Accessibility links

АҚШ Украинаға тағы бір миллиард доллардың қару-жарағын беретінін айтты


Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Джо Байденнің суреттерінен коллаж.
Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Джо Байденнің суреттерінен коллаж.

АҚШ Украинаға қауіпсіздік саласына жәрдем аясында тағы бір миллиард доллардың қару-жарағын бермек. Бұл туралы АҚШ президенті Джо Байден 15 маусымда Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефонмен сөйлескен кезде айтты деп хабарлады Ақ үйдің баспасөз қызметі.

Екі ел басшылары Ресейдің Украинаға басқыншылық жасап, сол елдің аумағында төрт айға жуық уақыт бойы жүргізіп жатқан соғысты талқылаған. Украина президенті еліне қолдау білдірген АҚШ-қа алғыс айтқан.

Вашингтон Украинаға көмек ретінде артиллериялық және теңіз жағалауы қорғанысы қару-жарағы мен оқ-дәрілер, қазіргі заманғы зымыран жүйелерін бермек. Қазір Донбасста қорғаныс операциясын жүргізіп жатқан украин күштері мұндай қару-жараққа мұқтаж екенін Киев бұрыннан айтып келеді.

Бұған қоса Байдан АҚШ-тың Украина халқына гуманитарлық көмекке деп қосымша қаржы бөлетінін хабарлаған.

"Біз осы соғыстің кесірінен тағдыры тәлкекке түскен украиналықтарды қолдаудан айнымаймыз. Бүгін мен Украина халқына гуманитарлық көмекке қосымша 225 миллион доллар берілеінін жариялаймын, бұл қаржы қауіпсіз ауыз су, қажетті дәрі-дәрмек пен медицина жабдықтарын, азық-түлік пен отбасыларға күнделікті қажет заттарды сатып алу үшін ақшалай беріледі" деп мәлімдеген АҚШ президенті.

Байден АҚШ Ресейдің еш себепсіз соғыс ашқанын айыптап, Украинаны қолдайды және оның егемендігі мен демократиясын, жерінің тұтастығын қорғауына жәрдемдеседі деген.

"Украина халқының ержүректігі, табандылығы мен батылдығы бүкіл әлемді тәнтті етті. АҚШ одақтастары және серіктестерімен бірге украин халқының азаттық жолындағы күресіне қолдау көрсетуді босаңсытпайды" делінген Ақ үй мәлімдемесінде.

Байден қазір Брюссельде жүрген АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остиннің Украина қарулы күштеріне халықаралық қосымша көмекті үйлестіруге күш салып жатқанын да айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG