23 наурызда НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг баспасөз мәслихатында Пекинді Украинадағы соғыс кезінде Ресейге көмектеспеуге шақырды. Ал Қытай хакерлері Ресей әскери институттарының сарапшылары мен инженерлерінің поштасына электронды хат жіберген.
Бәрінің тақырыбы бірдей хаттарда АҚШ-тың Ресейге санкция салған адамдарының аты-жөні жазылған. Бірақ киберқауіпсіздік жөніндегі Check Point фирмасы жуырда жариялаған баяндамасына мұны Қытайдың Ресейге қарсы тыңшы операциясының бір бөлігі деп атап, әлгі хатты ашқан соң дербес компьютерге вирус орнататын бағдарлама барын айтты.
Наурызда болған бұл екі оқиға Қытай мен Ресейдің АҚШ-қа қарсы ұстанымы арқасында жақындап жатқанына қарамастан, әріптестігінің нашарлай бастағанын аңғартқандай. Әрі Ресейдің Украинаға басқыншылығы да екі елдің әріптестігі үшін сынаққа айналды.
Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері өткен үш айда Пекин Мәскеудің іс-әрекетін ашық сынаған емес. Қытай президенті Си Цзиньпин Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлеспеген аз ғана лидерлердің бірі. Сондай-ақ Қытай Батыстың Ресейге салған санкцияларына да қарсы шығып, Ресей мұнайын арзанға сатып алуға кіріскен. Осылайша Пекин соғыстың басында Ресей нарығынан бас тартқан Батыс елдері қалдырған вакуумды толтыруға көмектесіп жатыр.
"Батыс [Ресейге қарсы] "диктатор позициясын" ұстана бастаған соң, Қытаймен экономикалық байланысымыз нығая түседі" деді 23 мамырда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Көп жағдайда екі ел әріптестігінің нығайып жатқанына қарамастан, қос мемлекеттің арасында бір-біріне деген сенімсіздік пен жасырын бәсеке бар. 4 ақпанда Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин "шексіз әріптестіктің" жаңа кезеңі басталғанын айтқан еді.
"Путиннің билігі кезінде Ресейдің қайта жандануы жалған идеяға негізделген" деді 2005-2007 жылдары Қытайдың Украинадағы елшісі болған Гао Юшэн. "Ресейдің жан-жақты құлдырап жатқаны анық. Бұл Ресейдің әскери мүмкіндіктеріне де айтарлықтай кері әсер етті".
АСТАРЛЫ СЫН
Сәуірде Пекиндегі семинарда Гао Юшэн мәлімдеме жасады. 10 мамырда оның сөзін ішінара мемлекетке тиесілі Phoenix News Media телеарнасы жариялады.
"Ресей әскерінің экономикалық және қаржы қуаты оның әскери держава деген статусына сай келмейді. Ол жоғары технологиялы соғыс жүргізе алмайды" деді Гао. "Кедейлік кесірінен орыс әскерінің жеңілетіні анық еді".
Оның сөзін бірнеше сағаттан соң алып тастады. Бірақ Гаоның жария сыны Мәскеудің Украинаға басқыншылығының шынайы себебі мен сол жақта сәтсіздікке ұшыраған әріптесінің сапасына күмәнмен қарайтын Қытай сарапшылары мен шенеуніктерінің артқанын көрсетеді.
"Қандай да бір елдің әлемдегі [нөмірі] екінші әскери қуатты елге басып кіргенін елестете алмаймын" деп жазды Қытай армиясы ұлттық қорғаныс университетінің отставкадағы профессоры Гонг Фанбин. "Ресей ешкім оның жерінің бір сантиметріне де тиісе алмайтынын бүкіл әлемге көрсетіп келеді".
Гонг мақаласы цензураға ұшырады. Бірақ бұл жағдай Қытай сарапшылары мен ғалымдарының Мәскеудің аргументінен көңілі қалып жатқанын көрсететіндей.
Мәскеу Украинаға басқыншылығын ақтап алу үшін бұл ісіне НАТО-ны кінәлап келеді.
Мұндай сарапшылар әлі де Вашингтонды кінәлап жатқанымен, олар Ресейдің әрекетін сынауды да күшейтті. Наурыздың басында мемлекеттік саясатты зерттеу орталығы төрағасының орынбасары Ху Вэй Украинадағы соғыс үшін Пекинді Ресейден жылдам алшақтауға үндеген еді.
Украинадағы соғыс сипаты өзгеріп жатқандықтан, Пекин Мәскеуге қатысты сақтық танытып отыр. Қытай компаниялары мен билігі Ресейге экономикалық немесе әскери көмек жіберген жоқ, ал Қытай брокерлері Ресей экономикасына салынған санкцияларды айналып өтуге тырысты.
Басқа жағдайларда Қытай дипломаттары Украинадағы соғысқа бейтарап қарайтынын көрсетуге тырысты және беделін түсірмеу үшін шығынды бақылауға көшті.
"НАТО-ның кеңеюіне қарсылық қаншалық қисынды болса да, Ресейдің Украинамен соғысын заңды деуге болмайды" деді 9 мамырда Делидегі сараптама орталығы ұйымдастырған іс-шарада отставкадағы офицер Чжоу Бо. "[Үндістанның да, Қытайдың да] беделіне аздап болса да нұқсан келді, себебі біз Ресейді ашық сынаудан бас тартып отырмыз".
ҮСТІРТІН ӘРЕКЕТ
Пекин Ресеймен әріптестіктен бас тартатынға ұқсамайды. Украинада соғыс шиеленісіп жатқан тұста Қытай саясаткерлері мен сарапшылары ел болашағына алаңдай бастады.
"Ұстанымымызда, халықаралық тәртіпке қатысты көзқарастарымызда түбегейлі өзгеріс бар" деді Чжоу. Ол Ресейдің оқшаулануы экспортқа тәуелді экономикасын әлсіретіп, шиеленіс күшейетінін айтады.
Екеуін де АҚШ-қа қарсы көзқарас біріктіріп тұрғандықтан, бұл екі ел арасындағы дисбалансты жасыра алады. Бірақ соған байланысты мүмкіндіктерге келгенде олардың жолы екіге айырылады.
Check Point Қытайдың тыңшы операциясы 2021 жылғы шілдеде басталғанын айтады. Пекин Ресейдің әскери технологиялары мен құпияларына қол жеткізгісі келген. Қытайдың мұны ондаған жыл бойы мақсат етіп отырғаны айтылды.
Соғысқа қарамастан, әскери әріптестік те жалғасып жатыр. Қытай мен Ресей Украинаға басқыншылықтан соң алғаш рет бірлескен әскери жаттығу өткізді. АҚШ президенті Джо Байденнің сапарынан кейін екі ел де ядролық қаруы бар күштерін солтүстік-батыс Азияға жаттығуға жіберді.
Дегенмен, Украинадағы соғыс Ресейдің Қытай сарапшылары алдындағы беделіне кері әсер етті.
"Ядролық қару-жарақты ескермегенде, Ресей жиырма жылдан соң қаншалық маңызды [болады]?" дейді Чжоу.
ПІКІРЛЕР