шаю үшін, одақтастармен кездесуде АҚШ-ты айыптайтын мәлімдемелер айтып жүр. Мысалы, 16 мамыр күні Душанбеде өткен ТМД елдері сыртқы істер министрлерінің жиынында Ресей сыртқы министрі Сергей Лавров АҚШ-ты Ресейдің бұрынғы совет мемлекеттерімен сауда қарым-қатынасын бұзуға тырысып жатыр деп айыптады. «Әрине, ресейлік шенеуніктер мұндай мәлімдемелер арқылы ТМД мен Орталық Азия мұндай экономикалық соққыға Ресей Украинаға басып кіргеннің кесірінен тап болғанын бүркемелегісі келеді».
«Орталық Азиямен сауда қарым-қатынасы мен аймақтағы саяси ықпалын сақтап қалуға тырысқан Ресей соғыстың теріс әсерін азайту үшін бұл елдерге айтарлықтай көмек көрсетпеді. Керісінше, бидай, қант пен өзге тауарлардың экспортына тыйым салуы аймақтағы онсыз да қиын ахуалды ушықтыруы мүмкін».
Зерттеуші Орталық Азия елдерінің үкіметтері Ресейдің ықтимал арандату әрекеттерінен немесе Ауғанстандағы лаңкестік топтардан төнуі мүмкін қатерден қауіптенетінін келтіреді. Ауғанстандағы лаңкестік топтар жақында Тәжікстан шекарашыларымен қақтығысты, бұған дейін Өзбекстанға шабуыл жасамақ болды. «Осы себепті олар Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық айыптамай, бейтарап ұстанымда қалып отыр».
Басылымның жазуынша, Орталық Азия елдері Мәскеудің АҚШ және Еуроодақпен саяси және экономикалық қарым-қатынасты шектеу туралы өтінішін орындаудан бас тартты. Аймаққа экономикалық көмек пен қолдау Ресейден емес, Батыстан келген сайын бұл елдердің Батыспен қарым-қатынасы күшейе бермек.
QUAD-тің ЖОСПАРЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОРНЫ ҚАНДАЙ?
«Қауіпсіздік мәселесі жөніндегі төртжақты диалогқа» (QUAD) мүше елдер – АҚШ, Австралия, Жапония мен Үндістанның Үнді-Тынық мұхит жоспары Орталық Азияны қамти ма? АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы осы сұраққа жауап іздейді.
24 мамыр күні Токиода өткен «Төрттік» саммитінде төрт елдің басшылары Үнді-Тынық мұхит аймағын барынша еркін және ашық ететін әлемдік тәртіп ережелерін, соған сәйкес құндылықтар мен нормаларды сақтауды қолдайтынын жеткізген.
Мақала авторлары Токиодағы Сэйкэй университетінің профессоры Кей Хаката және Абу-Дабидегі Халифа университетінің профессоры Брендон Кэннон Ресейдің Украинаға басып кіруі Quad тобына кіретін елдердің ауызбіршілігін сынап, ұйым ішіндегі қайшылықтарды ашып берді деп есептейді.
Зерттеушілер төрт елдің Үнді-Тынық мұхит жоспары Еуразия аймағына келгенде құрлықтан гөрі теңіз концепциясына көбірек көңіл бөлетініне назар аударады. Алайда, олардың ойынша, әлемдік тәртіпті, ашықтық пен еркіндікті сақтау үшін құрлықта жатқан «Ресей сияқты арандатушыларға да мән беру керек». Осы себепті Еуразиядағы авторитарлы жүйелер басқаратын Pax Eurasiana деп аталатын үстем жүйеге қарсы тұру үшін төрт ел Үнді-Тынық мұхит жоспарындағы стратегияларды күшейту керек. Әсіресе Ресей мен Қытай ықпалындағы Орталық Азияға көңіл бөлген жөн. Теңізге шықпайтын бұл аймақта үлкен державалар тарихи тұрғыдан үстемдікке ие болған. Мақала авторлары Ресейдің аймақтағы жер жинау амбициясын ескерсек, Қазақстан мен Өзбекстанның «төрттік» үшін айрықша маңызы бар дейді.
Дегенмен Орталық Азия мәселесі бойынша төрт елдің ұстанымы әртүрлі болып, бір жерден шықпауы мүмкін. Үндістан Ресей ұстанымына нұқсан келтіретін әрекетке барғысы келмеуі мүмкін. АҚШ пен Жапония үшін Үнді-Тынық мұхит жоспарын кеңейтіп, Орталық Азия аймағына көбірек көңіл бөлуге мүдделі болуы ықтимал. Ал Австралия үшін бұдан келіп-кетер пайда болмауы мүмкін. Зерттеушілер мұндай жағдайда пікірлес елдердің бірігіп әрекет етуі маңызды дейді. Бұл Үнді-Тынық мұхит аймағының шекарасын кеңейте түссе де, Украина тәрізді жаңа серіктестер соғыс аяқталған соң «ашық және еркін Еуразияны» құра алады.
Басылым АҚШ, Австралия, Жапония мен Үндістан Үнді-Тынық мұхит аймағындағы «антагонистке айналған Қытайға да мән беріп отырғанын» жазады. «Алып державалардың бәсекелесін қалай атасақ та, әлемде бір-бірімен бәсекелес екі тәртіп пайда болып жатыр. Олардың бірін Вашингтон, енді бірін Пекин басқарады. Қытайдың күш-қуаты өсіп, шарықтаған сайын «төрттік» Еуразиядағы екі ревизионист мемлекетке қарсы тұруы керек».
Қалай болғанда да төрт мемлекеттің Қытайға қатысты алаңдаушылығы Үнді-Тынық мұхиты аймағында Еуразиядағы авторитарлы үстем жүйеге қарсы тұра алатын, басқа ережелерге негізделген тәртіпті тудыруы мүмкін.
ПІКІРЛЕР