1 маусымда таңертең Алматыда Қаңтар оқиғасына байланысты азапталған төрт адам ұсталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жеткізілген. Бұл жөнінде ұсталғандардың бірі Ақылжан Қисымбаев Азаттыққа хабарлады. Оның айтуынша, төрт адам, арасында өзі де бар, сәрсенбі күні таңертең қалалық прокуратура алдына барып, азаптауға кінәлілерді жазалауды талап етпек болған. Бұған дейін олардың аштық жариялайтыны да хабарланған еді.
"Мен, Дархан (Дүйсебаев), Қосай (Маханбаев) және Нұртас (Каранеев) таңертең ерте жетіп алайық деп прокуратура алдына барғанбыз. Сол кезде әуелі он шақты полиция, кейін қалғандары қосылып, бізді күштеп көлікке отырғызды. Бәрімізді бөліп, жан-жаққа алып кетті. Олар ештеңе деп те түсіндірген жоқ. Жібек жолы, 15-тегі кеңселеріне апарды" деді Ақылжан Қисымбаев.
Оның сөзіне қарағанда, департаментте өзіне қатысты ешқандай тергеу амалдары жүрмеген. Ол өзіне укол салу қажет болғандықтан түске таман ол жақтан кеткенін айтты. Сәрсенбі күні таңертең Азаттық тілшісі бұл белсенділерге хабарласқан кезде телефондары сөндірулі тұрған еді. Белсенділердің ұсталғанын Vlast сайты да хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті де, Алматы полициясы да әзірге түсініктеме бермеді.
Кейбір белсенділер Алматыда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сапарлап жүрген кезде құқық қорғау органдарының қаладағы "наразылықтарды көрсетпеуге барынша күш салып жатқанын" айтты. Қазір қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
1 маусымда Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туыстары қалалық прокуратураға келіп, жақындарын атқандарды жазаға тартуды, әділ тергеуді талап еткен. Кейбір азаматтар қаза болған жақындарына эксгумация жасалғанын, биліктің оларды "террорист жасамақ болып отырғанын" айтып, ашынды.
Прокуратура өкілдері оларды ішке кіргізді, бірақ ақпарат құралдарына кіруге тыйым салды.
- Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.
- Осыған дейін белсенділер мен құқық қорғаушылар, қаза болғандардың туыстары қайтыс болған азаматтардың өліміне қатысты істер бойынша қажетті ақпарат берілмей отырғанын сынаған. Мамыр басында Human Rights Watch (HRW) ұйымы "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп мәлімдеген.
- Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
ПІКІРЛЕР