Accessibility links

Ақтауда бір топ адам алаяқтық пен қымбатшылыққа шағымданды


Маңғыстау облысы әкімдігі алдына жиналып тұрған көп балалы аналар. Ақтау, 1 маусым 2022 жыл.
Маңғыстау облысы әкімдігі алдына жиналып тұрған көп балалы аналар. Ақтау, 1 маусым 2022 жыл.

1 маусымда Ақтауда бір топ адам облыс әкімдігі алдына жиналып, бір бөлігі автонесиемен байланысты алаяқтыққа ұрынғанын айтып шағымданды. Бір бөлігі – он шақты көп балалы ана қымбатшылықтың салдарынан тұрмыстары нашарлап кеткенін жеткізіп, мемлекет үлкен отбасыларды қолдауы тиіс деген талап айтты.

– Біздің жиналуымыздың ең бірінші себебі - қымбатшылық. Сол қымбатшылықтан туындап тұрған мұқтаждық. Біз, көп балалы аналар, жұмыс істемейміз емес, істейміз. Бірақ 60-80 мың теңге айлық аламыз, оның жартысы несиені өтеуге кетеді. Одан қалса, басқа да кредиттеріміз бар. Бала-шағамыз бар. Жалдап отырған пәтерлеріміз бар. Ақша жетпейді. Жұма күні келіп, облыс әкіміне мұң-мұқтажымызды жеткізе алмадық. Халық болып, мұқтаждығымызды айта алмасақ, облыс әкімі бізге не керек ? Онда әкімдіктің де не керегі бар? – деді ашынған аналардың бірі Гүлден Тағаниязова.

Оның шағымын өзге аналар да қолдады. Айтуларынша, олар мұнда алғаш келіп отырған жоқ.

Сәрсенбі күні әкімдікке келгендердің басым бөлігі автонесиемен байланысты "алаяқтыққа ұрынған" азаматтар болып шықты. Олар өздерінің атынан несие рәсімдеп, қашып кеткендерді жазалауды, несиеден босатуды талап етті.

–C.Қ. есімді азамат бізді өзінің алаяқтық жоспарының құрбаны қылды. Біздің атымыздан автонесие рәсімдеп, несиеге отырғызып кетті. Қазір өзі жоқ, біз алады деген көлік те жоқ. Көліктеріміз "просрочкаға" кетіп, банк есепшоттарымызды бұғаттап, арестке қойылып, өзіміздің тапқан айлық-табысымызды ала алмай отырмыз. Бұл жөнінде Ақтау қаласының полиция басқармасына барып, арызымызды қалдырдық. Бір ай өтті, олардың жұмыстарын көре алмай отырмыз. 300-ге жуық адам жапа шегіп отыр, – деді жиналғанардың бірі Нұрболат Титумбаев.

Оның жанында шамамен 20-дан астам адам болды. Сәлден соң наразылардың алдына әкімдік қызметкерлері шықты.

– Азаматтардың арызымен 2 мамырда Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігімен ("Қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу") іс қозғалды. Қазіргі кезде 186 іс қозғалды. 192 автокөлік іздестіріліп жатыр. Бағыттама республика көлемінде берілді. Үш күдікті қамалды. К. есімді азаматқа іздеу жарияланды. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Ақтау қаласының полиция басқармасының бастығы Мадияр Тұрсынұлы Омаров.

Алайда әкімдік өкілдері көп балалы аналардың қымбатшылық жайлы сұрақтарын елеусіз қалдырды. Түстен кейін де олар наразылықтарын жалғастырып жатты.

Видео: "Машина жоқ, ақша да түспеген". Жеңілдетілген автонесие қалай беріліп жатыр? (16 мамыр 2022 жыл).

"Машина жоқ, ақша да түспеген". Жеңілдетілген автонесие қалай беріліп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:26 0:00

Қазақстанда мамыр айының ортасында жеңілдетілген автокредит бағдарламасына өтініш қабылдау басталып, арзан көлік мінгісі келген жұрт автосалондарға ағыла бастаған. Үкімет бағдарламаға 100 миллиард теңге бөлген. Осыған дейін кей сарапшы бағдарламаның жұртты көлікпен жарылқайтынына сенбейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG