Accessibility links

"Бәз-баяғы қалпында". Референдумды бақылағандар арандату, қорлау мен учаскеден қууға тап болғанын айтады


Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдумға дауыс беріп тұрған азамат. Алматы, 5 маусым 2022 жыл.
Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдумға дауыс беріп тұрған азамат. Алматы, 5 маусым 2022 жыл.

Дауыс беру учаскелеріндегі жағдайды көрген тәуелсіз бақылаушылар референдум кезінде өздері тап болған қысым мен шектеу жайлы Азаттыққа айтып берді. Оларға провокация жасалып, дауыс беру учаскесінен қуған, жүріп-тұруын шектеп, учаскелік комиссия басшылары қорытынды хаттаманы бермей қойған.

Серік Бейсембаев: Учаскеден қуып шығып, дауыс беруге кедергі келтірдің деп айыптады, басқа бөлмеге қамап қоймақ болды

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар туралы референдумда не қолдап, не қарсы дауыс бергісі келмеген. Сондықтан референдумға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысқан. Ол астанадағы №1 референдум учаскесінде "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры атынан бақылаушы болған.

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы.
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы.

"Маған бұған дейінгі сайлауларда заң бұзу фактілері көп тіркелген ең қиын учаскелердің бірін берді. Учаскемдегі бірінші заң бұзу фактісі таңертеңгі сағат 8:30-да болды. Заң бұзылғанын тіркеп, комиссия төрағасына хабар бердім. Осы кезде бақылаушылардың бірі мені жақтырмай сөйлеп, қалғандары ала көзбен қарады. Олардың қызметі мені аңду екенін түсіндім. Менен басқа бес-алты бақылаушы отырды. Екінші оқиға сәл кейінірек болды. Үстелде "Референдум неге маңызды?", "Референдумнан кейін не өзгереді?" деген мазмұндағы ақпарат жазылған брошюралар жатқанын көрдім. Бұл үгіт-насихатқа жататынын ескертіп, комиссия төрағасынан брошюраларды ол жерден алып тастауын сұрадым. Ол қағаздарды жинауға кірісті. Осы сәтті түсіріп алайын деп телефонымды шығара бергенімде бақылаушылардың бірі мені "дауыс беру процесіне кедергі келтіріп жатыр" деп айыптады. Камераны бақылаушыға қарай бұрғанымда, ол видеоны өшіруді талап етіп, айқайға басты. Дауыс беру учаскесі қоғамдық орынға жатады, онда видео түсіруге тыйым салынбаған. Бірақ басқа бақылаушылар айқайлаған әйелді қолдап, маған қарсы шықты. Бұл ұйымдасқан провокация болған сияқты, олардың әрқайсы не істеу керегін біліп отырды, олардың арасында өзімді бөтен адамдай сезіндім. Өзіме қарсы көп агрессия байқадым.

"Еркіндік қанаты" қорының бақылау тобы келді. Маған қарсы сөйлеген бақылаушылар олармен де сөз таластырды. Кейін халықаралық бақылаушылар келді. Жергілікті бақылаушылардың бірі Германиядан келген бақылаушының аудармашысымен сөзге келіп қалды. Бұл бір жағынан күлкілі, екінші жағынан күйінетіндей оқиға болды. Әйелдердің бірі учаскеде жүрген полиция қызметкерлерін шақырды. Олар маған келіп, жеке бөлмеге өтуімді сұрады. Бұл заңсыз әрекет екенін білдім. Бірақ полиция дегенінен қайтпады, ал әйел арқамдағы сөмкемді, жазба дәптерімді жұлып алып, бөлмеге апарып қойды.

Мені залдың бұрышындағы жеке бөлмеге кіргізді. Бөлмені сыртынан кілттеп, қамап қоймақ болды. Полицияға "Мені заңсыз ұстап отырсыздар" дедім. Сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру процесіне кедергі келтіргенім туралы акт толтырда да, соған сүйеніп, мені учаскеден шығарып жіберді. Залда бес-алты бақылаушы отырған, ал актінің астында тоғыз адамның қолы қойылған.

№122 референдум учаскесіндегі бақылаушылар. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.
№122 референдум учаскесіндегі бақылаушылар. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

Бұл тәуелсіз бақылаушыларды дауыс беру учаскесінен аластау үшін саналы түрде жасалған шара деп ойлаймын. Оған ішкі саясат бөлімі мен құқық қорғау органдарының қатысы бар сияқты. Дауыс беру учаскесінде маған провокация жасаған бақылаушыларды алдын-ала дайындап қойған деп түсіндім. Олар орнынан тапжылмай, тәуелсіз бақылаушыларды шығарып жіберуге атсалысып отырды. Екі учаскеде болдым, бірақ аталған бақылаушылардың дауыс беруге келген адамдарды тіркеп, санақ жүргізіп отырғанын көрген жоқпын. Оларға дауыс беру процесі қызық болмады. Комиссия төрағасы "түскі ас ішіп келіңіздер" деген кезде учаскеде "Қазақстан жастары ақпараттық қызметінен" қатысқан бақылаушы екеуіміз ғана қалдық. Ал басқа бақылаушылар түскі асқа кетіп қалды, негізі олай жасауға болмайды. Комиссия мүшелеріне учаске жабылғанша, дауыс берушілер санын "толтырып", тәуелсіз бақылаушыларды дауыс санау процесіне қатыстырмау туралы тапсырма берілген сияқты.

Фотоесеп және провокаторды аңдитын бақылаушы. Референдумдағы заң бұзушылықтар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:34 0:00

Дауыс беруге өте аз адам келді. Екі сағатта учаскеге тіркелген 2250 адамның 3 пайызы ғана (60 адам) дауыс берді. Келгендердің көбі есеп беру үшін болса керек, бюллетень салып жатқан сәтін суретке түсіріп алды.

Сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижесін бұрмалаумен айналысатын машинаға айналып кеткенін бұрыннан білетінмін. Осы жолы бәрі басқаша болар деп күттім. Бірақ машина бұрынғы әдетінен таңбапты. Сайлау өткізу жүйесін реформалап, жылдар бойы мемлекеттік қызметкерлердің күшімен жұмыс істеп келген орталық және аймақтық сайлау комиссияларының құрамын өзгертпей, демократия орнамайды. Әзірге бәрі бәз-баяғы қалпында, сондықтан әділ дауыс беру дегенімізиллюзия ғана.

Арайлым Батырбекова: Фото-видео түсіруге, тіпті орнымнан тұруға тыйым салды

Астанадағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқитын Арайлым Батырбекова 5 маусымда өткен референдумға бақылаушы ретінде бірінші ретінде қатысқан. Ол референдумға дейін арнайы дайындықтан өтіп, бақылаушы міндеттерімен толық танысып шыққан. Арайлым тәжірибе жинап, жүйені ішінен көргісі келгенін айтады. Ол референдумға "Қазақстан жастары ақпараттық қызметі" жанындағы "Жас сайлаушылар лигасынан" қатысып, Нұр-Сұлтандағы № 2 учаскеде бақылаушы болды.

Арайлым Батырбекова.
Арайлым Батырбекова.

"Әу баста бәрі тыныш болды, комиссия мүшелері өзін сыпайы ұстауға тырысты. Бірақ олардың бізді жақтырмай отырғаны бірден байқалды. Бақылаушыларды дауыс беру жәшігі жақсы көрінетін жерге отырғызды. Бірақ сайлаушыны тіркейтін жерде не болып жатқанын дұрыс көре алмадық. Дауыс беру процесін бақылау ашық жүруі тиіс, сонда да қандай қағаздар беріліп жатқанын дұрыс бақылай алмадық. Сайлау туралы заңның 20-1 бабына (дауыс беру, дауыс санау және дауыс беру қорытындысын қағазға түсіру процесін бақылау) сәйкес, бюллетеньдер жақсы көрінетін жерге отыруымыз керек, бірақ құқығымыз шектелді. Маған "Орныңда отыр!" деп қоқан-лоқы көрсетті, айтқанын істемесем, "Еркіндік қанатынан" келген бақылаушы сияқты учаскеден қуып жіберетіндерін айтты. "Бақылаушыларға учаскенің ішінде жүруге рұқсат бермеді" деп акт толтырып, комиссия төрағасына қол қоюға бердім. Төраға қол қоюдан бас тартты.

Түске қарай комиссия мүшелері бізді шайға шақырды. Учаскеде үш бақылаушы (мен, "Еркіндік қанатының" өкілі және тағы бір бақылаушы) ғана қалдық. Қалғандары шай ішіп келді, телефонын шұқылап отырды. Бір әйел бұрын комиссия төрағасымен ұрсысып, дауыс беру қорытындысы туралы хаттаманы ала алмай қалғанын айтып, бұл жолы үндемей күтіп отырды. Ол мен толтырған актілерге қол қойып берді, бірақ келгендерді тіркеп, комиссия мүшелеріне ескерту жасаған жоқ. "Еркіндік қанаты" қорының бақылаушысы екеуіміз ғана қанша адам келгенін тіркеп, есеп жүргізіп отырдық.

Дауыс беруге келгендердің үштен бірі студент екенін байқадым. Олардың реакциясынан еріксіз келгені көрініп тұрды. Бір студент агрессия көрсетіп, бюллетенін ашулы күйде салды. Тағы бір қыз дауысын қатты шығарып: "Бұл неге әсер етеді дейсің? Түк мәні жоқ, ештеңе өзгермейді" деді. Ол дауыс беретін кабинаға кірген жоқ, бюллетеніне тіркеу үстелінде тұрып белгі қоя салды.

Алматыдағы N529 сайлау учаскесіндегі дауыс беретін кабинаға қатар кірген екі адам. 5 маусым 2022 жыл.
Алматыдағы N529 сайлау учаскесіндегі дауыс беретін кабинаға қатар кірген екі адам. 5 маусым 2022 жыл.

Дауыс санау кезінде әуелі негізгі жәшіктегі бюллетеньдерді, одан кейін үйден дауыс бергендерге арналған қосымша жәшіктегі бюллетеньдерді санайды. Бірақ комиссия ең алдымен қосымша жәшіктердегі бюллетеньдерді санады. Дауыс санау кезінде бізге орнымыздан тұруға тыйым салды. Маған хаттаманың көшірмесін алу маңызды болды. "Учаскеден шығарып жібермесін, құр қол қайтпайын" дедім. Комиссия төрағасы видео түсіруге тыйым салған кезде қарсылық білдірген жоқпын, телефонымды төмен түсіріп, айтқанын істедім. Төраға "Видео түсіруге құқығыңыз жоқ" деді, оның сөзі жалған екенін білдім, бірақ сөз таластырудан пайда жоғын түсіндім.

Тағы бір нәрсеге қатты таңғалдым: Орталық референдум комиссиясының өкілі келді. Ол бізге жақындап: "Айтарыңыз бар ма?" деп сұрады. Бақылаушыларға еркін жүріп-тұруға рұқсат берілмегенін айттым. Ол комиссия төрағасын қолдап, "Бақылаушылардың ары-бері жүруі комиссия мүшелерінің жүйкесіне тиіп, жұмысына кедергі келтіреді" деді. Бұл кедергі деп ойламаймын. "Отырған жерімізден ештеңе көрінбейді, сайлаушылар бізге арқасын беріп тұрады" деген ескертуіме комиссия төрағасынан "Ақылды болсаңыз, бізге сенбесеңіз, келесі жолы комиссия мүшесі болыңыз. Сонда бәрі әділ екеніне көз жеткізесіз" деген жауап алдым.

Менің учаскемде бюллетеньдер топтап тасталды деп ойлаймын. Не түскі асқа, не әжетханаға шыққан жоқпын. Дауыс санау кезінде жаңылып кеткен күннің өзінде мұндай үлкен айырмашылық болмауы керек. Менің есебім бойынша, 1063 адам келді. Бұл тізімдегі адамдардың 50 пайызына да жетпейді. Учаскеге 2548 сайлаушы тіркелген. Комиссия мүшелерінің есебі бойынша, референдумға тіркелген азаматтардың 58,2 пайызы қатысқан. Бұл 400 адамға көп. Дауыс саналғаннан кейін хаттама көшірмелерін берді, бірақ оған көк мөр басылуы керек еді. Комиссия төрағасы хаттама көшірмесіне мөр баспай, әуреге салды. "Мөр қоюға міндетті емеспіз" деді. "Қойып бере салыңызшы, бұған екі секунд уақытыңыз ғана кетеді, бізге құжат жарамды екенін дәлелдеу үшін көк мөр керек" деп жалындым. Комиссия төрағасы өтінішімді орындаудан бас тартып, тіпті қағазымды қолымнан жұлып алды. Таңғы алтыдан бастап учаскеде отырып, кешкісін қол қойылған актілер мен хаттама көшірмесін ала алмағаныма ыза болдым. Ақыр соңында комиссия төрағасы умаждалған қағазымды қайтарып берді.

"Жаңа Қазақстан" құрамыз деген үмітпен бақылаушы болдым. Бірақ үмітім ақталған жоқ. Халық дауыс беру арқылы жүйеге сәл де болса әсер ете алады. Басқа мүмкіндігі жоқ. Осы жалғыз мүмкіндіктің өзі халықтың игілігіне емес, жоғарыдағылардың пайдасына жұмыс істейді. Соған қатты қынжылдым.

Қос учаскеден қуылған Майя Сағым: Мені учаскелерді аралап, провокация жасап жүр деп айыптады

Artcom шығармашылық платформасының арт-менеджері, 25 жастағы Майя Сағым астанадағы № 104 референдум учаскесінде "Еркіндік қанаты" қорынан бақылаушы болған. Ол 2019 жылы президент сайлауын бақылауға қатысқан. Майя үш жыл бұрын бақылаушылар саны әлдеқайда көп болғанын, халық елдің болашағына әсер ете аламыз деп сенгенін, ал қазір көбінің үміті сөнгенін айтады.

Майя Сағым.
Майя Сағым.

"Басында комиссия төрағасы мен мүшелері жылы қабақ танытып, жақсы сөйлесті. Бақылаушы ретінде қызметіме кірістім. Бір кезде адам күрт көбейіп кетті. Сайлаушыларға қанша бюллетень беріп жатқанын көру үшін орнымнан тұрып, басқаларға кедергі келтірмей, сәл жақынырақ барып қарамақ болдым. Біз отырған жер сайлау жәшігінен қашықтау еді, ал менің көзім алыстан нашар көреді. Алдымды адамдар жауып қала берді. Сәл әрі жылжып, ешкім жоқ жерге барып тұрдым. Комиссия төрағасы орнымнан тұруға болмайтынын, "жұмысқа кедергі келтіріп" жатқанымды ескертті. Адамдарға кедергі жасамайтынымды, тек конституциялық құқығымды пайдаланып, сайлау жәшігі көрінетін жерден қарап тұрғанымды айттым. Бірақ сөзіме құлақ асқан жан болмады. Комиссия төрағасы "Бұл менің учаскем, мұнда өз ережеміз бар" деп, үстімнен акт жазбақ болды. Учаскеде дауыс беру процесін бақылауға емес, тәуелсіз бақылаушыларға кедергі келтіру үшін келген алты-жеті адам болды. Кейбірі ауысып жүрді: орнына басқа адам келгенде, учаскеден кетіп қалды. Маған қарсы акт толтырылды. Комиссия төрағасы "Тізімде жоқсыз" деді. Бірақ тізімде аты-жөнім болғанын анық білемін.

Басқа бақылаушылар да қысым көрсетті. Маған орныңда отыр деп бұйыруға ешкімнің құқығы жоқ еді. Комиссия төрағасы полиция шақырды. Басқа бақылаушылар да қарсы шыққан соң, ереже бұзбағанымды дәлелдей алмадым. Сөзімді растайтын куә болмады. Бәрі маған қарсы болды. Учаскеден кетуге тура келді.

Біраз уақыт "Қай тұстан қателестім екен?" деп күмәнданып жүрдім. Әрине, бақылаушы кез келген дүниеге дайын болады. Бірақ тыныш отырған бақылаушы аяқ астынан ұрыс шығарған кезде өзімді жайсыз сезіндім.

№122 референдум учаскесіндегі бейнекамералардың бетін қағазбен жауып тастаған. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.
№122 референдум учаскесіндегі бейнекамералардың бетін қағазбен жауып тастаған. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

Екінші учаскеде тып-тыныш отырсам да, бақылаушылардың қысымына ұшырадым. Олар комиссия төрағасын маған қарсы қойып, учаскеден шығарып жіберуге тырысты. Төрағаны ақтамаймын, бірақ түсінгенім бойынша, ол кінәлі болып қалғысы келмеді. Бәрінің айтқанына келісіп отырды. Екінші учаскедегі бақылаушылар мені бірінші учаскеден қуып жібергенін алға тартып, шу шығарды. Менің учаскеден қуылғаным туралы видео тарап кетіпті. Олар мен туралы "Учаскелерді аралап, провокация жасап жүр", "Осында отырғаны жүйкеме тиеді" деп шағым айтты. Нәтижесінде акт толтырып, "Бақылаушыдан не күтуге болатынын білмейміз" деген мазмұнда сылтау жазып берді. Мен заң бұзбадым, артық ештеңе жасамадым. Бірақ соған қарамастан осылай екінші учаскеден де қуып жіберді.

Әділ нәтижеге қол жеткіземін деп үміттенген жоқпын. Бірақ алдағы уақытта бақылаушы болуды жалғастырамын. Көп адам бақылаушы болмайтыны өкінішті. Әр учаскеде екі тәуелсіз бақылаушыдан болса, тамаша болар еді.

Нари Ермұханова: Заңды бұзбауды талап еткен үшін "қатыгез" адам атандым

19 жастағы Нари Ермұханова бірінші рет 2021 жылы қаңтарда парламент сайлауында бақылаушы болған. Ал бұл жолы ол үлкен заң бұзу оқиғаларына куә болмаса да, "қатыгез адам екенсің" деген сын естіген.

Нари Ермұханова.
Нари Ермұханова.

"Күні бойы комиссия төрағасы референдумды мереке деп атап, ескертулерді елеген жоқ. Ол бірінші дауыс берген адамдарға шоколад сыйлады. Балаларға сыйлық берді. Балалар ата-анасымен бірге кабинаға кірді. Бұл жағдайға бірден назар аударып, ескерту жасадым. Комиссия төрағасы "Бәрі заңға сай жүруі керек деп, адамдардың көңіл-күйін бұзып отырсыз! Бүгін халыққа мереке!" деп ұрысты. Бюллетеньді балалар салып жатты, сайлаушы дауыс беру парағын басқаның қолына бермеуі керегін ескерттім. Тағы да "бүгін мереке" деген сылтау естідім. "Адамдар өз болашағы үшін келді, ал сіз кедергі келтіріп жатырсыз! Сізде бәрі заң бойынша болуы керек пе?" деп сұрады. "Иә, референдум және сайлау туралы заңдар бар. Осы заңдардың талаптары сақталуы керек" деп жауап бердім. Төраға "Маған ақыл үйретпеңіз, қанша жылдан бері сайлау өткізіп келе жатырмын" деп қасарысты.

Дауыс берудің аяқталуына 15 минут қалғанда мемлекет құрған үкіметтік емес ұйымдардан келген бақылаушылар кетіп қалды. Ең соңында "Аманат" партиясынан келген, өзім қатарлы, бірінші рет бақылаушы болып тұрған қыз екеуміз қалдық. Дауыс берудің аяқталуына бес минут қалғанда бізге "Үйге қайтсаңыздаршы" деген ұсыныс айтылды. Кейін "Шай ішіп келіңіздер" деді. Мен бас тарттым. Олардың бір ойы болған сияқты, дауыс беруге адам аз (тіркелгендердің 24 пайызы ғана) келді.

Кешкі сегізде сайлау учаскесі жабылуы керек. 8:05-те сайлаушылар келді. Олардан учаскеден шығуын өтіндім. Комиссия төрағасы оларды дауыс беруге кіргізбек болды. Заңды оқып, сайлау учаскесі тура 20:00-де жабылуы керегін айттым. Комиссия төрағасы маған ренжіп, "Нари, қатыгез адам екенсіз! Жұртқа бүгін мереке, ал сіз мерекенің шырқын бұздыңыз! Адамның жүрегі қысып қалса қайтесіз? Бұған кім жауап береді?" деді. Ол заңға мүлде қараған жоқ. Оның жауабын манипуляция деп бағаладым.

Тәуелсіз бақылаушылар референдум күні қысым көргеніне шағымданды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Сағат 20:00-де дауыс санауға кірісуі керек еді. Бірақ кешікті. Дауыс саналып жатқанда жақын тұрып, бюллетеньдер қалай есептеліп жатқанын қадағалап тұрдым. Маған "Үстелдің үстіне шығып алсаңызшы" деп ашуланды. Байсалды үнмен заң ережелерін қайталап айтып, бақылаушы бюллетеньдер жақсы көрінетіндей қашықта тұруы керегін түсіндірдім.

Жергілікті жерлерде комиссия төрағалары ауыспайынша, ешқандай "Жаңа Қазақстан" болмайды. Дауыс беруге тізімдегі азаматтардың 75 пайызы қатысқан өңірлерге тәуелсіз бақылаушы жіберу керек. Солтүстік Қазақстанда бақылаушы болып, ол жақта шынымен көп адам дауыс бергеніне көз жеткізгім келеді. Алматыда дауыс беруші аз болғанын көрдік. Мен мұны Алматыда бақылаушылардың көп болуымен және тәуелсіз бақылау мәдениетінің қалыптасуымен байланыстырамын. Бұл тәжірибені басқа өңірлерге де тарату қажет".

Нұрахмет Бақыт: Хаттама көшірмесін алу машақат болды

18 жастағы студент Нұрахмет Бақыт Қаңтар оқиғасынан кейін бес айдан соң ұйымдастырылған референдумға бірінші рет "Жас сайлаушылар лигасынан" бақылаушы болып қатысуға бел буған.

Нұрахмет Бақыт.
Нұрахмет Бақыт.

"№ 75 учаскедегі күнім тыныш өтті. Комиссия ескертулерге бірден реакция білдіріп, кемшіліктерді түзетіп отырды. Мысалы, дауыс беретін кабинаға екі адам қатар кірген кездер болды. Бірақ комиссия күн соңына қарай тәуелсіз бақылаушылардан тезірек құтылуға тырысты. Кешкі сегізде учаскенің есігі жабылып, заң бойынша дауыс санау процесі басталуы керек. Төраға 19:30-да учаске жабылғаннан кейін комиссия мүшелеріне он минут үзіліс болатынын айтты. Бұған бақылаушылар түгел келісті. Төраға комиссияның бірнеше мүшесімен бірге тізімді алып өз кабинетіне кетті. Ал учаскеде бақылаушылар мен комиссияның басқа мүшелері ғана қалды. Дауыс санау кезінде дауыс бергендердің тізімі мен қолданылмаған бюллетень санын салыстыру керек.

30 минут өтті, дауыс санауға әлі кіріскен жоқ. Акт толтырдым, басқа бақылаушылар да комиссияның кешігіп жатқанын айтып, қолдап отырды, бірақ актіге қол қоюдан бас тартты.

Дауыс санау басталмай тұрып "Жастар үні", "Азаматтық бастама", "Қоғамдық жоба" ұйымдарының бақылаушылары кетіп қалды. Комиссия мүшелері, мен және "Аманат" партиясының бақылаушысы ғана қалдық. Дауыс санап болған кезде комиссия төрағасы бізге "Қайта беріңіздер" деді. "Аманаттың" бақылаушысы бірден кетіп қалды. Комиссия төрағасынан хаттаманың көшірмесін сұрадым. Ол хаттама көшірмесін беруге міндетті емесін айтты. Сайлау туралы заңның 43-бабы 8-тармағын көрсетіп, бақылаушыға хаттаманың мөр басылған көшірмесі берілуі керегін түсіндірдім. "Бұл ұзақ процесс, түнге дейін осында қаламыз, хаттаманың көшірмесін беру ұзаққа созылады" деген сылтау айтып, комиссия төрағасы залдан шығып кетті.

30 минуттан кейін төраға бюллетеньдерді жинауға келді. Мен заңның тармағын көрсетіп, хаттамаға қол қойылғаннан кейін бірден көшірмесі берілуі керек деген талабымды қайталадым. Хатшы "Кедергі келтіріп жатырсыз" деді. Заң бойынша дұрыс әрекет етіп жатқанымды білдім. Сондықтан дегенімнен қайтпай, таңға дейін отырсам да, хаттама көшірмесін алып кетуге бел будым. Учаскеде тағы бір-бір жарым сағат жүрдім. Қолыма хаттама көшірмесін ұстатты, бірақ мөр қойылмапты. Көк мөр қоюды талап еткенімде, "Ашушаң екенсіз, түріңізден көрініп тұр" деген айыптаулар естідім. Тағы да заңды көрсетіп, бақылаушының мөр қойылған көшірме алуға хақы барын тағы айттым. Төраға мөрді қолына алып, "Нұрахмет, неге бүгін сонша уақытымды алып жатырсыз!" деп ашуланды.

"Кімге дауыс береміз?" Референдумда учаскеге келгендердің кейбірі "өзгерістерден" хабарсыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Бұл референдумды "Потемкиндік жаңа Қазақстан" деп атауға болады. Комиссия заң бұзу оқиғаларына жедел реакция білдіргенімен, Қазақстан жаңарып кеткен жоқ. Мемлекеттің ішкі құрылымы еш өзгермеген. Алда әлі жұмыс көп. Конституцияға енгізілген түзетулерден азын-аулақ өзгерістер болады. Бірақ реформалар әлдеқайда кең ауқымда жүруі керек. Сонда қаңтарда төгілген қан мен халықтың қасіреті текке кетпес еді".

Алматы мен Нұр-Сұлтандағы аумақтық референдум комиссияларының төрағалары дауыс беру процесі кезінде айқын "заң бұзу фактілері" болмағанын мәлімдеген. Астаналық комиссияның басшысы Бақыт Бектемісова Азаттыққа берген пікірінде комиссия мүшелерінің адалдығына, "Еркіндік қанаты" шағымданған бақылаушылардың әділдігіне күмәндану негізсіз екенін, учаскелік комиссия мүшелері мен бақылаушылар арасында ешқандай байланыс жоғын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG