Accessibility links

Макрон: Украина Ресеймен келіссөз өткізгені жөн


ROMANIA-NATO-UKRAINE-RUSSIA-CONFLICT-DEFENCE
ROMANIA-NATO-UKRAINE-RUSSIA-CONFLICT-DEFENCE

Кейінгі кезде сөздері Киевтің шамына тиіп жүрген Франция президенті Эммануэль Макрон Украина президенті мен осы елдің өзге де өкілдеріне Ресеймен бейбітшілік туралы келіссөз өткізетін "кез келеді" деп мәлімдеді.

Макрон бұл туралы 15 маусымда Румынияда француз әскерилерінің алдында сөйлегенде айтты. Франция сарбаздары бұл елге НАТО-ның шығыс қанатын Ресей қауіп-қатерінен қорғауды нығайту үшін орналасқан.

"Біз, еурпалықтар да келіссөз үстелі басында отыратын боламыз" деді Украинаға агрессияға тойтарыс беруге Еуропа одағы елдерінің жәрдемдесіп жатқанын атап өткен Макрон.

Бұған дейін оның Ресейді "ренжітуге" болмайтыны туралы айтқан сөзі Украинамен бірге Еуроодақ елдерінде де қатты сынға қалған. Франция президенті бұл жолы да Ресей Еуропа құрлығының бір бөлігі екенін айтып, сол пікірін қайталағандай болды.

Макрон осы жолғы сапарында Молдоваға да барады. Бұған дейін бірқатар басылымдар Макрон 16 маусымда Германия канцлері Олаф Шольц және Италия премьер-министрі Марио Драгимен бірге Киевке баруы тиіс деп хабарлаған. Макрон бұл ақпаратты терістеген де, растаған да жоқ. Франция президентінің Украинаға баратыны жайлы ресми ақпарат болмады.

Кейінгі кезде Еуропа одағында Украинаға одақ мүшелігіне кандидат мәртебесін беру мәселесі жөнінде де, сонымен бірге Ресейге қарсы соғысып жатқан Киевке қолдауды жалғастыру туралы да пікірталас айтылып жатыр. Украина билігінің өкілдері Германия мен Францияны Украинаның мүддесі есебінен Ресеймен келісім жасағысы келеді деп сынап жүр. Дәл қазір Киевтің Ресеймен бітімге келу ниеті жоқ, әуелі Ресей әскерін 24 ақпанға дейін болған жерге әкетсін деген талап қойып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG